Basty bet
Халықтың табысын сақтау – басты міндет
Қазақстан Республикасы Парламенті Палаталарының бірлескен отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған кезекті Жолдауын жариялады.
Жолдауда Президент әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты, жұмыс орындарын және халықтың табысын сақтап қалу қазіргі күрделі жағдайда мемлекеттің алдында тұрған басты міндет екенін баса айтты. Ол осы ретте дағдарысқа қарсы жедел шаралардың екі топтамасы қабылданғанын алға тартты.
Президент уақытша табыссыз қалған 4,5 миллионнан астам азаматтың 42 500 теңге мөлшерінде көмек алғанын, бұған 450 миллиард теңгеден астам қаражат жұмсалғанын, 1 миллионнан астам адамға азық-түлік және тұрмыстық заттар қоржыны берілгенін, Елбасы – «Nur Otan» партиясы төрағасының бастамасымен 550 мыңнан аса отбасы «Біргеміз!» қорының қолдауымен бір жолғы қаржылай көмекке ие болғанын жеткізді.
«Мемлекет тарапынан әлеуметтік саладағы және экономиканы қолдауға бағытталған барлық міндеттемелер орындалатын болады. Бұл мақсатқа Ұлттық қордан 1 триллион теңге бөлінуде. Әлеуметтік төлемдерді индексациялау жұмысы жалғасын табады. Осы бағытта 2023 жылға дейін шамамен 1 триллион теңгеден астам қаржы бөлу жоспарланып отыр» деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Гүлайна СЕЙДАЛИЕВА,
аудан әкімдігі халықты жұмыспен қамту орталығының маманы