Basty bet

Тәрбие тағылымдары

Оқу – мәдениеттің төресі. «Оқы да біл, ойна да күл» дейді халқымыз. Ойнап, күлу – яғни уайымсыз, қайғысыз өмір сүру үшін де көп оқу, көп дүниені тоқу керек. Оқыған, оны тоқыған жан бар істе суда жүзген балықтай, бауырын жаза шапқан бәйгедей болмақ. Бұл – ғажап еркіндік.
Кеңес кезінде қазақ халқы оқырман ұлтқа айналды. Тіпті жайлауда жүрген малшының саптама етігінің қонышында әлдебір газет-журнал қыстырулы тұратын. Қалалы жерлерде кітапханалардың оқырман залдары лық толы болатын. Нарықпен ілесі келген жанбағыс қиындығы оның бәрін өткен күннің еншісінде қалдырды.
Оқу қолына қалам алған қауымның ғана ғадеті болмауы керек. Қазір қарым-қатынастың, коммуникацияның заманы. Мемлекет басқару ісінде, бизнесте, өнерде болсын аудитория алдындағы беделді биіктетуге бірден-бір ықпал ететін ең бірінші дүние – тренингтер де, семинарлар да емес, оқу, оқу арқылы тоқу. Әтпесе, ойы шолақтың сөзі де, ісі де олақ болып қала береді.
Мамандығымызға байланысты еңбек жолымызда жақсымен де, жаманмен де сұхбаттас болып, екеуінен де жақсы, елге пайдалы дүние естісек, қойын дәптерімізге түртіп, өңдеп, оқыған, тоқыған дүниемізді де екшеп оқырманға ұсынуға тырысамыз. Бұл – біздің міндетіміз.
Жақында ардагер ұстаз, ауданымыздың, облысымыздың құрметті ардагері Әбілқасым Ергебеков қариямен сұхбаттасудың сәті түсті. Сөз білген, жөн білген, ордалы ойларымен, кісілігімен, түсінігімен жұртты аузына қаратқан ақылман ақсақалды Жуалы жұртшылығы жақсы біледі. Ол кісіні оқырманға тәппіштеп таныстырып жатудың қажеті жоқ деп ойлаймын. Көп оқыған, көңілге тоқығаны көп қарияның әрбір сөзі тәрбиеге тұнып тұр. «Ауылыңда қартың болса, жазып қойған хатпен тең» демекші, қолда барда «алтынның» қадіріне жетіп, әңгімесін тыңдап, көңілге түйіп, кәдемізге жаратайық.
Әбілқасым атамыздың әр минуты санаулы. Әр сағатын, тіпті минутын жүйелі жоспарлап, яғни уақытын өзін дамытуға, ұрпақ тәрбиесіне арнаған қариямыз бізбен болған уақытын да пайдалы жұмсады деп есептейміз. Себебі, қарияның әңгімесін газет арқылы қаншама оқырман оқиды.
Жерді Аллаһ тағала жаңбырмен қалай тірілтсе, адамдардың жүрегін ғалымдар, оқыған, тоқығаны көп осындай қарияларымыздың, даналарымыздың хикмет сөздерімен тірілтеді екен. Сондықтан көп созбай қариямен болған берері мол сұхбатымызды бастайық.
 
«Сәлем – сөздің анасы»
 
-Қазақ «Сәлем – сөздің анасы» деп, баласына алдымен сәлемдесу әдебін үйреткен. Өйткені амандасуына қарап, баланың тәрбиесіне баға берген. Үлкенге сәлем беріп, алғысын алу – қазақ салт-дәстүрлерінің ең озық түрі. Сондықтан Әбілқасым ата, әңгімемізді сәлемдесудің маңызынан бастасақ.
-Адам өмірінде сәлемдесу – ең басты қағида. «Сәлем – сөздің анасы» деп халқымыз бекер айтпаған. Кісімен сәлемдесу, сәлемді қабыл алу – Алланың аманатын орындау. Адам неғұрлым қарапайым, кішіпейіл, адамдармен сәлемі түзу болған сайын оның адами қадір-қасиеті артады.
Адамның жүріс-тұрысында сәлемнің атқаратын рөлі өте жоғары. Сәлем беруде адамның жүрегі таза болуы керек. Көптеген адамдар оның мәнін білмейді.
