Basty bet

Жарық әлем жауһары – жасыл желек

«Атадан мал қалғанша, тал қалсын», «Бір тал кессең, он тал ек» қағидасын ұстанған халқымыз үшін тал егу – маңызды істердің бірі.
Барша жұртты жұмылдыратын тал егу жұмысы арқылы жастардың табиғат-анаға, күллі жаратылысқа деген ықыласын оятып, адам баласының табиғатпен үйлесімді түрде дамитынын ұғындыру.
Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесі қарсаңында «Алас күніне» орай аудан орталығындағы «Мәңгілік ел» саябағында аудан әкімі Нарбай Ергебеков бастаған аудан басшыларының қатысуымен тал егу шарасы өтті.
Игі шараны аудан әкімі Нарбай Әбілқасымұлы ашып, жиналған көпшілікті Наурыз мейрамымен құттықтады.
-Тал егу – бұл үлкен сауап іс. Сондықтан бұл жәй жарнама үшін атқарылмау керек. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Жасыл белдеу» бағдарламасын бекер қолға алып жатқан жоқ. «Жасыл белдеу» – Отанымыздың гүлденуі үшін, ұрпағымыз үшін жасалып жатқан мәңгілік мұра.
Наурыз мерекесі – молшылықтың, бірліктің, еңбектің, тазалықтың мерекесі. Сондықтан тал егу дәстүрі осы мереке қарсаңында жүзеге асады.
Айналамыздың тазарып, гүлденіп тұрғаны сіз бен біздің ортақ абыройымыз. Ол біздің жер-анаға деген құрметіміздің, өзіміздің мәдениетіміздің қаншалықты екенін көрсетеді. Сондықтан тазалықты, гүлдену мен көркеюді әрқайсымыз өзімізден, сөзбен емес, іспен бастайық. Әрбір істің жақсылығынан өзімізге сабақ алайық.
Қасиетті Жуалының топырағы шыбық шаншысаң, өніп шығатын құнарлы. Сол себептен Баукеңдей, Шерағаңдай қазақтың мақтанышына айналған азаматтарымыздың туған жері деген атқа кір келтірмейік. Адал еңбек етейік.
Алда келе жатқан Наурыз мейрамы құтты болсын! Ақ мол болсын!- деп игі тілегін білдіре келіп, аудан басшысы өзі бастап емен ағашының көшетін отырғызды.
Аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Сейітхан Жұмашев та жұмысын осындай сауап істен, игі бастамадан бастаған ауданның жаңа әкімі Нарбай Әбілқасымұлының жұмысына сәттілік тілеп, жиналған көпшілікті мерекелерімен құттықтады.
Шараға жиналған мекеме басшылары мен қызметкерлері алаңға 60 дана емен көшетін отырғызды.
Перизат Шымыртайқызы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close