Basty bet
ТҰРҒЫНДАРМЕН ЕТЕНЕ БАЙЛАНЫСТА
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауынан туындайтын міндеттер мен тапсырмаларды жергілікті мемлекеттік атқару органдары негізге ала отырып, тұрғындардың әл-ауқатын арттыру мақсатында жұмыс істеуде. Яғни, халықтың мұң-мұқтажына құлақ түріп, мәселелерінің шешілуіне немқұрайдылық танытпай, олармен тығыз байланыс орнатуда.
Ауданымыздағы Көкбастау ауылдық округі мал шаруашылығы дамыған округтің бірі екені белгілі. Осы орайда, ауылдың тыныс-тіршілігіне бей-жай қарамайтын, тұрғындармен бірлесе жұмыс жасайтын ауылдық округ әкімі Ержан Серкебаевпен елді мекеннің жай-күйі туралы сұхбаттасқан едік.
-Ержан Байұзақұлы, Көкбастау ауылдық округі әкімі аппаратында қанша мемлекеттік қызметкер жұмыс істейді?
-Ауылдық округ әкімінің аппаратында жеті мемлекеттік қызметкер және техникалық қызметкерлер жұмыс істейді. Мемлекеттік қызметкерлердің әрқайсысы жоғары білімді азаматтар. Мұнда Балагүл Мамбеталиева отыз жылдан аса уақыт қызмет етіп келе жатыр. Ал, қалғанының басым көпшілігі жас мамандар. Олардың әрқайсысына функционалдық міндеттер жүктелген, бөлінген міндеттерге сәйкес халыққа уақтылы қызметтер көрсетуде. «Жас келсе, іске» демекші, олар кез келген тұрғындардың өтініштеріне жауапкершілікпен қарап, шешімін табуға тырысады. Яғни, жұмыста өздерінің міндеттері мен мақсаттарын жіті түсіне біледі. Жұмыстарын уақтылы үйлестіріп, қызметтерін абыроймен атқаруда.
-Ауыл тұрғындары сіздерге қандай өтініш-тілектермен қайырылады?
-Тіршіліктің көзі – ауылда. Ал, ауыл адамдары ауыл шаруашылығының негізгі салалары мал өсірумен және егін егумен айналысады. Кейбір тұрғындар үй іргесіндегі жерлерін тиімді пайдаланып күнкөріс көзіне айналдырып отыр. Сол себепті, тұрғындарды толғандыратын мәселелерінің бірі осы саладағы өтініштер мен тілектер жиі түсіп тұрады. Олардың ішінде мал жайылымы, несие алу, субсидиялар, өзіндік қосалқы шаруашылығын жүргізу үшін жер телімдер, ауылішіне арық суының келуі тағы да басқа өтініштермен қайырылады. Тұрғындар тарапынан түскен барлық өтініштер мүмкіндігінше уақтылы шешімін табуда.
-Округке қарасты Көктөбе және Қосбөлтек ауылдарының ауызсу мәселесі көптен бері көтеріліп келе жатқан мәселе екені баршамызға белгілі. Тұрғындардың бұл тілегі қалай өз шешімін тапты?
-Көктөбе және Қосбөлтек ауылдарының ауыз су мәселесін тұрғындар жиі көтеретін. Мұны ескеріп, 2018 жылы құжаттары дайындалып, 2019 жылы аудан әкімдігінің ТҮКШ, ЖК және АЖ бөлімінің «Жуалы- Су» мекемесіне тапсырылған болатын. Ағымдағы жылы ауыл тұрғындарының сұранысына сәйкес біраз жылдар бойы ауыз су құбыры ескіргенін ескере отырып, «Жуалы- Су» мекемесімен ақылдасып Көктөбе ауылының ауыз суының жөндеу жұмысына қаржыға сұраныс жасалды. Бүгінгі таңда қаражаты қарастырылып, жұмыстар басталып кетті. Қазіргі таңда екі көшенің таза ауыз су жүйесін жүрігізу жұмыстары аяқталуға жақын, жұмыстар тоқтаусыз жүргізілуде. Сонымен қатар, 2019 жылы Теріс ауылының ауызсу жүйесінің құжаттары дайындалып, ағымдағы жылға 198 млн теңге қаржыға жұмыстар басталды.
-Ержан Байұзақұлы, Теріс ауылында мәдениет үйінің жоқ екенін білеміз. Осы ретте, мәдениет қызметкерлері тұрғындармен қалай жұмыс жасауда? Ауылдағы мәдениет ошағының мәселесі қашан шешіледі?