Адам үйге кіріп келе жатқанда оң аяқпен «Ассалаумағалейкум» деп жақсы көңіл күймен кірсе, Алла үйге береке кіргізеді деген сөз бар. Себебі, есіктен кірген кезде үйге сәлем беріп, «Бисмилла раһмани рахим» деп кірсе, адаммен бірге ілесіп келген шайтан есіктің аузында қалып қояды екен. Үйге жақсы көңіл күймен кірген соң сенімен бірге үйге береке кіреді, балалардың амандығын тілейді.
«Адамның ақылы – сөзінде, нұры көзінде тұрады»
-«Ашу дұшпан, ақыл дос – ақылыңа ақыл қос» дейді халық даналығы. Алайда осыны біле тұра адамдар ашуға ерік беріп, берекесіздікке, бақытсыздыққа душар болып жатады.
-Ашу деген – шайтаннан. Ашуға сабыр жасау кез келген адамның қолынан келе бермейді. Ең басты қағида сол ашуды жеңуде. Ашуланған адамның екі ортасында от жанып тұрады. «Ашу оттан» деген сөз бар екен. Отқа ашуланған адамның өзі түседі деген сөз бар. Сондықтан ашуланған адам Алланы аузына алып, «Лә иләһу иллә алла, мухаммадур-расуллаһ» деп ашуды тоқтату керек.
Өмірде ашумен, айқаймен еш уақытта тірлік бітпейді. Жылы сөз жақсы сөзбен көп нәрсе іске асып жатады. «Адамның ақылы – сөзінде, нұры көзінде тұрады» дейді. Асығыстық жасау, сөйлегенде ойына келген сөзді бірден айта салу дұрыс емес. Сөйлегенде айтатын сөзін ойланып, жұптап, жақсы сөздерді ғана аузынан шығару керек. Ауыздан шыққан сөз адамның ақылының қандай екендігін білдіреді. Сөйлесу арқылы адам бір-бірінің қадір-қасиетін түсінеді. Адамның жаны тілінде, діні ділінде тұрады. Сондықтан сөйлесу, халықпен тіл табысу адамдар үшін үлкен өнер. «Жаманнан жирен, жақсыдан үйрен» деген дана халқымыз. Жамандық дегеннің өзі адамды жиіркендіреді. Жақсы адам жаныңды жадыратады. «Жақсыдан шарапат» деген сөз бар.
Отбасын басқара алмаған адам елді басқара алмайды
-Жалпы адам өміріндегі отбасының маңызы, отбасында өзара үйлесімділік болуы үшін қандай қадамдар қажет? Ер адам қандай болуы керек, әйел адам қандай болуы тиіс?
-Отбасы, ошақ қасы – өмір тіршіліктің көзі. Ең басты нәрсе отбасынан басталады. Адам отбасында туылып, есейеді, үлкен өмірге қанат қағады. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» демекші, жалпы өмірің отбасыңда алған тәрбиеңе қарай құрылады.
Отбасы – кішкентай мемлекет. Сол отбасын басқара алмаған азамат елді басқара алмайды. Адамның көңілі, ниеті таза болуы керек. Таза адам жақсылыққа құмар болады. Кемшіліксіз адам болмайды. Бірақ адамның жетістігін, жақсылығын көруге тырысу қажет. Бала тәрбиесіне сабырлықпен, ақылмен қарау керек. Бақытты болу үшін, барыңнан айырылып қалмау үшін адамға ең бірінші сабыр мен ақыл керек. Адам өзін жан-жақты дамытып, айналасына шуағын шашып отыруы қажет. Айтылатын сөзге үлкен жауапкершілікпен қарау керек.
Отбасының ынтымағы, бірлігі жарасқан үйде береке болады. Сондықтан ең басты қағида – отбасын ынтымақ-бірлікте ұстау, балаларға жақсы тәрбие беру.
