Qoǵam

Ұстаздық – ұлы мұрат…

Оқу-ағарту саласына еңбек сіңірген Тілеуқабыл Наралиев жайлы бір үзік сыр

«Ардагерлер – алтын қорымыз». Бұл тектен-текке айтыла салған сөз емес. Ел қамын ойлап, намысын қорғаған, еліне елеулі еңбек сіңірген абыройлы адамды халық ардагер деп жоғары бағалайды. Жеке адам қоғамда ерекше істерімен, ақыл-парасатымен, адамгершілік асыл қасиетімен, биік беделімен жұртшылыққа танылғанда ғана ардагер бола алады. Жалпы осынау аға буын өкілдері туралы осы уақытқа дейін қоғамда аз айтылып, аз жазылып жүрген жоқ. Солардың бірқатар маңыздыларына тоқталып көрейікші. Ойшыл Абай: «Дүние – үлкен көл, Замана – соққан жел. Алдыңғы толқын ағалар, кейінгі толқын інілер. Кезегімен өлінер, баяғыдай көрінер» деп ой толғайды. Шынында Абайдың айтқаны мен жазып қалдырғаны қазақ дейтін халыққа қашанда адастырмас темірқазық іспетті. Осы орайда еліміздің Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың да аға буын өкілдері туралы өмірлік түйген ой-толғамдарына тоқталмай өтуге болмайды. Елбасы бұл жөнінде осыдан бірер жыл бұрын жарық көрген «Ұлы дала ұлағаттары» деп аталатын еңбегінде кеңінен жазғаны мәлім. Аталған еңбекте: «Қазіргі кезде қариялардың айтар ақжарылқап сөзі аз ба? Жастарға үлгі ұсынып, ізгілік пен игілікке жөн сілтеуде қариялар алдында тұрған маңызды міндеттер – ардың ісі, абыройдың қарекеті. Жастар бойындағы жаман қасиеттерді дер кезінде байқап, саналы сөзімен, салиқалы тәжірибесімен жөн көрсетуде ақсақалдық қасиет аттан түспеуі керек. Абыз Абайда: «Ақсақалдар айтпады деп жүрмесін» деген сөз бар. Ел алдындағы ұлы міндетті Абайша түсініп, ақыл-ой таразысын тең ұстауда қарияларымыз қатарын сиретпесе екен деп тілейміз» деп жазады өз еңбегінде Елбасымыз. Одан бөлек, осынау құнды еңбектің өн бойында абыз ақсақалдық пен қазыналы қариялардың қасиетімен қатар ұлт болып ұйысудың ұлы идеясы – бірлік екені де кеңінен айтылған. Бұл да парасатпен пайымдалып өмірлік мол тәжірибеден туған құнды ой болмақ.
Ұстаздық ету, саналы шәкірт тәрбиелеу, сол арқылы тұтас ұлттың руханиятына үлес қосу адам өміріндегі абыройлы міндеттердің бірі саналады. Қазір заманымыз қанша дамып, кейбір құндылықтар құлдырағанымен осынау қадірлі үрдіс ешқашан саябырсып қалған емес. Бұл жөнінде өз заманында Алаш арыстарының дені ұстаздың орны төрде екенін тереңнен толғап айтып кеткені баршаға белгілі.
Саналы ғұмырының елеулі бөлігін, жалындаған жастық жылдарын ұстаздық жолға арнаған, сол жолда азаматтық арына дақ түсірмеген ардақты ардагердің бірі – Тілеуқабыл Наралиев. Қызылорда қаласындағы Гоголь атындағы мемлекеттік педагогикалық институтты математика мамандығы бойынша үздік бітірген Тілеуқабыл Наралиевтың ұстаздық өмір жолы қатардағы мұғалімнен басталып, директорлық басшылық қызметпен түйінделді. Ендеше, Тілекеңдей ұстаздың еңбек жолын таратып айтайық…
Ұлы Отан соғысы жылдарында туған аға буын өкілдерінің «бізде балалық шақ болған жоқ» дейтінін әлі күнге көп естиміз. Балалық шағы қиын-қыстау, сұрапыл жылдарға тұспа-тұс келген азаматтардың алды қазір сексенге таяп қалды. Тілеуқабыл Наралыұлы да сонау 1943 жылы Самсоновка (қазіргі Күреңбел ауылында) дүние есігін ашты. Сондағы Төңкеріс бастауыш мектебінің табалдырығын аттап, 1962 жылы ауданға қарасты Қарабастау ауылындағы Билікөл орта мектебін күміс медальмен бітіреді. Арман қуған албырт жас сол жылы Қызылорда қаласындағы Н.В.Гоголь атындағы мемлекеттік педагогикалық институттың физика-математика факультетіне оқуға түседі. Сонда оқып жүріп Отан тапсырмасымен төрт жыл бойы Балтық әскери теңіз флотында курсанттар дайындайтын мектептен өтіп, әскери борышын Ленинград облысының Ломоносов қаласында аяқтайды. 1965 жылы Ленинград қаласында Коммунистік партия қатарына өтеді.
