Basty bet
Электрмен жабдықтау жүйесіне қалай қосылуға болады?
Шынында да, электрмен жабдықтау жүйесіне қалай қосылуға болады? Қазіргі таңда бұл мәселеге қатысты көптеген тұрғындардың алаңдаушылығы артып, өте өзекті болып тұр. Осы және өзге де сұрақтарға Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігі Атомдық және энергетикалық қадағалау және бақылау комитетінің Жамбыл облысы бойынша аумақтық департаментінің басшысы Ерікбай Нармұратов газет тілшісімен сұхбат барысында жауап береді.
– Ерікбай Әзіреткұлұлы, электрмен жабдықтау жүйесіне қосылуға байланысты негізгі ережелерін түсіндіріп берсеңіз. Жаңартудың құны қанша, неше күнде алады, мәселен, техникалық шарт?
– Электр энергиясын пайдалану қағидаларының 13 тармағына сәйкес энергия беруші немесе энергия өндіруші ұйым тұтынушыдан еркін нысандағы өтінішті алғаннан кейін 5 (бес) жұмыс күні ішінде тұтынушымен теңгерімдік тиесілігін мен тараптардың жауапкершілігін ажырату актісі мен жаңа немесе жаңартылған электр қондырғыларын қосуға техникалық шарттар береді.
Салынып жатқан объектілерді электрмен жабдықтау үшін тұтынушыға құрылыс кезінде уақытша техникалық шарттар беріледі.
Техникалық шарттарды энергия беруші ұйымның электр желілеріне қосылуға мүмкіндігі болғанда жасайды.
Ал егер электр желілерге қосылуға мүмкіндігі болмаса, техникалық шарттар, жобаланатын желілердің иесімен техникалық шарттар келісілгеннен кейін жобаланатын желілерден беріледі.
Техникалық шарттарды беру және қайта ресімдеу үшін төлем алынбайды.
– Тұтынушылардың электр қондырғыларына кернеу беру қандай тәртіппен және мерзімде жүргізіледі?
– Ол біріншіден құрылыс-монтаж ұйымы (заңды тұлғалар үшін) немесе тұтынушы (жеке тұлғалар үшін) энергия беруші ұйымға, техникалық шарттардың орындалуы және электр қондырғыларына кернеу беруге дайындығы туралы, құжаттарды қоса бере отырып хабарламаны (еркін нысанда) жазады.
Екіншісі, энергия беруші ұйым. Ол хабарламаны алған күннен бастап екі жұмыс күні ішінде, сыртқы қосылуды және орындалған жұмыстардың берілген техникалық шарттарға сәйкестігін тексереді; хабарламаны алған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде тұтынушылардың электр қондырғыларына кернеу беруді, есептегіш пломбаланған соң жүргізеді, пломбалау актісін береді; есептегішті пломбалау актісі берілген күннен бастап екі жұмыс күні ішінде, энергиямен жабдықтаушы ұйымға тұтынушылармен электрмен жабдықтау шартын жасау үшін құжаттарды жібереді.
Энергия беруші ұйым электрмен жабдықтау шартына қол қойылған күннен кейінгі 1 (бір) жұмыс күнінің ішінде тұтынушының электр қондырғыларына кернеу жібереді.
Осы Қағидаларда көрсетілмеген құжаттарды талап етуге тыйым салынады.
– Электр энергиямен жабдықтаушы ұйымдарға негізгі сұрақтар шағын және орта бизнес өкілдерінен келеді. Осы ретте кәсіпкерлерді нендей жаңа енгізулер қуанта алады?
– ҚР-да электрмен жабдықтауға қосылу бойынша қазақстандық бизнестің жағдайын жақсартатын маңызды реформалар жүзеге асырылған, заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.
Атап айтқанда, Электр энергиясын пайдалану қағидаларына сәйкес, электрмен жабдықтау желілеріне қосылу үшін техникалық шарттарды беру мерзімі қысқартылды.
Құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізуге рұқсат алу қажеттігі алынып тасталды.
Енді жобалаушыға, сәулет-құрылыс бақылау басқармасына жұмыстардың басталуы жөнінде электрондық нысанда хабарлама жіберуі жеткілікті.
Сонымен қатар, электр желілеріне қосылуға – мемлекеттік энергетикалық қадағалау мен бақылау органынан рұқсат алу қажеттігі алынып тасталды.
Энергиямен жабдықтаушы ұйыммен электрмен жабдықтауға арналған шартты жасасудың апталық мерзімі үш күнге дейін қысқартылған.
– Ашық әңгімеңіз үшін рақмет!
Сұхбатты жүргізген
Абылайхан СӘРСЕН,
«Жаңа өмір»