-Мәдениет үйі әрбір ауылда болуы керек деп есептеймін. Себебі, өнер – таусылмас қазына. Ол адамға рухани азық береді. Осы ретте, округке қарасты тек Теріс ауылында ғана мәдениет ошағының жоқтығы бізді де, тұрғындарды да мазалайды. Ауыл үлкен. Өнерлі жастардың қатары көп. Сол себепті, мәдениет үйі көптің сұранысы десек те болады. Ол үшін Бектеміс көшесінің бойындағы ескі клуб ғимаратына жобалық-сметалық құжаттары дайындалып, ол құжаттар өтпеген болатын. 2019 жылы аудан әкімі Нарбай Ергебековтың бұрынғы облыс әкімі Асқар Мырзахметовтың жұмыс алгоритмі бойынша елді мекендерде тұрғындармен кездесу өткізу барысында осы мәселе қайта көтерілді. Аудан әкімі тұрғындардың өтінішін ескеріп, ескі клуб ғимараты жөндеуге жарамай тұрғанын, оның орнына әкімшілік жанындағы «Гамбург» ЖШС теңгеріміндегі ғимаратты сатып алып, «Аула клубы» етіп қайта ашуды ұсынды. Бүгінгі күнге ғимаратты сатып алуға қаржы қарастырылды, алдағы уақытта жөндеу жұмыстары жүргізілетін болады. Клубтың жоқтығына қарамастан клуб меңгерушісі, кітапханашы өз жұмыстарын тоқтатқан емес. Олардың жұмыс орны әкімшілік ғимаратында орналасқан. Тұрғындармен тығыз қарым-қатынаста болып, іс-шаралар ұйымдастырып, мектеп залдарында өткізіледі.
-Округте екі мешіт бой көтеруде. Бұл игі істі кім жасауда және мешітті пайдалануға беру қай уақытқа жоспарлануда?
-Иә, округтегі Бақалы ауылының мешітін сол ауылдың тумасы Гүлнар Мырзахметова салдырса, Қосбөлтек ауылындағы мешітті де сол жердің тумасы Раушан Үсенованың демеушілігімен бой көтеруде. Бұл екі мешіт те ауыл тұрғындарының қуанышы. Бүгінгі күнге Қосбөлтек ауылындағы мешіттің құрылысы аяқталған. Оның ашылу салтанатын өкінішке орай елімізде болып жатқан індетке байланысты кейінге шегеріп отырмыз. Бақалы мен Теріс ауылдарының ортасындағы мешіттің құрылысы карантинге байланысты әзірге жұмыстары тоқтап тұр. Алдағы уақытта жұмыстар міндетті түрде жалғасын табатын болады.
-Жұмыс болғандықтан проблема да кездеседі. Осы ретте, сіздің салада қандай проблема бар?
-Округіміздегі кездескен проблемалық мәселелердің бірқатары шамамыз келгенінше заң аясында шешілуде. Дегенмен, округте почта меңгерушісінің жоқтығы ең түйіткілді мәселенің бірі. Ауылда почта қызметкері тұрақтамайды. Себебі, жалақысы тым аз. Ал, қазіргі таңда почта бөлімшесі жабылуға шақ тұр. Мұның салдарынан тұрғындар зейнетақысын алу үшін Нұрлыкент ауылдық округіндегі почта бөлімшесіне баруға тура келеді. Сонымен қатар, почташылар айлықтарының аздығын айтып көп шағымданады. Ал, жол жөндеу, көше жарықтандыру мәселелері жылдан-жылға өз шешімін тауып келе жатыр.
-Ауыл тазалығы үшін көріктендіру, көгеріштендіру екі айлығы аясында нендей шаруалар атқарылуда?
-Көктемгі көріктендіру, көгеріштендіру жұмыстарына сәйкес жаңадан бой көтеріп жатқан мешіт жанынан жасыл желекке жер телімдері бөлініп, биылғы жылға 600 түп жеміс ағаштары, 100 түп қараағаш, 100 түп терек-талдар отырғызылды. Дәл сондай Қосбөлтек ауылынан салынған мешіт жанынан жер беріліп тал-дарақтар егілді. Көктемгі су тасқыны, селдің алдын алу мақсатында арық-атыздар мен тоған, көпірлер тазаланды. Ең бастысы, ауылымыз таза болуы керек. Ол үшін біз бен тұрғындар жауапкершіліктерін сезінулері тиіс. Себебі, ауылдың таза болуы деніміздің сау болуы деген сөз. «Тазалық – денсаулық кепілі» демекші, әр тұрғын өз ауласынан тазалықты бастаса, онда біздің елді мекен көрікті ауылдардың қатарынан табылатыны сөзсіз.
-Сіз жас әкімдердің қатарындасыз. Жас маман, басшы ретінде ауылдың проблемасын шешу қиындық туғызбай ма? Жалпы ауыл әкімі қандай болуы керек?
– Әкімдердің ішінде жас әкімдердің қатарында болу – мен үшін қуаныш. Әкім болу, ел басқару оңай шаруа емес. Жауапкершілігі көп, міндеті жоғары жұмыс деп білемін. Өзім осы ауылдық округтің тумасы болғандықтан елді мекеннің проблемасымен жіті таныспын. Оның шешілу жолдарын алдыңғы буын ағалармен, ауыл ақсақалдарымен ақылдаса отырып қарастырамын. Қашанда жастар аға буын өкілдерінің ақылына жүгіне білгені дұрыс. Жалпы ауыл әкімі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауынан туындайтын міндеттер мен тапсырмаларды негізге ала отырып жұмыс жасауы керек. Сондай-ақ, азаматтардың барлық сындарлы өтініш-тілектері жедел әрі тиімді қарастыратын «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыратын білімді әрі білікті, елді тыңдай білетін, ұйымдастыру қабілеті жоғары азамат болуы керек деп ойлаймын.
-Әңгімеңізге көп рақмет! Жұмыстарыңызға сәттілік пен табыс тілеймін.
Сұхбаттасқан
Айгүл Қалымханқызы,
«Жаңа өмір»