Әрбір ер азамат отбасының басшысы ретінде өзін өте жоғары ұстауы керек. Ер адамның жүріс-тұрысында мүмкіндігінің болғанынша ерлік, үстемділік, қадір-қасиет болуы керек. Ер адам барлығына жауап береді. Ең бірінші алған әйеліне, бала-шағасының өсіп-өнуіне, ризығында ер адамның атқаратын міндеті өте жоғары. Ал әйел – өмірдің өзегі мен күретамыры. Ерлердің бақытты болуы, жұмысты жақсы істеуі әйел-аналарға тікелей байланысты. Үйінен ашуланып шыққан ер азамат жұмысты да тындыра алмайды. Оның күні бос өтеді. Ал үйінен қуанып шыққан, ынтымағы жарасқан, үйінде әйелі құрметтеп тұратын ер адамның ой-өрісі, жандүниесі жоғары болады.
Адамның өй-өрісі, яғни бастаудың көзі отбасынан басталады. Сол себептен ер мен әйел отбасында ынтымақ бірлікті ту етіп ұстап, бар нәрсесін қанағат тұтып, еңбек етіп, адами қасиетті биік ұстауы керек.
Болашақтың кепілі – ұлттық тәрбие
 
-Бала тәрбиесінде басты ұстаным қандай болуы тиіс?
-Бала тәрбиесінде әсіресе ата-ананың рөлі өте жоғары. Біздің пікірімізде бала – біздің болашағымыз, бала – біздің байлығымыз, бала – біздің бақытымыз. Бала – Алланың адамға берген аманаты. Сондықтан бала тәрбиесіне үстірт қарамай, адалдықты, әділдікті үйрету керек.
Қазақ «Не ексең, соны орасың» дейді. Балаға қазақи ұлттық тәрбие, әдеп-ғұрып, салт-дәстүрді, адалдықты, әділдікті, обал-сауапты бала кезден бастап үйретуге міндеттіміз. Ата-ананың берген жақсы тәрбиесін алып өскен бала жаман болмайды. Қазір көптеген ата-ана уақытты аздау болып, бала тәрбиесіне үстірт қарайды. Бұл дұрыс емес.
Бала тәрбиесінде ата-анадан кейін, ұстаздардың, достарының, жүрген ортасының атқаратын рөлі өте жоғары. Адам ортасында қайсысының қағидасы басым соған қарай ауытқиды.
Бала жан-жақты жетіліп өсуі үшін бала саламатты өмір салтын қалыптастыруы керек. Баланың дені сау, көңілі таза болуы өсуі үшін өзін-өзі тәрбиелеуге, өзіне-өзі қызмет істеуге үйрету қажет. Өзіне-өзі қызмет істеу деген аяқ киімін, киімін таза, күтіп кию, үйге кіргеннен аяқ киімін дұрыстап жинап қоюға үйретуден басталады. Ішер асын таза ішіп, жүрген жерін жуып, тазалап жүруге үйрету.
Менің баламның бір досы болды. Өзі біреудің жалғыз баласы. Ол бала қамыр жайып, тамақ істейді. Артық сөйлемейді, кішіпейіл, қарапайым бала. Бұл бала қазір үлкен қызметте.
Адамды көрікті ететін, есейтетін – еңбек. Еңбекті жоғары бағалап, баланы да еңбекке баулу керек. Қазір адамдардың бірнеше аяқ киімі, бірнеше киімі бар. Адам киімімен жалтырмау керек. Ішкі жан дүниесімен, ақылымен, ой-өрісімен, адами қасиетімен сұлу болуы керек. Адами қасиет деген адамға бала кезден беріледі де, есейгенде адами қасиеті де артады. Адами қасиет атақпен, дипломмен өлшенбейді. Адами қағида ол – адалдық, әділдік, шындық, өтірік айтпау, кісі ақысын жемеу. Адамның адамгершілікті болып қалыптасуына екі нәрсе керек. Бірінші кішіпейілділік, екінші қарапайымдылық. Кішіпейіл адамды Алла тағала да, адамдар да жақсы көреді. Көкірегін керген, тәкаппар адамдар әрине көпке ұнамайды. Сондықтан неғұрлым баланы мақтаншақ емес, еңбекқор, кішіпейіл, қарапайым етіп тәрбиелесең болашақта жемісін көреді.
