Basty bet

Адал еңбегімен абыройға бөленген азамат

«Кезінде кең-байтақ елімізде еңбегімен де, ақыл-парасатымен де өз мамандығының қыр-сырын қапысыз меңгерген аға-апаларымыз болды. Олардың бірталайы қазір де Отанымыздың дамып, өркендеуіне шынайы ақыл-кеңестерімен елеулі үлес қосуда. Өз кезеңінде дала академиктері атанған еңбек қаһармандары Шығанақ Берсиев, Жазылбек Қуанышбаев, Ыбырай Жақаев, Нұрмолда Алдабергенов, Ұлбала Алтайбаева, Сәлима Жұмабекова, Зылиха Тамшыбаева, Кәмшат Дөненбаева, Жолсейіт Молдасанов секілді жүздеген үздіктер елдің даңқына даңқ, абыройына абырой қосып, жастарымыз еліктейтін ерен тұлғаларға айналды. Бұлар өз мамандығының топжарғандары еді. Олардың қай-қайсысы да еңбегі мен ақыл-парасаты қатар тоғысқан жандар болатын. Бүгінгі күні олардың игі істерін, іргелі жолын жалғастырып келе жатқан келесі толқын да осы биіктен көрінуде. Бұл толқын жалғаса, жаңара береді». Еліміздің Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы дала ұлағаттары» деп аталатын құнды еңбегінде жазылған осынау құнды пікірлерді оқи отырып, еріксіз ойға қаласың. Сонау кеңестік кезеңде еңбек адамдарының қадірі бүгінгіден де жоғары бағаланғанын анық байқайсың. Ата көргеннің ақылы артық, еңбектің қай қоғамда болсын жоғары мәнге ие екеніне көзің жете түседі. Сайып келгенде, қандай жетістікке жетсең де, қандай биікке көтерілсең де оған тек еңбек ету арқылы ғана жететінің анық аңғарылады. Әлбетте, бойында адами қасиеті жоғары, өмірге деген көзқарасы дұрыс адамның бұдан басқа таңдар жолы болмақ емес. Қасиетті Әулиеата өңірі, жыр дүлділі Жамбыл ақынның атымен аталатын облыстың азаматтары да Кеңес дәуірінде еңбектің ерен үлгісін көрсетіп, еліміз бен жерімізді Одақ көлеміне, қала берді дүние жүзіне паш етті. Сол арқылы өздері де құрмет пен сыйға бөленді. Айта кетсек, сол тұста бір ғана Талас ауданының өзінен 70-тен астам Социалистік Еңбек Ерлері шықты. Біздің ауданның да азаматтары еңбектің ерен ерлеріне бағаланып, ел дамуы, ұрпақ болашағы жолында аянбай еңбек етіп, жарқын болашақ үшін тер төкті. Сол тұстағы қайнаған еңбек майданының бел ортасында қазіргі Ақбастау ауылының тұрғыны Рахманберді Көшербаев та бар еді…
Рахманберді Көшербаев 1938 жылы бұрынғы Бақатей селолық кеңесінде дүниеге келген. Қарапайым шаруа отбасында туған ол 1955 жылдан бастап колхоз жұмыстарына белсене араласып кетеді. Келмеске кеткен кеңестік кезеңде әр ауылдың халқы ұжымшарларда, колхоз-совхоздарда жұмыс істейтін. Сол кездегі талап пен тәртіп солай болды ма, көшеде сенделіп бос жүрген ешкім болмайтын. Жастайынан мал баққан шаруа отбасында өскен біздің кейіпкеріміз белді бекем буып, 1960 жылы Карл Маркс совхозына шопан болып жұмысқа қабылданады. Рахманберді ата отанасы Бейсенкүл апа екеуі аталған совхозда табан аудармастан 1993 жылға дейін еңбек етеді. Біз жақында Ақбастау ауылына жолымыз түсіп, еңбек ардагерінің шаңырағында болып, әңгімелескен болатынбыз. Амандық-саулық сұрасқан соң Рахманберді ата бізге өзінің еңбек жолы туралы айтып берді.
-Біз қиын-қыстау кезеңде өмірге келген ұрпақпыз,- деп бастады әңгімесін Рахманберді ақсақал. – Заман қиын болды. Көп ұзамай-ақ соғыс басталып кетті. Балалығымыз сол кезеңде өтті. Мен әкемнен сегіз жасымда айырылдым. Соғыс жылдарындағы ауыр жүктің салмағы жас бала болсақ та біздің иығымызға да түсті. Қабырғамыз қатпай жатып, еңбекке ерте араластық. Біздің буын осылай шынығып, ширығып ер жеттік. Алла нәсіп етіп, 1962 жылы Бейсенкүл апаларыңмен шаңырақ көтердім. Сөйтіп, бірден еңбек майданына араласып кеттік. Бұрынғы Карл Маркс совхозында 40 жылға жуық шопан болып еңбек етіп, зейнетке шықтым. Өмірдің ыстық-суығы, қиыншылығы мен қызығы, жақсылығы мен жамандығы қатар жүретіні сияқты біздің де отбасының басынан бірқатар оқиғалар өтті. Қиыншылық та болды. Бірақ бәрін табандылықпен, сабырмен жеңіп шықтық. Совхозға шопан болып кіргенде алғашында бойдақ мал бақтым. Содан соң совхоз басшылығы маған бір отар саулық қойды сеніп тапсырды. Өз алдымызға қой алған соң көмекші тағайындады. Қой төлдету науқанында сақпаншылар да келіп көмектесіп тұратын. «Мал өсірсең, қой өсір, өнімі оның көл-көсір» демекші, қой баққаннан жаман болған жоқпыз. 100 саулықтан 122-ге дейін қозы алып, жоспарды артығымен орындаған кезіміз болды. Өмірде өздігінен ештеңе болмайды. Бәрі аянбай еткен адал еңбектің арқасы. Жас отбасыларға айтарым, еңбек етіңдер, сонда ғана абыройлы, сыйлы боласыңдар,- дейді еңбек ардагері Рахманберді ақсақал.
