Basty bet

Тұмса табиғатты аялау – азаматтық парызымыз!

Табиғатты аялау, қоршаған ортаға құрметпен, жанашырлық көзқараспен қарау – бәріміздің міндетіміз.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында да табиғатты аялау, экологиялық және биологиялық әркелкілікті қорғау жөнінде айтылып, Президент ел Үкіметіне экологиялық ахуалды жақсарту жөніндегі шараларды нақты жүзеге асыруды тапсырғаны белгілі.
«Қоршаған ортаны қорғау және экологиялық даму – еліміз үшін алдыңғы кезекте тұрған мәселе. Бүкіл өркениетті әлем жұртшылығы осы мәселемен айналысуда. Бізге де мұндай жаппай үрдістен шет қалуға болмайды.
Бес жыл ішінде орман алқабында 2 миллиард, елді мекендерде 15 миллион ағаш отырғызылатын болады. Бұл еліміздегі көгалдандыру ауқымын кеңейтуге септігін тигізеді. Қазақстанның ұлттық саябақтары мен басқа да табиғат байлықтарын заңдық және нормативтік тұрғыдан қорғап, бұл салада құқық бұзған азаматтарды қылмыстық және әкімшілік жауапқа тарту тәртібін қатайту керек.
Орта мерзімді кезеңде экономиканың өсімі мейлінше «жасыл экономика» жағдайында ілгерілеуге тиіс. Сондықтан қазірдің өзінде көміртегінің үлесін барынша азайтуға бағыт ұстаған жөн. Үкіметке ғылыми қауыммен және жеке сектормен бірлесіп, «жасыл өсім» жөніндегі ұсыныстар жиынтығын әзірлеуді тапсырамын. Үкімет азаматтық сектормен бірлесіп, «Жануарларды қорғау туралы» заң жобасын әзірлеуі қажет. Жануарларға көзқарас – кез келген мемлекеттің өркениеттілігінің өлшемі. Ал бұл жағынан біздің жағдайымыз мәз емес»,- делінген Президент Жолдауында.
Тұмса табиғатты қорғау мәселесі қай кезде де маңызды мәселе саналады. Өйткені, жалпы дүниежүзі елдерінде мұндай мәселе бер. Бұл – бір күнмен немесе бір жылмен шектелетін жұмыс емес. Табиғатты қорғау мен қоршаған ортаға деген қамқорлық ұдайы жалғаса беретін маңызды мәселе.
Экологиялық және биологиялық әркелкілікті сақтауда табиғаты көркем Жуалы ауданында да бірқатар жұмыстар атқарылуда. Осы ретте аудандағы ормандарды және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесінің табиғатты қорғау жөніндегі атқарып жатқан жүйелі жұмыстарымен бөліскенді жөн санадым. Орманды күзету, қорғау, оның қорын молықтыру және орман пайдалану мәселелерімен орман шаруашылығы қызметкерлерінен тұратын мемлекеттік орман күзеті айналысады.
Мекеменің тарихына тоқталар болсақ, Жамбыл облысы әкімиятының 2002 жылғы 22 қарашадағы №1236 қаулысымен «Жуалы ормандарды және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мекемесі» болып құрылды. Биыл мекеменің құрылғанына 20 жыл толып отыр.
Әр жыл сайын қазан айының үшінші жексенбісі орманшылар күні ретінде атап өтіледі. Бұл мереке 2017 жылы Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысы негізінде атап өтілуде. Әр жыл сайын орманшылар күніне орай мекеме қызметкерлерінің арасында спорттық жарыстар ұйымдастырылып тұрады. Жеңімпаз командаларға ақшалай сыйлықтар табыстау жақсы дәстүрге айналып отыр.
Мекемеде қазіргі таңда барлығы 72 қызметкер жұмыс жасайды. Оның ішінде, орман шаруашылығы мамандығы бойынша алты жоғары білімді және жеті арнайы орта білімі бар қызметкер жұмыс атқарады.
Мекеменің жалпы жер көлемі – 103 861 гектар. Қоянды орманшылығының жер көлемі – 73 629 гектар болса, Жуалы орманшылығының жер көлемі – 30 232 гектар
