Basty bet

Тұқым сапасына мән беретін кез келді

Өткен жылдан бастап Жамбыл облысының жергілікті атқарушы орган басшыларының арнайы жұмыс алгоритмі бекітілген болатын. Осыған сәйкес аудан әкімі Нарбай Ергебеков өткен аптада Теріс аймағындағы көкөніс өндірумен айналысатын шаруа қожалықтарының өкілдерімен жүздесіп, «Гамбург» ЖШС-нің жүгері алқабын аралап, шаруашылықтың жаңадан салынған сүрлем шұңқырын көрді.

Өңір басшысы алдымен Нұрлыкент ауылдық округінің Нұрлыкент ауылына кіреберісте орналасқан «Әбдіхалық» ШҚ-ның қырыққабат плантациясына аялдады. Алқап басында өткен кездесуге осы аймақтағы жер баптаған диқандар, аудан әкімінің орынбасары Әбдікерім Үркімбаев, аудан әкімдігінің ауыл тіршілігіне қатысты тиісті сала басшылары, ауыл тұрғындары қатысты.
Кездесуге келген шаруалар «Әбдіхалық» ШҚ-ның көкөніс плантациясындағы қырыққабаттың өсу барысын, күтімі мен суғарылу жайын көзбен көрді. Шаруашылық басшысы Әлімхан Байғұтов көкөніс баптаумен 15 жылдан бері шұғылданады екен. Суғармалы алқапта бір гектар қырыққабат жайқалып өсіп тұр. Одан бөлек 1,8 соттық жерге сәбіз, 10 соттық жерге қызанақ отырғызылған, там-тұмдап қызылша да бар. Қарсаңда суғарылған алқап басында өзі мен көмекшісі екеуі арамшөпті қолмен отап жүр екен.
Аудан әкімі Нарбай Әбілқасымұлы өңірдің ауыл шаруашылығындағы жағдайын, орақ барысын әңгімелей келе, шаруаларға өнімді әртараптандыруға бет бұру, тұқымның сапасына, тиімділігіне мән беру қажет екенін айтты.
– Бүгінде ауданда егін орағы қызу жүріп жатыр. 37,4 мың гектарға егілген ақ егістің 71 пайызы бастырылды. Егін орағына 123 комбайн және басқа да арнайы техника тартылған. Ауданда егін және мал шаруашылығы басымдыққа ие, дегенмен басқа да дақыл түрлерін өсіруге мамандануымыз қажет. Нұрлыкент өңірі соңғы жылдары көкөніс түрлерін баптауға машықтанып келеді.
Қазір тұқымның сапасы мен өнімнің тиімділігіне мән беретін кез. Біз жаппай ақ егіс салуға дағдыланғанбыз. Оның тиімділігін елеп-екшеп жатқан кім бар? Бұл ақшаны арзан пайызбен банкте ұстағанмен бірдей. Азын-аулақ пайдасына малданамыз. Суғармалы алқаптарда неге басқа дақылдарды егіп байқап көрмеске? Мәселен, 100 гектар жерге арпа сепкеннен гөрі, 5 гектарға картоп немесе қырыққабат еккен тиімді емес пе? Қазір бұл дақылдарды өткеруден ешқандай проблема жоқ. Мемлекет өзі сатып алады. Диқанның оны «Тараз» ӘКК арқылы облыс орталығындағы ірі сауда желілеріне өткеру мүмкіндігі бар. Корпорация өкілдері өңірлерге арнайы сапармен шығып, өндіріс әлеуетін зерделеуде, – деді Н.Ергебеков.
Аймақ басшысының айтуынша, өңірде суғармалы алқаптар көлемі жылдан- жылға артып келеді. Бүгінде ауданда 8 708 гектар суғармалы жер болса, бұл облыс аудандары арасындағы ең төмен көрсеткіш. Соңғы жылдары өңірде су қорының азаюы байқалуда. Климаттың жылынуы салдарынан тауларда мұз тоңдары еріп, жауын-шашын да жылдағы нормадан аз түсуде. Сондықтан су үнемдеу технологиясына көшу қажет.
«Ер Шабай» шаруа қожалығының басшысы Баймұқан Исламов көкөніс баптаудағы өз тәжірибесімен бөлісе отырып, ала жаздай еңбек еткен шаруалардың күзде өсірген өнімін өткеру кезінде қатты қиналатынын айтты. Сөз соңында «Корпорация өкілдері әр ауылда өздерінің өнім қабылдау пункттерін ашса дұрыс болар еді. Сонда шаруалар сенімді болар еді» деген ұсынысын білдірді.