Өмірде әйелдердің атқаратын рөлі өте жоғары. Үйдің ұйытқысы болу әйелдің ой-өрісіне, жандүниесіне, отбасына деген көзқарасына тікелей байланысты. Қазақ әйелі жақсы, ақылды болуы керек, әйелдің аузынан шыққан сөздің бала үшін тәрбиелік мәні өте жоғары. Бала дүниеге келгенде бірініш көретін жан – ол анасы. Мұхтар Әуезов «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деп бекер айтпаған. Елдің болашағы аналардың жағдайына, ой-өрісіне, жандүниесіне, біліміне тікелей байланысты. Баласына қасық ұстатудан бастап ұқыптылыққа үйреткен ананың еңбегі зор.
Әбіш Кекілбаевтың «Барды бағалай білмегенге бақ қонбайды, қуана білмегенге құт қонбайды» деген. Адам қолда бардың қадіріне жетуі керек. Барлығын орнымен бағалай білсе, өмірде өкінбейді.
Қазіргі баршылық заманда балаға бірнеше түрлі киім алып беріп жылтыратып қояды да, оның тазалығына, жинақылығына үстірт қарайды. Ол өте қате пікір. Баланы туыла салысымен еңбекке тәрбиелеу керек. Дүниенің, ақшаның қадір-қасиетін біліп үйретуі керек. Оны бағаламай, жақсы адам болмайды.
Адам баласы пенде болғаннан кейін ата-ананы құрметтеу керек. Қарттарды құрметтеу керек. «Үлкенге құрмет, кішіге ізет» деген қағида бар.
Жастар біздің болашағымыз болғандықтан, өмірдің қызығы да, мерекесі де жастарда.
Тәжірибемен жақсы болмаған адамды ешкім жақсы қыла алмайды екен. Өмірлік жақсы тәрбие де адамның жандүниесінің сұранысына қарай қалыптасады. Қазақ «Жақсыдан – шарапат, жаманнан – кесепат» дейді.
Адам қанша жасқа келсе де білім бірінші орында тұруы керек. Мұсылмандық тәрбиеде де иманды болу үшін білім керек.
Уақытыңды жүрегіңді таза ұстауға жұмса
-Уақыт- Алла тағаланың бізге берген шексіз нығметі. Яғни, Алланың жаратқан пендесінің ең құнды байлығы – оның осы дүниедегі өлшеулі ғұмыры. Уақыт – алтыннан да қымбат. Уақыт қайтып келмейді. Сондықтан әрбір уақытымызды пайдалы өткізуге міндеттіміз. Осы орайда уақыттың қадірі туралы айтып беріңізші.
-Адам өмірде екі нәрсенің қадірін білуге тиіс. Яғни, адам денсаулықтың, уақыттың қадірін білуі керек. Өткен уақытты алтынға да айырбастап ала алмайсың. Уақыт деген қымбат. Сондықтан әр уақытты тиімді, пайдалы өткізуге тырысу керек.
Денсаулық – ең басты байлығың. Саналы адам денсаулығы үшін күреседі. Ол үшін адамға тазалық керек. Тазалық қолды дұрыс жуудан басталады. Тамақты «бисимилламен» бастап ішсе, адамға береке, байлық келеді дейді. Әрине, денсаулығына да әсері зор. Алла тағала таза адамдарды жақсы көреді дейді. Сондықтан денсаулығы мықты болуы үшін адам ойын да, бойын да таза ұстауы тиіс. Әсіресе, жүрегін таза ұстау керек. Адамның жаны жүректе тұрады дейді. Жұдырықтай жүрек кірлесе, қан айналым нашарлайды. Жүрек таза болса, бүкіл адамның денесі дұрыс жұмыс істейді. Денсаулықтың жақсы болуы адамның жүрегіне тікелей байланысты. Жүрегі таза адам жақсылыққа жаны құмар болады. Жүрек бәрін басқарушы. Жүрек адамның ойы мен ниетіне, сөзіне, іс-әрекетіне қарай тазаланады.
Денсаулық үшін күресте бірінші жан-жақты тазалыққа келу керек. Денсаулық үшін күресте адам таңертең ерте тұрып, Алладан жақсылық тілеп, отбасы-ошақ қасының амандығын, бірлігін, жақындарының, елінің амандығын тілеп, оларға жақсылық тілеп, күні бойы жақсы ниетпен жүруі керек.
«Ерте тұрған еркектің ырысы артық, ерте тұрған әйелдің бір ісі артық» деген қазақ. Ерте тұрып Алладан адал ризық сұрап, еңбек еткен адамның нәсібесі берекелі болады, жүрегі де таза болады.