Мекемеде екі бірдей ерекше қорғалатын табиғи аумақ бар. «Берікққара» және «Жуалы-Қарашат» – ерекше қорғалатын табиғи аумақтарға жатады. Республикалық дәрежедегі ерекше қорғалатын «Берікқара шатқалы» мемлекеттік табиғи қаумалы (кешені) – жалпы ауданы 17 500 га, Жуалы-Қарашат ЕҚТА-ның жалпы жер көлемі – 148 300 гектар. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылы қараша айының 10 жұлдызында №1074 қауысымен Жамбыл облысы әкімдігінің табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының Жуалы ормандарды және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мекемесіне республикалық дәрежедегі «Берікқара» ерекше қорғалатын мемлекеттік табиғи қаумалы құрылған.
Аталған «Берікқара» ЕҚТА-дан Қазақстанның Қызыл кітабына енген ерекше құнды ағаш-бұталар және шөптес өсімдіктердің 50-ден аса түрі, жануарлардан – арқар, үнді жайрасын кездестіруге болады. Республикалық маңызы бар «Берікққара шатқалы» мемлекеттік табиғи қаумалын күзету – ерекше назарда. Мұнда Берікққара терегі мен Қаратау арқары бар. Қаратау арқарына жыл сайын санақ жұмыстары жүргізіледі. Берікқара ЕҚТА-да алты орманшы қорықшы табиғат заң бұзушылықтардың алдын алу үшін жұмыстар тұрақты түрде жүргізіліп отырады. Берікқара ЕҚТА-да 2022 жылы бір заңсыз аңшылық фактісі тіркеліп, қару тәркіленіп, сотқа жіберілген.
Балықтарды және жануарлар әлемі ресурстарын қорғау бойынша мекеме қызметкерлері рейдтік тексерістерге шығып тұрады. Бүгінгі таңда, заңсыз балық және аң аулау бойынша жеті хаттама толтырылған. Оның ішінде – 1 заңсыз аң аулау, 6 заңсыз балық аулау. Аң аулау бойынша толтырылған хаттама сотқа жіберілген. Жалпы салынған айыппұл 91,9 мың теңге. Өндірілгені – 91,9 мың теңге.
Есепті мерзімде мекеме қызметкерлері 50 рет рейдке шықты. Барлығы 33 азаматқа әкімшілік хаттама толтырылды. Жалпы 450 мың теңгеге жуық айыппұл салынды. Оның 90 пайызына жуығы өндірілді. Мемлекетке келтірілген залал – 150 мың теңге. Өндірілгені -120 мың теңге
Мекеменің орманшы-қорықшылары арнайы киімдермен қамтамасыз етілген. Орманшы-қорықшылар 5 дана «Байкал» пистолетімен қамтылған. Қарулар ережеге сәйкес арнайы темір сейфтерде сақталуда. Мекеменің орманшы-қорықшылары 7 (жеті) орманшы-қорықшы үйлерімен қамтамасыз етілген. Мойынқұм өңірінде Қоянды айналымында бір дана және «Көксай» айналымында бір дана жылжымалы үй (вагон).
Ормандарды молайту және қалпына келтіру жұмыстарына тоқталатын болсам, бұл бағытта да біршама жүйелі әрі нәтижелі жұмыстар атқарылып келеді. 2021 жылы жоспар бойынша белгіленген 2,0 гектар жерге көктемде қарағаш тұқымы себілді. Шығымдылығы 2021 жылғы күзгі санақ бойынша 450 мың дананы құрады. Күз айында 2020 жылы жоспар бойынша белгіленген 2,5 гектар жерге 433 келі сексеуіл тұқымы себілді. Шығымдылығы 300,0 мың дана. 2021 жылдың қараша айында 5 гектар тұқымбаққа 850 келі сексеуіл тұқымы себілді.
Мекеменің орман қоры жерінде 2022 жылы 500 гектар жерге бір миллион 562,5 мың дана сексеуіл көшеті отырғызылды. 2023 жылы 160 гектар алқапқа 500,0мың дана сексеуіл көшетін отырғызу жоспарланып отыр. Қазіргі таңда жер дайындау жұмыстары жүргізілуде. Көктем айларында тұқымбақтарға себілетін тұқымдарды дайындау бойынша 288 келі қарағаш тұқымы жиналып 2,0 га тұқымбаққа себілді. Күзде 697,5 келі сексеуіл тұқымын жинау, жиналған тұқымдарды 7,5 гектар тұқымбаққа себу жоспарлануда.
Орман ресурстарын пайдалану мәселесіне келсем, «Жуалы ормандарды және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мекемесі» КММ 2022 жылдың 8 айында 110 орман пайдаланушыға жалпы 26 мың гектар жайылым және шабындық жерлер берілді. Оның ішінде, сегіз адамға 239 гектар шөп шабу мақсатында берілсе, бір адамға қамыс дайындау, бір адамға ара ұяларын орналастыру, бір адамға туристік бағытта орман билеті берілді. Жергілікті бюджетке түскен қаражат – 2,5 миллион теңгені құрады.