«Жақсы жар – жарты бақыт» демекші, Тілекең Қызылорда қаласында пединститутта білім ала жүріп Күлпаш есімді өмірлік жарын да сол қасиетті өңірден табады. Екеуі бір топта оқи жүріп, көңіл жарастырған екен. 1970 жылы аудандық оқу бөлімі жоғары оқу орнын үздік бітіріп келген ерлі-зайыпты жас мұғалімдерді жолдамамен Петровка селосындағы А.С.Пушкин атындағы орта мектепке математика пәнінің мұғалімі етіп жібереді. Ерлі-зайыпты жастардың сол ауылдағы мектепте мұғалімдік еткен қызықты жастық жылдары өз алдына ұзақ әңгіме. Текті атаның ұрпағы ұстаздық қырын барынша дамытып, оқу бөлімі басшылығының көзіне түседі. Сөйтіп 1972 жылы жас ұстаз Тілеуқабыл Наралиевты Алексеевка селосындағы Лермонтов атындағы орта мектепке директор етіп тағайындайды.
-Мен бұл мектепте 1977 жылдың тамыз айына дейін директор болдым. Сол тұста шаруашылықтың есебінен мектептің екі қабатты жаңа ғимараты салынды. Сонда колхоздың және ауылдық советтің басшылығында болған Зәкімбек Елгенбаев, Қолғанат Әбдірәсілов, Қуаныш Ойшиев сынды іскер азаматтар маған көптеген көмек-қолдауын көрсетті. Оқу үдерісінде де тындырымды шаруалар атқарылды. Бір сөзбен айтқанда, мұндағы жұмысым жемісті болды. Одан соң бір жылға жуық аудандық оқу бөлімінде әдістемелік кабинеттің әдіскері, әдістемелік кабинет меңгерушісі ретінде жұмыс істеген соң директорлық қызметке қайтадан кірістім. Атап айтсам, 1979-1984 жылдары өзімнің алғашқы еңбек жолым басталған Қарасаз ауылындағы А.Пушкин атындағы орта мектепке басшылық жасадым. Онда кабинеттердің жабдықталуы, оқушыларға әскери-патриоттық тәрбие берудегі ұжымның еңбегі ескеріліп, облыстық байқауда үздік орынға ие болдым. Өзім мектеп директоры ретінде де бірқатар облыстық байқаулар мен бақылауларға қатысып, бірнеше дүркін жүлделі орындар алдым. Айта берсем, осы жылдар аралығында ауданның оқу-ағарту саласында есімдері алтын әріптермен жазылып қалған талай жақсы-жайсаң азаматтармен, ақыл айтар абзал ағалармен сыйлас, дәмдес болдым. «Жалғыз ағаш орман болмас» демекші, мектептерде директорлық еткен жылдары маған рухани тұрғыдан қолдау көрсеткен жандардың барлығына алғысымды білдіремін,- дейді ардагер ұстаз Тілеуқабыл Наралыұлы.
«Асыл пышақ қын түбінде жатпайды» деген. Ұстаздық жолды таңдаған жаны таза, асыл азамат Тілеуқабыл Наралыұлы одан кейінгі жылдары аудандағы Т.Рысқұлов, С.Сейфуллин атындағы орта мектептерде директорлық қызметін жалғастырады. Ұйымдастырушылық қыры ашылып, саладағы тәжірибесі әбден толысқан ұлағатты ұстаз Талас ауданының орталығы Қаратау қаласындағы бірқатар білім ошақтарында ұстаздық етіп, одан соң Майтөбе ауылындағы Амантай Дәулетбеков атындағы орта мектепте директордың оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметін жемісті атқарып, зейнет демалысына шығады. Онда да жақсы қырынан танылды. Өзі жақсы кісіге біркісілік лайықты орын қай жерден де табылады. Жақсы азамат қайда жүрсе де жақсылығынан танбақ емес. Талас ауданында да білім саласында елеулі із қалдырған Тілекеңдей асыл азаматты таластық айтулы ақын Нарша Қашағанов жырға қосып, асыл қасиеттерін өлең жолдарымен дәріптеді. Мұны өмірден ертерек озған ардақты ақынның ұстаздар қауымына жасаған тағзымы деп білгеніміз жөн.