Адам баласы күнді жақсы қарсы алу керек. Күн шықпай ерте тұру керек. Күннің шығуы өте күрделі құбылыс. Алла тағала күннің шығуымен адамдарға ризық таратады екен. Ерте тұрып Алланың ризығынан қалып қоймауымыз керек. Күн шыққанда ұйықтап жатқан адамды бұрынғы ата-бабаларымыз өлікпен тең деген екен.
Одан кейін спортпен шұғылданып, адам денсаулығына зиян әдеттерден ішімдіктен, темекіден аулақ болу керек. Қазақ «Арақ – ажалдың аузы, темекі – шайтанның зәрі» дейді. Бұлар сау ағзаны улайды.
Дұғаның пайдасы көп. Мықты дәрігер емдей алмаған дертті дұғамен емдеуге болады дейді. “Денсаулық” журналынан оқыған бір әңгімем бар еді. Сонда дәрігер өзі ауырып қалады да ауруханаға жатады. Алған емі дертіне шипа болмайды. Содан күн сайын оған жақындары жиналып дұға жасайды. Жақсы болғаннан кейін дәрігердің өмірге деген көзқарасы өзгереді.
Қарап отырсақ, біздің үлгі алатын жақсы адамдарымыз көп. Адам баласы көп оқу керек. Кітап, газет-журнал оқу керек. Әр күні әр сәтіңізді жоспарлап, өзіңізге есеп беріп отырыңыз. Ол уақыттарыңыз өзіңізді дамытуға, елге жақсылық жасауға жоспарлануы тиіс.
Қорқақтық пен сенімсіздікті жеңген адам ғана мақсатына жетеді
-Адам алға қойған мақсатына жету үшін не істеуі керек?
-Адам мақсатына жетуі үшін қорқақ болмауы керек. Адамға екі нәрсе кедергі жасайды екен. Ол қорқақтық пен сенімсіздік. Ол адамның ой-өрісіне, сана сезіміне зиян тигізеді. Адам жақсы өмір сүру үшін, жақсы демалу үшін, еңбек ету үшін сол сезімдерді жеңу керек. Адам жамандықпен күрес жүргізіп, ойын тазаласа, өмірі де жақсарады.
Адам алдағы үш айға жоспар жасап отыру керек екен. Ол жоспары денсаулығын жақсартуға, жағдайын жақсартуға жасалуы керек. Нақты жазған жоспарын Алла қабыл етсе, орындалады. Мақсатқа жету үшін адамда ең бірінші, сенімі, ықыласы, ниеті, әрекеті болуы керек. Бәрінен бұрын сенім жоғары болуы керек. Сенім жоғалған күні адамның өзі де жоғалады.
Бақыттың жетекшісі – ақыл
-Бақыт дегеніміз не? Бақытты басқадан емес, санаңнан ізде дейді. Бұл пікірге Сіз не дейсіз?
-Бақыт деген ұшып жүрген, қол жетпес нәрсе емес, ол адамның көңіл күйінде, жан дүниесінде. Өз бақытыңды, өзіңнің барыңды бағалай білу – бақыт деген сол. Бақыт деген – денсаулығың, балаңның дүниеге келуі, оның әрбір қуанышы, үйленуі, жұмысқа орналасуы, жетістікке жетуі. Әрбір адам қуану үшін, бақыт үшін өмір сүреді. Жандүниең сұлу болса, адамгершілігің жоғары, адами қасиетің биік болса, осының бәрі бақытқа алып келеді.
Адам жоқ іздеген жолаушы сияқты. Іздегенін тапқанша іздей береді.
Бақыт деген – қанағат. Бақыт деген – еңбек, бақыттың жетекшісі – ақыл. Ақыл мен сабыр бір жерге келіп тұрақтаса, бақыт сол жерге келіп тұрақтайды. Бақыттың алтын қазығы – ақыл.
Бір көргенді адам болыпты. Содан бір кісі одан «Сіз қалай көргенді болдыңыз?» деп сұрапты. Сонда «Көпті көріп көргенді болдым. Жақсыны да көрдім, жаманды да көрдім. Жақсылыққа көбірек назар аударып, соны бойыма сіңіруге тырыстым» деген екен.