2022 жылға 600 шақырым өртке қарсы ескі жолақтар күтіп-бапталды. Өртке қарсы техникаларды қамтамасыз етуге және бақылау жұмыстарына (АИ-92) 6000 литр бензин, 4000 литр дизельді отын әзірленді. Бұдан бөлек, жанар-жағармай қоры: Бензин: 5 000 литр, дизельді отын 1000 литр, 50 дана шартылдақ (хлопушка), 40 дана күрек, 30 дана шелек, төрт балта әзірленді. Радиостанциялар саны: 18 дана, оның ішінде, жеті дана стационар, бір дана мобильді, 10 дана қолда алып жүретін рациялар.
Табиғи өрттердің алдын алу және өрт бола қалған жағдайда оны дер кезінде сөндіру мақсатында Мойынқұм өңірінің Қоянды орманшылығының «Қоянды» айналымында өрт күзеті бекеті орналастырылады. Құрамында бес адам, ( бір орманшы, екі трактор жүргізуші, екі өрт сөндіруші) дизельді отынның резерві 300 литр, АИ-92 маркалы бензин 200 литр, екі дана «Беларусь» МТЗ-82/1 және МТЗ-80/1 тракторлары үш корпусты соқасымен, бір дана АLFT-3 кубтық цистерна өрт сөндірудің жартылай тіркемесі, сонымен бірге, 15 дана шартылдақ (хлопушка), 10 күрек бар.
Жуалы орманшылығының «Боралдай» кардонында өрт күзеті бекеті орналастырылған. Құрамында үш адам (2 орманшы-қорықшы, 1 өрт сөндіруші). Мемлекеттік мекемеде үш топ құрылған, құрамында 30 адам барлығы арнайы киімдермен қамтамасыз етілген. Екі дана УАЗ, 2 дана НИВА автокөліктері, 1 дана «Беларусь» МТЗ-80,1 тракторы, бір дана үш корпусты соқасымен, 50 дана шартылдақ (хлопушка), 10 күрек, 16 аншлаг бар.
Тағы бір айта кетерлігі, мекеменің орталық кеңсесінде тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылған. Жұмыс күндері үш өрт сөндіруші, ал демалыс және мереке күндері үш өрт сөндіруші және бір маман кезекшілік атқарады.
Мемлекеттік орман қорын күзету, қорғау, қадағалау мақсатында 15 орманшы-қорықшылар өздеріне бекітіліп берілген айналымдарында тұрғылықты тұру үшін толығымен қамтамасыз етілген. Орман қоры аумағында демалушылар мен мал жаюшыларға орман өрттерінің шығуына жол бермейтін орманда жүріп-тұру қағидалары түсіндіріліп, қосымша нұсқамалар таратылуда. Орманшы қорықшылар өздеріне бекітіліп берілген айналымдарында қору жұмыстарын тәулік бойы атқаруда. Үш ұзақ мерзімді орман пайдаланушымен іс-шара жоспары келісіліп, өрттің алдын-алу және өрт шыққан жағдайда дер кезінде өшіру туралы келісім-шарт жасалынған.
Мойынқұм өңірінде өрттің алдын-алу және өрт шыққан жағдайда дер кезінде бірлесіп өшіру туралы шекаралас жатқан Жамбыл, Байзақ, Мойынқұм және Талас аудандарындағы орман қорғау мекемелерімен іс-шара жоспары жасалып, бекітілді. Түркістан-Сырдария өңірлік табиғи паркінің Боралдай филиалымен жасалған іс-шара жоспары да бар.
Орман қорына жақын орналасқан ауылдық округтердің әкімдерімен және үш ірі шаруа қожалықпен өрттің алдын-алу және өрт шыққан жағдайда дер кезінде өшіру туралы келісім-шарттарымыз бар. Бір қуантарлығы, 2022 жылы өрт қауіпті маусымы басталғалы бері орман қоры жерінде өрт оқиғасы тіркелген жоқ.
Жалпы, ғажайыпқа толы тылсым да тұмса табиғат – біздің өмір сүретін қасиетті ортамыз. Оны қорғау – адамзаттың негізгі міндеті. Ол бүгінгі буынға ғана емес, ертеңгі ұрпаққа да ауадай қажет дүние. Біз оны бұрынғылардан қалай қабылдап алдық, кейінгіге де солай тапсыруға тиіспіз. Оған қиянат жасауға ешкімнің де қақысы жоқ! Сондықтан, табиғатты қорғау – бәріміздің азаматтық парызымыз болып қала береді.

Мәди НҰРАЛИЕВ,
Жуалы ормандарды және жануарлар дүниесін қорғау
жөніндегі мекемесінің директоры

Таңдаулы материалдар

Close