Basty bet
Аудан әкімі Нарбай Ергебековтың құттықтауы
Құрметті жұлдызы биік жуалылықтар!
Қадірменді жерлестер!
Сіздерді Отан қорғаушылар және Ұлы Жеңіс мерекелерімен шын жүректен құттықтаймын! Жыл сайын аталып өтілетін бұл айтулы даталар – қазақстандықтардың барлық буынын біріктіретін шын мәніндегі жалпыхалықтық мейрамдар.
«Біздің елімізде соғыстың зардабын тартпаған бірді-бір семья жоқ» деп халқымыздың қаһарман перзенті, қасиетті Жуалы жерінің жұлдызын биіктеткен аса ірі тұлға, даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлы айтқандай, соғыстың салған жарасы әлі де толықтай жазыла қойған жоқ. Биылғы жылы Ұлы Жеңіске 75 жыл толып отыр.
Жеңіс күні – тарихи естеліктер жаңғырып, болашақ ұрпаққа бейбіт күннің қадір-қасиетін өсиет ретінде жеткізетін күн. Бұл мейрам еліміздің ертеңі үшін жанын пида еткен қаһарман аға-апаларымыздың ерліктерін еске түсіреді. Жеңіске жету жолында аянбай еңбек етіп, майдандағы жауынгерлерді әскери техникамен, азық-түлікпен және киім-кешекпен қамтамасыз еткен тыл еңбеккерлерінің де зор үлесін ұмытпауымыз керек. Майданға жолданған 10 оқтың тоғызы қазақстандық қорғасыннан құйылғаны баршаға аян.
Уақыт өткен сайын кешегі күндей күркіреп өткен сұрапыл соғыстың дүрбелең оқиғалары да әлсін-әлсін алыстап барады. Бірақ қаншалықты алыстағанмен соғыс жарасы көңілдерден кетіп, жүректерден өшпек емес. Өйткені ол соғыс қаншама ұрпақты қайғы-қасіретке душар етіп, өмірлерін өксітті. Сол соғысты майданның алдыңғы шебінде жүріп басынан өткергендер де, солардың тілеуін тілеп тылдағы бар ауыртпалықты иығымен көтерген еңбеккерлер де, соғыста ата-анасынан айырылып, жетімдік қасіретін тартып өскендер де бүгінде арамызда жүр.
Жыл сайын мамыр айының 9-шы жұлдызында сол сұрапыл соғыстағы Ұлы Жеңіс күні айрықша аталып өтіледі. Ол жалпыға бірдей халықтық мереке болғанымен, бұл күні әсіресе, Жеңіс үшін қолдарына қару алып, майданның алдыңғы шебінде қанқұйлы жаумен шайқасқа түскен соғыс ардагерлеріне көрсетілер құрмет айрықша болмақ.
Қаншама боздақтар ұрыс даласынан қайтпай қалды. Арын – байрақ, намысын – найза еткен ерлердің қаһармандығы аңызға айналды. Осы қасиетті күні адалдық пен еліне деген жанқиярлықтың үлгісін көрсеткен қаһармандар рухының алдында бас иіп, тағзым етеміз. Уақыт өз дегенін жасайды. Жыл өткен сайын бізге бейбітшілік пен Ұлы Жеңісті сыйлаған ардагерлеріміз бен тыл жұмыстарында аянбай тер төккен аға буын өкілдерінің қатары сиреп барады. Оларға көзі тірісінде құрмет жасау – біздің қасиетті парызымыз.
Бұл күн – қан майданда парыз бен намысты алға ұстаған, елі мен жерінің бостандығы үшін жан аямай, жауға төтеп берген, табанды да қайсар мінезді жауынгерлеріміздің және тылда тынымсыз еңбек еткен ағаларымыз бен апаларымыздың ерен ерлігінің, биік рухының мерекесі.
Ұлы Жеңістің 75 жылдығына орай Ұлы Отан соғысына қатысқан аудандағы көзі тірі екі ардагерге, сонымен қатар, тыл еңбеккерлеріне мемлекет және аудан басшылығы тарапынан сый-құрмет көрсетіледі. Ұлы Жеңісті жақындатуға отандастарымыздың тылда қосқан еңбегі өлшеусіз. Ағалардың ардақты ісін бүгінгі күні кейінгі ұрпақ лайықты табыстармен жалғастырып келеді.
Отан қорғаушылар күні мен Жеңіс мерекесінің қатар келуінің тарихи терең мәні бар. Бұл екінші дүниежүзілік соғыстағы жеңімпаздардың әскери дәстүрі мен Отан қорғаушылардың қазіргі буынының сабақтастығын білдіреді. Аталарымыз бен әкелеріміздің озық дәстүрлерін жадымызда сақтау, жаңғырту, кейінгі ұрпаққа оларды үлгі ету – біздің қасиетті борышымыз.
Қадірлі жерлестер!
Қатар келген қос мереке Отан қорғаушылар мен Ұлы Жеңістің 75 жылдығымен баршаңызды құттықтай отырып, елімізге бейбіт өмір, шаңырақтарыңызға шаттық, бақ-береке тілеймін.