Basty bet

Ұстаз – ұлы тұлға!

Мұғалімдерге құрмет көрсетіліп, марапаттар тапсырылды

Әр жыл сайын қоңыр күздегі қазан айының алғашқы аптасында аталып өтілетін ұстаздар күні мерекесі біздің ауданда да аталып өтті. Өткен аптаның жұмасы күні аудан ұстаздары Қызыларық ауылдық округіне қарасты Ақтөбе ауылдық клубына жиналды. Онда «Ұстаз – ұлы есім» атты мерекелік іс-шара ұйымдастырылды. Ұстаздар қауымын кәсіби мерекемен аудан әкімі Олжас Қаржауов құттықтады.

-Құрметті ұстаздар!
Қадірменді оқу-ағарту саласының ардагерлері!
Сіздерді қазан айының алғашқы жексенбісінде аталып өтілетін ұстаздар күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Жас ұрпақты тәрбиелеу жолындағы қажырлы еңбектеріңізге табыс тілеймін.
«Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» – деген екен ұлы ойшыл, хакім Абай Құнанбаев. Сіздердің жас ұрпақтың санасына құятын тәлім-тәрбие, үлгі-өнеге, білімдеріңіз өлшеусіз. Сіздер – ең біріншіден оқушылардың өмірлік санасын қалыптастырып, ақыл-ойын толыстырып, жастардың болашағын айқындайсыздар. Бүгін еккен дәндеріңіз ертеңгі жеңісті-жемісті күннің кепілі. Ұстаз болашақ азаматтарды ғана емес, бүкіл болашақ қоғамды қалыптастырады.
Жалпы ұстаздар қауымы жайында халқымыздың хас батыры, даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлының: «Ұстаздық – ұлық емес, ұлы қызмет. Себебі, ұрпақты ұстаз тәрбиелейді. Болашақтың басшысын да, данасын да, ғалымын да, еңбекқор егіншісін де, кеншісін де ұстаз өсіреді. Өмірге ұрпақ әкелген аналарды қалай ардақтасақ, сол ұрпақты тәрбиелеп, білім беретін ұстаздарды да сондай ардақтауға міндеттіміз»,- деген ұлағатты сөзі бар.
Жалпы ауданның білім саласындағы көрсеткіштері жаман емес. Осы ретте балалардың санасына тәрбие мен білім нәрін құятын ұстаздарымыздың да біліктілігі жыл санап артып келеді. Ауданда 39 білім беру мекемесі бар дейтін болсақ, онда барлығы 10 827 оқушы білім және тәрбиемен қамтылуда. Алтын ұя мектептерде еңбек ететін педагогтардың саны – 1838-ді құрап отыр. Оның ішінде қазақ бөлімінде 1777 ұстаз еңбек етсе, орыс бөлімінде 61 мұғалім балалардың зейінін ашуда. Білім сапасын арттыру ұстаздардың біліктілігіне де байланысты екені анық. Аудан ұстаздарының 456-сы сарапшы, 328-і зерттеуші, 225-і модератор, ал 104-і шебер санаттарын алғандар. Биылғы жаңа оқу жылында да барша ұстаздардан жақсы нәтиже күтетініміз анық. Мерекелеріңіз құтты болсын,- деді Олжас Есалханұлы.

Аудан басшысы О.Қаржауов құттықтаудан соң Мұғалімдер күні мерекесіне орай ауданның білім саласын дамытуға, жетілдіруге қосқан елеулі жеке үлесі үшін әрі ұстаздық қызметінде аянбай еңбек етіп, белгілі жетістіктерге жеткен ұстаздардың үлкен шоғырын Жамбыл облысы әкімінің және Жуалы ауданы әкімінің Құрмет грамоталарымен және «Nur Otan» партиясы аудандық филиалының Алғысхаттарымен марапаттады. Айта кету керек, олардың арасында жалпы білім беретін орта мектептердің мұғалімдерімен қатар, өнер мектептерінің және бөбекжай-балабақшалардың үздік қызметкерлері бар.
Мерекелік жиын барысында ұстаздар қауымын аудандық мәслихаттың атынан мәслихаттың аппарат басшысы Шынаркүл Әбдікерімова құттықтап, мұғалімдердің келесі бір тобына Құрмет грамоталарын тапсырды.
Кәсіби мерекеге орай құттықтау және марапаттау үшін сөз аудандық білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Нұрмахан Тыныбековке және білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының аудандық комитетінің төрайымы Гүлнұр Қадырбекқызына берілді. Ауданның білім беру саласына және мұғалімдердің заңды құқықтарын қорғауға жауапты екі мекеменің басшысы да аудан ұстаздарын кәсіби мерекемен құттықтап, жалпы мұғалімдердің қоғамдағы алар орны туралы әңгіме қозғады. Өз кезегінде мұғалімдерге Жамбыл облысы әкімдігі білім басқармасының, аудандық білім бөлімінің Алғысхаттарын, облыстық кәсіподақтар орталығының және облыстық білім басқармасы мен «Жамбыл облысы білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағы» қоғамдық бірлестігінің Құрмет грамоталарын салтанатты түрде табыстап, алдағы қызметтеріне табыс тіледі.
Келесі кезекте аудан басшысы Олжас Қаржауов қайтадан сахнаға көтеріліп, педагогикалық қызметте жоғары жетістіктері бар, педагог кәсібінің мәртебесін арттыру мақсатында ұйымдастырылған «Үздік педагог-2021» аудандық байқауының жеңімпаздарына қаржылай сыйлықтың сертификатын және лентаны табыстады. «Үздік педагог-2021» аудандық байқауының ІІІ орын иегері, №6 А.Пушкин атындағы орта мектептің бастауыш сынып мұғалімі Айнұр Есмахановаға 50 мың теңгенің сертификаты, ІІ орын иегері, №30 Көктөбе орта мектебінің биология пәнінің мұғалімі Айшат Қалдасбековаға 75 мың теңгенің сертификаты, ал бірінші орын иегері №1 мектеп-гимназияның физика пәнінің мұғалімі Эльмира Жамашеваға 100 мың теңгенің, сондай-ақ, «Үздік педагог-2021» облыстық байқауының ІІІ орын иегері, №1 мектеп-гимназияның тарих пәнінің мұғалімі Самал Қадыроваға арнайы сертификаттар берілді.
Аудан педагогтарын кәсіби мерекемен ардагер ұстаз, бала оқытуда бай тәжірибесі бар азамат, ауданның Құрметті азаматы Әбілқасым Ергебеков те құттықтап, бала тәрбиесінде, оларға білім беру ісінде неғұрлым адал әрі әділ болу керектігін жеткізді.
Салтанатты жиын соңында ұстаздар мерекесіне құрметпен шақырылған мұғалімдер қауымына гүл шоқтары ұсынылды. Бұл мерекеде өнерлі оқушылар би билеп, ұстаздарына арнап ән айтып, ізгі тілектерін өлең жолдарымен жеткізіп жатты. Әлбетте, кәсіби мерекеге қатысқан мұғалімдер мен ардагер ұстаздар өздеріне көрсетілген осындай сый-құрметтен ерекше әсер алып тарқасқаны анық.Иә, бұл күні барша ұстаздар қауымының ұлы тұлға екендігі тағы бір паш етілгендей…

Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close