Basty bet

Парасыз қоғам – ұлт болашағы

Сыбайлас жемқорлық – қоғамда тамырын тереңге жайған дерттің бірі. Бұл дертпен жаппай күресу үшін мемлекет тарапынан заңдар қабылданып, іске асырылуда. Яғни, әр адам жемқорлыққа жол бермеуге біркісідей атсалысуы керек. Әсіресе, еліміздің ертеңі саналатын жастарымыз бұл дертпен күресуді жете түсініп отыр. Жастардың бойына жаман әдеттен аулақ болуды саналы түрде сіңіре білсек, тамыры терең жайылған қасіреттің жойылуына өз үлестерін қосатыны сөзсіз.

Осы орайда, жақында балалар кітапханасында мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыру мақсатында және Жастар жылы аясында аудан әкімінің аппараты мен «Жастар ресурстық орталығының» бірлесіп ұйымдастыруымен жас мамандар арасында «Парасыз қоғам – ұлт болашағы» атты пікірсайыс турнирі өтті.
Турнирдің мақсаты – жастар арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру, тапқырлық, логика, шешендік өнерді, пікірсайыс ойындарын жастар арасында насихаттау, ауданда пікірсайыс ойындарын кең көлемде дәріптеу.
Пікірсайысқа Көкбастау ауылдық округі әкімі аппаратының қызметкерлері, Т.Тастандиев атындағы орта мектептен, №29 орта мектебінен, «Самұрық» жастар фракцияларынан жас мамандар мен ерікті жастар қатысты.
Топ екі ойыншыдан тұрды, турнир АПФ форматында және «Сыбайлас жемқорлықты жою үшін әр адам өзінен бастау керек» деген тақырыпта болды. Жас мамандар сыбайлас жемқорлықтың алдын алу шараларын, онымен күресудің жолдарына мысал келтіре отырып, өзара ой бөлісті.
Жас мамандар арасындағы аудандық пікірсайысқа Жахан Орынбаев төрешілік етті. Шара қорытындысында I орын Көкбастау ауылдық округі әкімі аппаратының қызметкерлері иеленсе, II орын Т.Тастандиев атындағы орта мектептің жас мамандарына бұйырды. Ал, жеңістің үшінші тұғырынан №29 орта мектебінің мамандары көрінді. Сонымен қатар, «Үздік төреші» және «Үздік спикер» номинацияларымен Ілтипат Кеңес пен Жадыра Қуантай марапатталды.
Жеңімпаздарға «Жастар ресурстық орталығы» директорының міндетін атқарушы Мейіржан Телеушов қатысушы құрама фракцияларға диплом және бағалы сыйлықтар табыстады. Сондай-ақ, ол турнирге қатысуға ниет білдірген мемлекеттік және азаматтық қызметкерлерге алғыстарын білдірді.

Айгүл Қалымханқызы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Check Also

Close
Close