Basty bet
Өмір жолы жас ұрпаққа өнеге
Биыл Ұлы Жеңіске 77 жыл толды. Сұм соғыста жау оғымен арпалысып, бейбіт өмір мен мамыражай тірлік үшін жан беріп, жан алысқан аға ұрпақтың бұл ерлігін ұмытпауға тиіспіз.
Бүгінгі әңгіме Жеңісті жақындатуға үлес қосқан жандардың бірі, соғыс ардагері, өз заманында ауданның Құрметті азаматы атағын да иеленген Тұрмағамбет Мықтыбеков туралы болмақ. Соғыс ардагерінің дүниеден өткеніне биыл 10 жылдай уақыт болады. Бірақ, ардагер көзі тірісінде артында өшпестей із қалдырды десек, артық айтқандық емес.
Тұрмағамбет Мықтыбеков 1923 жылы Қосбөлтек ауылында дүниеге келген. 1932 жылы ауылдағы төрт жылдық мектепті, одан кейін Талаптыда, Жетісайда және Бурныйдағы қазақ орта мектептерінде оқып білім алған. Ол 9 жасында анасынан айырылып, әжесі Айнықшаның тәрбиесінде өседі.
1942 жылы қаңтар айында Кеңес армиясы қатарына шақырылып, Шымкент қаласында жасақталған №412-ші атқыштар полкінде екі ай әскери дайындықтан өтеді. Онда сержант шеніне ие болады. Осы жылдың наурыз айында екінші Украин майданына келіп, Луганск қаласынан 40 шақырым жердегі Артемовский селосында қорғаныс шебін құрады.
Сонымен не керек, алғашқы ұрыста қоршауға түсіп, білікті командирдің арқасында ғана ол қоршауды бұзып шығады. Шегіне отырып, ұрыс салған полктен 17 жауынгер ғана майдан шебіне аман жетіпті.
Тұрмағамбет Мықтыбеков Сталинград майданында, Краснодар өлкесінің Кисловодск, Дондағы Ростов, Украинадағы Кривой Рог қалалары мен Молдованың бірқатар жерлерін азат етуге, 1944 жылы Қарпат тауларынан асып Румынияның Ботажан, Бакшан, Роман, Венгрияның Мишколц, Деветцен қалалары үшін болған ұрыстарға қатысады. Майдан даласында ол сержант шенінен кіші лейтенант шеніне дейін жоғарылаған болатын. Сонымен қатар, ол өзі басқаратын взводпен аталған елдердегі жау қалдықтарын, жау деверсанттарын ұстауға атсалысады.
Венгрияның Будапешт қаласы үшін болған шайқаста ауыр жараланып, 1944 жылдың 11 желтоқсанында әскери госпитальға түседі.
Румынияда, одан кейін Кавказ жерінде әскери госпитальда бес ай жатып, 1945 жылы 15 сәуірде жарақатына байланысты әскер қатарынан босатылып, бес жауынгерлік медальмен және I-II дәрежелі “Отан соғысы” ордендерімен марапатталған ол елге аман-есен оралады.
Елге келген соң да, ауданның қоғамдық өміріне белсенді араласып, аудандық ішкі істер бөлімінде учаскелік инспектор болып қызмет істеген. 1953 жылы аудандық еңбекшілер депутаты кеңесінің жалпы бөлім меңгерушісі, одан кейін Бурнооктябрь, Большевик ауылдық советтері атқару комитеттерінің төрағасы болып ұзақ жылдар қызмет еткен.
1982 жылы зейнетке шықса да, ауыл өміріне араласып, 2001 жылға дейін Көкбастау ауылдық округінің соғыс және еңбек ардагерлері кеңесін басқарды.
Бұл жылдары соғыс ардагері мемлекеттік наградалар мен медальдардан кенде болмаған. Ол құрмет пен қошеметке ие болды. 2001 жылы ауданның Құрметті азаматы атанған.
Өзімен бірге 60 жылға жуық отасқан жары Бибіжар Сарыбайқызымен төрт қыз, бес ұл тәрбиелеп өсірді. Бүгінде ұл-қыздарының барлығы үй-жайлы және жоғарғы оқу орындарын тамамдаған, көзі ашық, көкірегі ояу жандар. Олар әр салада жемісті еңбек етуде. Ардагердің ортаншы қызы Қалима Мықтыбекова бүгінде аудан әкімдігінің экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімін басқарып отыр.
Осы ретте, біз де әкесінің қандай жан болғанын білу үшін Қалима Тұрмағамбетқызын сөзге тартқан едік.
– Менің әкемдей әке жоқ шығар, бұл әлемде, – деп бастады ол сөзін. – Әкем жұмысына адал, көргенді, жан-жақты өнерлі кісі болатын. Адамдармен тез тіл табысып, бастаған ісін соңына дейін жеткізбей қоймайтын. Қай істе де адалдық пен шыншылдықты ту ететін. Сондықтан да ұл тәрбиесіне келгенде қаталдау болғанымен, қыз тәрбиесіне барынша жұмсақ мінез танытты. Көзі тірісінде “Қызым, мемлекеттік жұмысқа араласып жүрсің. Жұмысыңа адал бол. Қашанда шындықты айт. Түбінде жаман болмайсың. Басшы болуға лайықтысың” деп мені ылғи жігерлендіріп отыратын. Бос уақытысында қолына домбырасын ала салып, ән де айтып, орайы келсе ойдан өлең шығаратын, – дейді Қалима Тұрмағамбетқызы.
Қалима Мықтыбекованың сөзінше, бүгінде үлкен ұлы Қуанышбек Сағынғали ата жолын қуып, атасына еліктеп Талдықорған қаласында әуе әскерінің құрамында абыройлы еңбек етуде.
Мақпал САМАТҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»