Ширек ғасырдан астам уақыт ұстаздық еткен бұл отбасының түтіні түзу ұшты. Тілеуқабылдай асыл азаматқа адал жар болған Күлпаш апай дүниеге екі ұл, бес қыз әкелді. Олардан қазір 25 немере, жеті шөбере тарап, атасының көз қуанышына айналып отыр. Үлкен ұлы Нұркен, қыздары Жанар мен Жанна әкелерінің жолын қуып, ұстаздық жолды таңдады. Нұркен мен Жанар Нұрлыкент ауылындағы М.Ломоносов атындағы орта мектепте дене тәрбиесі және математика пәнінен ұстаздық етсе, Ал Жанна Түктібай ауылындағы «Балақай» балабақшасының меңгерушісі болып еңбек етіп келеді. Басқа балалары да өмірден өз орындарын тапқан. Жалпы Наралиевтер жанұясын жуалылық жұртшылық ұстаздар әулеті деп те атайды. Асыл жары Күлпаш Елубаеваның 2005 жылы ота үстінде оянбай қайтыс болуы Тілеуқабыл ағаның жүрегіне қаты батты. Алайда жазмыштан озмыш жоқ екенін ол жақсы түсінді.
Тілеуқабыл Наралиев сынды ұстазға ұстаз болған кісілердің көбі қазір бұл өмірде жоқ. Дәл осы арада атап өтерлігі, ұстаздығымен қатар кісілік келбеті жарасқан Тілекең жайлы оқу-ағарту саласының байырғы ардагерлері Төлен Жұмағұлов, Рысбек Қазақбаев, Рәтбек Қасымбектегі, Нұржан Сыздықбаев, сондай-ақ шәкірті әрі ізбасары Оралбек Жүзбаев жылы лебіздер білдіреді. Имандылықты алға ұстаған асыл азаматтың 2012 жылы қасиетті Меккеге сапар шегіп, қажылық парызын өтеп қайтқанын, сол жылы ауданда Батырбек датқа Рысбекұлы кесенесінің құрылысына жүз мың теңге қаржы аударғанын, одан бөлек, биылғы жылы «Б.Момышұлы атындағы қайырымдылық қорына» жүз мың теңге, сонымен бірге жарылыстан зардап шеккен Арыс қаласының жұртшылығын қолдау ретінде де аталған қорға қомақты қаржы аударып, сауапты істерге өзінің мол үлесін қосып отырғанын атап өткен жөн сияқты.
«Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» деп дана Абай өсиет еткендей, жасы сексеннің сеңгіріне таяған үлгілі педагог, ауданның оқу-ағарту саласына мол үлес қосқан Тілеуқабыл Наралиевтың ұстаздық еткен жылдардағы тынымсыз әрі жемісті еңбегі мемлекет тарапынан ескерусіз қалып көрген емес. Ол 1990 жылы «Қазақ КСР халық ағарту ісінің озық қызметкері» белгісімен марапатталса, еліміз тәуелсіздік алған алғашқы жылы «ҚР білім беру ісінің үздігі» деп танылды. Сонымен бірге облыстық білім басқармасы, Жуалы және Талас аудандарының білім бөлімдерінің Құрмет грамоталары мен Алғысхаттарына ие болған. «Ұлы Отан соғысының аяқталғанына-20 жыл!», тағы да басқа мерекелік медальдармен марапатталған.
Қай қоғамда болсын елге еңбек сіңірген ер қымбат. Ол мейлі қай салаға еңбек сіңірсе де. Осы орайда оңтүстік өңірге әйгілі тарихи тұлға, Батырбек датқа Рысбекұлының тікелей ұрпағы, ұлағатты ұстаз Тілеуқабыл Наралиевтың еліміздің оқу-ағарту саласына сіңірген елеулі еңбегі мен шәкірттердің талай буынын тәрбиелеудегі ұзақ жылғы ұстаздық еңбегі ескеріліп, өзінің төл бесігі – қасиетті Жуалы ауданының Құрметті азаматы атанып жатса нұр үстіне нұр болмақ. Мұны биылғы жылы ауданның басшылығы мен мәслихат депутаттары лайықты елеп-ескеретін болса, ұстаздар қауымына жасалған үлкен құрмет болмақ…
Нұржан МАНАСҰЛЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close