Біреудің алып берген бақыты, жетістігі өзіңе бақ болмайды. Өзіңнің еңбегіңмен жеткен бақыт ғана баянды. Еңбекпен есею керек.
Мен өзімді бақытты жан санаймын. Алланың қалауымен талай жерді, елді көрдім. Жүрген жерімде адалдыққа, әділдікке сеніп жүрдім. Қазақта мақтаншақтық, көреалмаушылық, қызғаншақтық деген жаман қасиеттер бар. Соның бәрінен сақтанып жүрсең Алла да қолдайды.
Адам күн сайын өмірін жаңартып отыруы керек.
Менің күнделікті үш қағидам: иманымды жетілдіру, саламатты өмір салтын қалыптастыру, үшінші бойымдағы кемшіліктермен күрес жүргізу, ілімімді жетілдіру. Күнделікті жоспар жасап, сол жоспарды орындауда барымды салып күрес жүргіземін.
Адам бірінші Аллаға өзіңді тапсырып, екінші Аллаға тәуекел етіп, үшінші өткен уақытына разы болуы керек. Адамның бүкіл тіршілігі Алланың қалауымен болады. Осы үш қағиданы жүрекке кіргізгенде адамға сенімділік кіреді.
Адамның ішкен асы денсаулығына тікелей байланысты. Сондықтан дұрыс тамақтану керек. Адамның денесіне су керек. Яғни, адамның денесі жылы судан тұрады. Бірақ барлығын өз уақытымен, өз мөлшерімен пайдалану керек.
Мен үшін әрбір минутым қымбат.
 
Өмірдің мәні – адал еңбекте
 
-Сіз үшін өмірдің мәні неде?
-Мен әкесіз өстім. Қиын жағдайда өстім. Бірақ мені нағашым еңбекпен өсіргені үшін нағашыма өмір бойы қарыздармын. Еңбекті жақсы көрген адамды мен де жақсы көріп тұрамын.
Өмір болған соң ақ пен қара, жақсы мен жаман қатар жүреді. Айналамызда жаман адамдардың жүретіні заңдылық. Жақсы адамның міндеті – соларға үлгі болу, түзеу, тәрбиелеу. Адам барлығына бірдей қарау керек. Мен мектепте басшы болғанда ең төмен дәрежеде жүрген адамдарға ерекше назар аудардым. Олар жақсы жаққа өзгеріп, жетістікке жеткенде балаша қуандым. Адамды тәрбиелеуде адамға төзімділік, табандылық керек. жақсылыққа қарай өзгерту керек. Себебі, жақсылықтың қадамы ұзақ қой, қарағым.
Өмірдің мәні – ізгілікті әділ түсіну, жақсылықты сезіну, ақ тілеулі болу, адал еңбек ету.
Басшы бәріне байыппен қарауы керек
-Басшы болған кісіге қандай қасиеттер керек?
-Басшыға бірінші кішіпейілділік, қарапайымдылық керек. Елдің жандүниесін түсіне білу керек. Мәселен, мен мектепте директор болғанда мұғалімдерімнің жанұясындағы жағдайды жетік білетінмін. Мұғалім жұмысымен қатар жанұясын да ұстап тұру керек қой. Сондықтан осыған ерекше назар аудардым. Басшы қызметкерлеріне жағдай жасауға күш салу керек. Маман – алтын қор. Жақсы мамандарға ерекше көңіл бөлу керек. Баланың білімі мұғаліммен тікелей байланысты. Яғни, оның адамгершілігіне, жүріс-тұрысына, әділдігіне тікелей байланысты.
Мұғалімдердің отбасында қандай қуаныш, қиындық болады, біреуін жібермей бөлісуге, ортақтасуға тырысамын. Адам болған соң қиындық та, жетістік те, кемшілік те болады. Бәріне байыппен қарау керек. Елге ұялмай қарау үшін, сөзің өтімді болу үшін адами қасиетіңді жоғары ұстауың керек.
Жұмыс болған соң тәртіп керек. Тәртіп болмаған жерде жұмыс та нәтижелі болмайды. Адамдардың жандүниесіне ерекше мән беру керек. Кемшіліксіз адам болмайды. Бірақ адамның еңбегін лайықты бағалап отыру керек.
