Basty bet
Цифрлық экономика: «Сервистік әкімдіктер» ел игілігі үшін қызмет көрсетуде
Бүгінгі таңда әлемде цифрлы технологиялар мемлекеттер экономикасының дамуында маңызды рөлге ие болып отыр. Оның тек мемлекет үшін емес, халық үшін де бірқатар артықшылығы бар. Мәселен, мемлекеттік қызметтерге қол жетімділік, жедел ақпарат алмасу, бизнесті жүргізудің жаңа мүмкіндіктерінің пайда болуы, жаңа цифрлық өнімдер құру және т.б.
Цифрлы экономика – бұл әлемнің көптеген мемлекеті ұлттық экономикасының тиімділігін және табысын арттыру мақсатында заманауи ақпараттық технологияларды қолдануы.
Соңғы онжылдықта әлем экономикасы жаңа форматқа көшіп жатыр. Оны қалыптастыруда цифрлы технологиялардың басты құралына айналып, маңызды рөл атқаруда. Ақпараттық технологиялардың жеке және мемлекеттік сектор жұмысындағы рөлінің кеңеюі – цифрлық мемлекетке көшудің негізі болып отыр.
Әлемдік деңгейдегі ақпараттық технологиялардың қарқынды дамуы өзіндік ережелерді талап етеді. Сол себептен де еліміз «Цифрлы Қазақстан» жаңа мемлекеттік бағдарламасын қолға алған еді.
Бағдарламаның мақсаты – тұрақты экономикалық өсуге қол жеткізу, экономиканың және ұлттық бәсекеге қабілеттілігін арттыру, сондай-ақ халықтың өмір сүру сапасын жақсарту үшін цифрлық экономикалық жүйені тұрақты түрде дамыту.
«Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы бес негізгі бағыт бойынша жүзеге асырылады.
Олар:«Экономикалық секторларды цифрландыру» – озық технологиялар мен мүмкіндіктерді пайдалану арқылы Қазақстан Республикасы экономикасының дәстүрлі секторларын трансформациялау. Бұл еңбек өнімділігін арттырып, капитализацияның өсуіне әкеледі. Екінші «Цифрлы мемлекетке көшу» – халыққа және бизнеске олардың қажеттіліктерін алдын ала ескере отырып, қызмет көрсету үшін мемлекеттік инфрақұрылымды өзгерту.
Үшінші «Цифрлы Жібек жолын» енгізу» – деректерді беру, сақтау және өңдеу үшін жоғары жылдамдықты және қауіпсіз инфрақұрылымды дамыту. Төртінші «Адами капиталды дамыту» – бұл цифрлы экономика үшін қажетті құзыреттіліктер мен дағдыларды дамыту, халықтың цифрлық сауаттылығын арттыру, салалар үшін арнайы мамандарын даярлау.
Бесінші «Инновациялық экожүйені құру» – бизнес, ғылым саласы және мемлекет арасындағы тұрақты байланысы бар технологиялық кәсіпкерлікті дамыту үшін жағдайлар жасау, сонымен қатар өндіріске инновацияларды енгізу.
Бағдарламаны жүзеге асыруда ең бірінші кезекте маман даярлау мәселесі тұрары анық. Бүгінгі таңда бұл мақсатта мектептерде бастауыш сыныптан бастап информатика сабағы өтуде. Сонымен қоса елімізде ІТ мамандарын дайындайтын арнайы университеттер де бар. Сондай-ақ 10 университеттің пулы құрылды. Олар өзінің оқу бағдарламаларын халықаралық университеттермен бірлесе отырып дайындайды.
Цифрлы экономиканың артықшылықтары көп. Соның бастысы – халық өзіне қажет қызметтерді жылдам ала алады.
Аталған бағдарламаның аясында елімізде жер-жерде «Сервистік әкімдіктер» ашылды. Жалпы «Сервистік әкімдік» жобасы мемлекеттік қызмет көрсететін мекемелерді бір жерде шоғырландыру мен азаматтарға қолайлы жағдай жасауға арналғандығымен құнды. Яғни, бұл жерде атқарушы билік өкілдерінің жергілікті тұрғындармен бетпе-бет отырып жұмыс жасауына еш кедергі жоқ. Оның үстіне шаруасы қауырт адам қаланың түкпір-түкпірінде орналасқан бөлімдерді іздеп сабылмай, қажетті қызметті бір ғимараттың ішінен тауып, ісін қиналмай-ақ бітіруіне қол жеткізді.
Жобаның мақсаты – азаматтардың мемлекеттік қызметшілерге сенімін арттырып, жемқорлық деңгейін төмендету.
Нұрлыкент ауылдық округі әкімі аппаратының ғимаратында 2019 жылы 19 қараша күні «Сервистік әкімдік» ашылған болатын. «Сервистік әкімдік» жиһаздармен жабдықталған. Компьютерлік жабдықтар интернет желісіне қосылған. «Сервистік әкімдікте» әкім аппаратының үш мемлекеттік қызметкері, жастар нұсқаушысы, спорт нұсқаушысы, жұмыспен қамту орталығының ассистенті жұмыс атқарады. 94 мемлекеттік қызмет түрі көрсетіледі. eGov.kz порталы арқылы үстіміздегі жылы 450 азаматқа түрлі анықтамалар беріліп және электронды кілт алынды.
-2020 жылғы 11 қарашадан бастап қазіргі таңға дейін екі кезеңмен Нұрлыкент ауылының тұрғындарына интернет желісін тарту жұмыстарын «NetTelekom» ЖШС атқарып келеді. Қазіргі уақытқа дейін 126 тұрғын үй интернет желісіне қосылды. 2021 жылы тағы да 28 өтініш түсіп отыр. Кәсіпкерлер азаматтардың өтініштерін орындап отыр.
Ал, «Сервистік әкімдік» «ҚазТрансКом» компаниясы арқылы интернетке қосылып, жұмыс істеуде.
Ауыл тұрғындары бұрын өздеріне қажетті түрлі анықтамаларды алу үшін аудан орталығына Халыққа қызмет көрсету орталығына баратын болса, қазіргі таңда «Сервистік әкімдікке» барып алады. Күнделікті адам үзілмейді. Тұрғындарға сапалы қызмет көрсету басты назарда,- дейді Нұрлыкент ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы Рүстембек Әлімбеков.
Халыққа барынша қолайлы жағдай жасауды көздеген аталған жоба аясында ашылған орталық тұрғындар үшін шын мәнінде тиімді. Мұндай «Сервистік әкімдіктер», цифрландырылған орталықтар ауданымызда бір бұл ауылда ғана емес, бірнеше ауылдарда ашылып, халық игілігіне қызмет етуде.
Бұл жоба да ел Тәуелсіздігінің арқасында жеткен жетістіктеріміздің бірі.
Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»