Аудан әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Рақымғазы Құниязов шаруаларға сапалы тұқым мен тыңайтқыш алудың тәртібі мен жеңілдіктері туралы түсініктеме берді.
Нарбай Ергебеков одан кейін өңірдегі ең ірі шаруашылықтың бірі – «Гамбург» ЖШС жүгері алқабына келді. Шаруашылық соңғы жылдары сауын сиырдың басын арттырумен қатар, шабындықтар менегіс алқаптарына заманауи су үнемдеу технологиясын орнатумен шұғылдануда. Соның арқасында биыл алқаптан екі мәрте өнім алуға қол жеткізіп отыр. Ауданда жалпы 1600 гектар тамшылатып суғарылатын алқап болса, оның 1250 гектары «Гамбург» ЖШС-не тиесілі.
Серіктестік басшысы Егор Кох жақсыны көрмекке келген аудан басшыларына өткен күзде бұл алқапқа күздік қарабидай себілгенін, оны жинап алып, сүрлемге пайдаланғанын, артынша жүгерінің жылдам пісетін «Почаиская скороспелка» сұрыбын сепкенін айтты. Бір ай бұрын себілген жүгері қазір әжептәуір бой көтеріп, собық байлап қалған. Бұйырса, алдағы бір айда оны оруға кірісетініне сенімді (суретте). Сол кезде жүгерінің қай мақсатқа: сүрлемге немесе басқалай мал азығына жұмсалатыны шешілмек.
Егор Егорович өзінің ішкі есебіне мығым, пайдасына жүйрік. Жүгеріні ору мерзімі туралы әңгіме болғанда аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Рақымғазы Құниязовпен бәстесіп те қалды.
Жалпы шаруашылықтың 4 500 гектар жерінің бәрі жыл он екі ай айналымда. Дәл қазір жүгерімен жапсарлас жатқан арпа алқабы орылып, өңделуде. Оған малдың көңі шашылып, тыңайтылуда.
(Соңы. Басы 1-бетте)
Аудан әкімі Нарбай Әбілқасымұлы әрі қарай Көкбастау ауылдық округіндегі «Ержан» ШҚ-нің Теріс өзенінің аңғарына орналасқан егіс алқабына тоқтап, шаруашылықтағы егін орағының барысын көрді. 26 гектар алқаптың астығын екі «Енисей 1200 нм» маркілі комбайн шашаусыз жинап жатыр. Тіркеуге алынған тіркемеге сабан тиелуде. Өнімділік гектарына 13-15 центнерден айналуда.
* * *
Осы күні аудан әкімі Нарбай Ергебеков жұмыс алгоритмі аясында Мыңбұлақ өңірінің жер баптаған диқандарымен де дәл осындай кездесу өткізді. Шаруаның жайы туралы мүдделі пікір алмасу Көлбастау ауылының іргесіндегі «Ринат» шаруа қожалығының картоп алқабында өрбіді.
Шаруа қожалығы құрылғаннан бері «екінші нанды» баптап-өсірумен щұғылданып келеді. 10 гектар алқапқа картоптың элиталық сұрыбы отырғызылған. Үш мәрте суғарылған дақыл бой алып, жақсы пісіп-жетіліп келеді.
Диқандар өсіп тұрған дақылдың бір түбін тәжірибе ретінде қазып көрді. Майда топыраққа біткен бір тамырдан он шақты түйір қазып алынды. Жұқа қабық байлап та үлгерген. Түн салқыны түскеннен қазық басталғанға дейін түбірлері әлі де ұлғаяды.
Алқап басында дақылдың тұқымын таңдаудан бастап, өсіріп-баптау, зиянкестермен күрес, жинау, сақтау және өткеру және т.т. дейінгі арадағы сан салалы технологиялық тізбектің түйіні тарқатылды. Аудандағы тәжірибелі картоп өсіруші «Зылиха» ШҚ басшысы Керімқұл Бегалиев және басқалар өзінің пайдалы кеңестерімен бөлісті.

Суреттерді түсірген
Сәбит КҮЗЕМБАЕВ
«Jańa ómir»

Абылайхан СӘРСЕН,
«Jańa ómir»

Таңдаулы материалдар

Close