Басшыға керек қасиеттердің бірі – батылдық, сенімділік, шешім қабылдаушылық. Шешім қабылдауда ең бастысы асықпау керек. Өз білемдікке салынбай жұмыста тәжірибесі бар адамның пікірін назарға алу керек.
Мен мұғалімді жұмысқа қабылдарда тәжірибелі мамандармен ақылдасатынмын. Бірде қазақ тілін бітіріп келген бір мұғаліммен мамандарым әңгімелесе келіп маған: «Ағай, мына маман «н» әріпі мен «ң» әріпін ажырата алмайды. Мұны жұмысқа алуға болмайды. Себебі, өзі білмеген соң, балаларды да ақсатады» деді. Мен бұл пікірге келістім.
Басшы халықтың алдында сөйлеу үшін сөзін екшеп алу керек. Жалпы жұмыстағы жағдайды жан-жақты жетік білуі керек.
Жақсы мұғалім бала үшін бақыт
-Білім саласының ардагері ретінде бүгінгі білім саласына қандай өзгерістер керек деп ойлайсыз?
-Білім саласына жақсы басшылық керек. Адамдарды басқару, адамдармен тіл табысу ең жауапты жұмыс. Адамның өмірі, тағдыры болады. Бұрын мектеп директорларының жүріс-тұрысы өте жоғары дәрежеде болатын. Тәжірибелі басшылар мен жас басшылар арасында байланыс болатын. Жастарды қалай жүріп-тұру туралы тәрбиелейтінбіз.
Мектеп басшысының ата-анамен қарым-қатынасы да жақсы болуы керек.
Мұғалімдерді басқару қиын. Мұғалімнің алдында бір айтқан сөзіңді екінші рет қайталамау керек. Сонда ғана сөзің құнды болады.
Мұғалім өмір бойы білімін жетілдіруші адам. Мұғалімнің әрбір сабағы бір-біріне ұқсамауы керек. Мұның барлығы басшының бақылауымен, талабымен жүзеге асады.
Мен басшы болып тұрғанда тәжірибе жинау үшін Алматыдағы қазақ-түрік мектебіне арнайы барып сабаққа қатыстым. Биология пәнінің мұғалімі жас маман өкпе туралы сабақ өтіп жатыр. Сабағы бізге қатты ұнады. Мәселе адамның жасында емес, адамның білімінде. Жақсы мұғалім бала үшін бақыт. Мұғалім оқулықпен шектелмеуі керек. Ол ізденіп, әр сабағына оны қолдана білу керек.
Қазақ-түрік мектебінде сыныптарда тәрбие сағаттары жоғары, құнды өтеді. Басшы да, мұғалім де тәрбие сағатына қатты мән береді. Балалар ойын еркін жеткізе алады.
«Бала – қымбат» дейді. Алайда баланың тәрбиесі бәрінен де қымбат. Баланың алған жақсы тәрбиесі оның жақсы адам болуына тікелей әсер етеді. Балам қиналмасын десең дұрыс тәрбие беру керек.
Біз Д.Қонаев атындағы мектеп-гимназияда сол жылдары оқушыларды Шерхантануға баулу мақсатында бесінші сыныпта барлық сыныптарға тәрбие сағаттарына Шерағаның «Ай мен Айшасын» енгіздік. Оның тәрбиелік мәні зор. Жалпы, тәрбие сағаттың мазмұнына қатты мән беру керек.
-Тағылымы мол әңгімеңізге аудандық басылымның қалың оқырмандарының атынан үлкен алғысымды білдіремін!
Сұхбат барысында университеттегі ұстазым Үмбетбай Уайдиннің «Әдемі адам әдемі, әдепті адам әдеміден де әдемі» деген сөзі есіме түсіп отыр. Сіздің әдемі қартаюыңыз, мінезіңіздің сұлулығы өмірден түйгеніңіздің көптігінен, терең табиғатыңыздан екені анық. Аллам Сізге мықты денсаулық, күш-қуат беріп, жас ұрпаққа үлгі-өнеге болып ортамызда ұзақ жүруіңізді Аллам нәсіп етсін!
 
Сұхбаттасқан
Перизат Шымыртайқызы,
«Жаңа өмір»
 

Таңдаулы материалдар

Close