Basty bet
Қызметке адал болуға шақырды
Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметовтың 2019 жылдың 13 наурыздағы өкіміне сәйкес жергілікті атқарушы органдардың жұмыс алгоритміне сай аудан әкімі Нарбай Ергебеков ауыл-аймақтың тыныс-тіршілігімен, әлеуметтік жағдайымен танысуын жалғастырды. Бауыржан Момышұлы ауылына тығыз кестемен шыққан аудан әкімі білім ошақтарын аралаудан бастады. Аудан әкімі №1 және №19 Д.Қонаев атындағы мектеп-гимназияларда, №15 мектеп-лицейінде, №29 орта мектебінде болды. Мұнда мектеп директорлары аудан әкіміне білім ошақтарының ішкі жұмысы және өзекті мәселелері туралы айтты. Атап айтар болсақ, №1 мектеп-гимназияға оқу шеберханалары мен акт залы керек. Ал, №19 мектеп-гимназия күрделі жөндеуден өткен болатын. Алайда, қазіргі таңда төбесінен су ағатындықтан шатырын ауыстыру қажеттігі туындап отыр.
Келесі кезекте №15 мектеп-лицейінің директоры Құрыш Сыдығалиев ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілген спорт залын көрсетті. Сонымен қатар, мектептің қасбетіне күрделі жөндеу жұмыстары қажет ететіндігін жеткізді. Аудан әкімінің №29 орта мектепке сапарында Мұхамеджан Бейшенов мекеменің жалпы жағдайын түсіндіріп өтіп, ұжымның жұмысымен таныстырып, балалардың білім алуларына қажетті нысандарды көрсетті. Мектепте аудан әкімі мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған инклюзивті кабинеттің қызметкерлерімен кездесті. Қызметкерлер аудан әкіміне бұл кабинеттің ашылу мақсаты балаларды ортаға бейімдеу екендігін және бүгінгі таңда орталықта сегіз бала білім алатынын атап өтті.
Аудан әкімі сапар барысында аудандық электр желілерін тарату мекемесіне де аялдады. Мекеме басшысы Абдувахас Аббасұлы Нарбай Әбілқасымұлына мекемеде жүргізіліп жатқан бірқатар жөндеу жұмыстарын көрсетті. Мекемеде жылыту қондырғылары ауыстырылып жатқандығын негізге ала отырып, ұжымның тыныс-тіршілігімен таныстырды.
Әрі қарай іссапар «З.Мешелова» жеке кәсіпкерлігінде жалғасты. Кәсіпорын жұмысшылары қызу жұмыс үстінде екен. Өндіріліп жатқан сүт өнімінің түрлері туралы Орынбасар Мешелов баяндады. Цехқа төрт ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі, 18 шаруа қожалығы, екі жеке кәсіпкерден сүт қабылдайды. Сонымен қатар, аудан әкімі кәсіпорындағы сүт өнімдерін өңдеу қондырғыларын және цехты кеңейту мақсатында салынған жаңа ғимаратты көрді.
Аудандық төтенше жағдайлар бөлімінде болғанда №7 өрт сөндіру бөлімінің бастығы, азаматтық қорғау подполковнигі Кеңесбек Әбдірайымов аудан әкіміне соңғы тәулікте өрт сөндіру оқиғасы тіркелмегені жайында баяндады. Нарбай Әбілқасымұлы өрт сөндіру депосындағы техникалардың жағдайын көрсетті.
Сонымен қатар, іссапарда аймақ басшысы бірнеше мекемелер мен кәсіпорындардың жай-күйімен және болып жатқан жаңалықтарымен, туындап жатқан мәселелермен жіті танысты.
Аудан әкімінің Б.Момышұлы ауылындағы іссапары ауыл әкімшілігінің ғимаратында жалғасын тапты. Жиынға аудан әкімдігінің тиісті бөлім басшылары, мектеп директорлары мен балабақша меңгерушілері және ауыл тұрғындары қатысты.
Жиында аудан әкімі Нарбай Ергебеков ашып, күн тәртібіндегі мәселерге тоқталды.
Күн тәртібіндегі мәселелер бойынша ауыл әкімінің міндетін уақытша атқарушы Затыбек Пашенов баяндама жасады. Баяндамашы ауыл әкімінің алгоритмі бес жұмыс кестесінен құрылғанын айтты. Затыбек Пашенов ауыл әкімі аптасына бір рет елді мекенді аралау, төртінші деңгейдегі бюджеттің кірісін көтеру, оны тиімді пайдалану жұмыстарын ұйымдастыру, елді мекеннің төлқұжатын әзірлеу, экономикалық дерекқорын қалыптастыру және мемлекеттік мекемелердің жұмыстарын бағыттарындағы жұмыстарын баяндады.
Ауыл әкімінің баяндамасынан соң жарыссөзге кезек берілді. Ауыл тұрғындары Шора Ысқақов пен Мұсатай Апбасов орталық базар және базар маңындағы жабайы сауда қатарлары туралы мәселе көтерді. Ауыл басшылары бұл мәселенің жуық арада шешімін табатынын жеткізді.
Жиында аудан әкімі басты талап тазалықты назарда ұстау керектігін айта келе, бірқатар мекеме басшыларына сын-ескертпелер берді.
Кездесуде аудан басшысы Нарбай Ергебеков мемлекеттік қызметкерлерді қызметіне адал болуға, халық үшін аянбай еңбек етуге, тұрғындармен етене араласып жұмыс жасауға шақырды.
Айгүл Қалымханқызы,
«Жаңа өмір»