«Бақытыңды басқадан емес, балаңнан ізде» демекші, ақбастаулық Көшербаевтар отбасы өнегелі шаңырағында тоғыз ұл-қызды тәрбиелеп, өсірді. Балалардың сегізі қыз болса, біреуі ұл. Үйдің тұңғышы Бибігүл қазіргі таңда аудан орталығында №15 мектеп-лицейінде директордың құқықтық тәрбие ісі жөніндегі орынбасары болып қызмет атқарса, Ботагөз Қаратау қаласында балабақшада бухгалтер, үшінші қыз Қаракөз де облыс орталығындағы іргелі мектептердің бірінде мұғалім болып еңбек етеді. Одан кейінгі қыздары Зәуреш, Ұлбике, Майгүл, Нұргүл, Жұлдыз бүгінде өмірден өз орындарын тауып, еліміздің әр өңірінде таңдап алған мамандықтары бойынша жемісті еңбек етіп келеді. Ал жанұяның жалғыз ұлы Алмаз Рахманбердіұлы қара шаңырақтың иесі. Ақбастау ауылындағы №16 Жуалы колледжінде көп жылдан бері өндірістік оқыту шебері болып жұмыс істейді. Алмаз ағаның зайыбы Айжан Қарабаева да ауыл мектебінде мұғалім. Ерлі-зайыптылар отбасында төрт бала тәрбиелеп отыр. Осы ретте Көшербаевтар жанұясының келіні Айжан апайдан атасы мен апасының жақсы қасиеттері туралы айтып беруін өтінген едік.
-Осынау қасиетті қара шаңыраққа келін болып түскеніме жиырма жылдан асып барады. «Қариясы бар үйдің – қазынасы бар» демей ме дана халқымыз?! Атамыз бен апамыз келген күннен бастап мені бауырына басып, өмірден көрген-түйген ақыл-кеңестерін құлағыма құюмен келеді. Құдайға шүкір дейміз, отбасымызда екі қариямыз бар. Екеуі де ағайын-туысқа, ауыл-аймаққа өте сыйлы кісілер. Атамыз бен апамызға өмір беріп, ортамызда аман-есен жүре берсін деген тілегімді де жеткізгім келеді. Әулетімізде 20-дан аса немере, үш шөбере өсіп келеді. Қара шаңырақта отағасы Алмаз екеуміз төрт бала тәрбиелеп отырмыз. Оның екеуі ұл, екеуі қыз. Тұңғыш қызымыз Назым Рахманберді бүгінде Алматы қаласындағы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде ақпараттық технология мамандығы бойынша білім алып жатыр,- дейді ол.
Еңбегімен елеулі болған өнегелі де мерейлі Көшербаевтар жанұясының отағасы Рахманберді ата бірқатар мерекелік медальдармен марапатталған. Әйтсе де, ол үшін 1980 жылы шопанның еңбегіне мемлекет тарапынан берілген «Қазақ ССР-ның еңбек сіңірген ауыл шаруашылығы қызметкері» құрметті атағының шоқтығы биік, орны бөлек деуге болады. Еңбек ардагерінің айтуы бойынша, сол тұста мұндай құрметті атақты алу мәртебесі біздің ауданда үш-ақ азаматқа бұйырған екен. Озат шопан одан бөлек, бірнеше жыл қалалық, аудандық советтердің депутаты болып сайланған. 1987 жылы арнайы жолдамамен Болгария Республикасына саяхаттап та келген екен. Ал тоғыз баланы дүниеге әкелген Бейсенкүл апа «Батыр ана» және «Алтын алқа» алқасын иеленген ардақты ана.
«Ақырын жүріп, анық бас, еңбегің кетпес далаға», «Адал еңбекпен мал іздемек – ол арлы адамның ісі» деп хакім Абай Құнанбайұлы өсиет еткендей, адал еңбек ұғымы қашанда адам бойындағы асыл қасиеттерді одан сайын ізгілендіре түсетіні анық. «Отан отбасынан басталады» деген. Осы тұрғыда қазақы дәстүрлер мен отбасылық құндылықтарды сақтап қалған әрі дәріптеп келе жатқан еңбек майталмандары Рахманберді ата мен Бейсенкүл апа қандай құрметке де лайық жандар. Ақырын жүріп, анық басқан, адал еңбекпен ғана мал тапқан, ұрпағының бойына адамдық Һәм адалдық қасиеттерін берік сіңіріп келе жатқан ақбастаулық Көшербаевтар жанұясы қай жағынан алып қарасақ та қоғамға үлгі, мемлекетке мықты тірек болып қала беретіні хақ.

Нұржан МАНАСҰЛЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Check Also

Close
Close