Basty bet
Мемлекеттік тілді еркін меңгерген Кристина
Қазақстан – көпұлтты мемлекет. Көпұлтты мемлекетте татулық пен бейбітшілікті нық ұстап отыру оңай шаруа емес. Қазақ халқы қашанда өзінің кеңпейілділігімен, ашықтығымен ерекшеленіп келгені барлығына белгілі.
Осы орайда елімізде өзге ұлт өкілдерін қолдау, олардың арасындағы татулықты сақтау мақсатында 1995 жылы Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылған болатын. Өзге ұлт өкілдері арасында қазақ тілін насихаттау үшін Ассамблеяның ұйымдастыруымен 10 жылдан бері Республикалық «Мың бала» мәдени-ағартушылық жобасы өткізіліп келеді. Жылдан-жылға жоба ауқымы кеңейе түскен бұл байқау Қазақстандық этностардың мемлекеттік тілді меңгерген жас өкілдерін анықтау, қолдау және ынталандыру, мемлекеттік тіл көпэтносты халқымызды біріктіруге жетелейді.
Жуалы ауданында өзге этнос өкілдерінің үлесі мол деп айтсақ болады. Олардың көпшілігі мемлекеттік тілді еркін меңгерген. Сондай жандардың бірі – №7 Т.Әкімов атындағы орта мектептің 8 сынып оқушысы Кристина Чакова.
Кристина қазан айында байқаудың облыстық кезеңінде «Өнер алды – қызыл тіл» номинациясында оза шауып, I орынды иеленді.
Байқаудың бірінші кезеңінде өзін және туған жерін, Жуалыдан шыққан көрнекті тұлғаларды тілге тиек ете отырып таныстырса, екінші кезеңінде Ахмет Байтұрсыновтың «Анама хат» өлеңін нақышына келтіре мәнерлеп оқыды.
Ахмет Байтұрсыновтың 13 өлеңін жатқа білетін Кристина өз өнерімен барша жұртшылықты және қазылар алқасын тәнті етті. Өнері әділ бағаланып, байқаудың республикалық кезеңіне жолдама алды.
Ол қазақ тілін өте жақсы меңгерген. Қазақ жазушыларының шығармаларын сүйіп оқитын және өлеңдерін жаттап жүретін зерек оқушы. Оның ынтасы мен өлеңді жаттау қабілеті тіпті кейбір қазақ балаларынан да асып түседі десек, артық айтқандық емес.
Қараша айының 27-28-і күндері Кристина екеуміз Астана қаласындағы марапаттау рәсіміне барып қайттық.
Өнерлі қыздың айтуынша, ол Астанадан өмір бойы ұмытылмайтындай әсер алып келген.
Жас өрендер Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қуандықұлы және басқа да мәдениет саласындағы жоғарғы лауазым иелерінің алдында өнер көрсетіп, жеңімпаз дипломымен және бағалы сыйлықпен марапатталды.
Астананың төрінде өткен салтанатты кеште барлық көрерменді тәнті еткен өнер – 9 облыстан келген 9 күйші аз ғана уақыт дайындалып, барлығы қосылып «Балбырауын» күйін жұрт алдында орындауы. Сондай-ақ, ұлты өзге болса да, қазақ тілінде өлең жазған жас ақындардың өнеріне куә болдық. Ұйымдастырушылар тарапынан жас өрендерге арналып, қаланың көрікті жерлерін тамашалау мақсатында экскурсия ұйымдастырылды.
Осы байқау болады дегелі Кристинаны қолдап, жеңіске жетуге жетелеген Жуалы аудандық білім бөліміндегі әдіскер Валентина Николаевнаны да ерекше атап өткім келеді. Ұлты өзге болса да, ауданымыздың қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдерінің басын біріктіріп, басқарып отырған маманға алғыстан басқа айтарымыз жоқ.
Еліміздің болашағы жас ұрпақтардың қолында десек, осы ұрпақты тәрбиелеу мен білім беру біздердің, ұстаздардың қолында. Олай болса мыңнан жүйрік, жүзден тұлпар шығатын өнерлі өрендеріміз көбейіп, олардың биік белестерді бағындыруларына тілектеспін.
Айжан КӨРПЕБАЕВА,
№7 Т.Әкімов атындағы орта мектептің
қазақ тілі мен әдебиеті
пәнінің мұғалімі