Basty bet
Электронды темекі несімен қауіпті?
Таяуда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Атырау жастарымен кездесуде электронды темекіге әуестеніп бара жатқан оқушылар туралы сөз қозғады. «Қазір ересектердің ермегіне айналған электронды темекіге оқушылар да әуестеніп барады. Мұндай темекіні балалар дүкеннен еш кедергісіз сатып алады. Бұл – қауіпті жағдай», деді Президент.
Айтылған сөздің жаны бар. Мұны еліміздің Денсаулық сақтау министрлігінің соңғы төрт жылда шылым шегу бойынша жүргізген мониторингтік есебі дәлелдейді. Дерекке сүйенсек, жалпы бір реттік шылымды сатып алатын 12 мен 15 жас аралығындағы жеткіншектер саны үш есеге артқан. Бұл дегеніңіз әрбір мектептегі 15% ұл, 6% қыз электронды темекінің түтінін будақтатып көрді деген сөз.
Аты-жөнін жарияламауды өтінген 16 жастағы елордалық кейіпкеріміз бір реттік шылымды әуелде оқушылар арасында сән болғандықтан шегіп көргенін жасырмады. Ол түрлі түсті фломастер секілді кішкентай құтысы бар вейп кәдімгі шылымға қарағанда иіс шығармайды әрі зиянсыз деп есептейді.
– Электронды темекіге алғаш рет сыныптастарыммен көшеде жүргенімізде қызықтық. Дүкендегі сатушы ағайдан сұрастырып, неше түрі барын білдік. Никотині аз, иіс шығармайды «Түтін емес, бу жұтасың» деп вейпті мақтағаннан кейін ақша қосып, сол жерден сатып алдық. Басында қорқыныш сезімі болды. Ата-аналарымыз, мұғалім көріп қойса, не істейміз деп ойладық. Кейін кезектесіп үйге алып кететінді шығардық. Анама бір рет ұсталып қала жаздадым. Содан соң үйге әкелуді доғардым. Қазір жолдастарымның біразы шегуін тоқтатты. Бірақ менде әуестік бар сияқты. Іздеп тұратынды шығардым, – дейді 10-сынып оқушысы.
Тренд пен бренд қуған заманда жер-жерде қолдарына түтікше ұстап, аппақ буын будақтатқанға әуестенген оқушылар электронды темекінің зиянына аса үңіле қоймайды. Ғалымдардың айтуынша, бұл шылымдардың зияны аздау. Өйткені көміртегі тотығы токсиндер, шайыр және басқа да қосымша қоспалар жоқ көрінеді. Бұған қоса, электронды мен жай темекінің буын салыстырсақ, оның айналасындағы тыныстаушыларға қаупі төмендеу. Ал «Темекі түтінінен азат Қазақстан» ұлттық коалициясының жетекшісі Жәмилә Садықова, мұны таза «миф» деп санайды.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ақпаратына сүйенсек, шылым шегу салдарынан жыл сайын жаһанда 8 миллионнан астам адам қайтыс болады. Ал елімізде шылымның кесірінен жыл сайын 18 мыңға жуық адам көз жұмады екен. Өйткені темекі өкпенің қатерлі ісігі, өкпенің созылмалы обструктивті ауруы, демікпе, қан айналым жүйесі ауруларын: жүректің ишимиялық ауруы, артериялық гипертония, қан тамыры ауруларын тудырады. Бұған қоса ағзаның инфекциямен күресу қабілетін төмендетіп, иммундық жүйеге кері әсер етеді. Десе де әлеуметтік желіде де әлеуеттің әлегіне айналып, әбден жарнамаланған вейп, айкостар қолжетімді бағада сатылады. Мәселен, әрбір бөлшек сауда дүкенінде бір вейптің бағасы 2 мың теңгеден аспайды. «Республикалық психикалық денсаулық ғылыми-практикалық орталығы» ШЖҚ РМК Павлодардағы филиалының аға дәрі-гері Мәди Тоқанов вейптер қолжетімді болғандықтан тұтынатындар қатары да көбейді дейді.
– Жастар және ересек адамдар арасында электронды темекі шегу белең алуы қауіп болып тұр. Сұранысқа сай темекінің де түрі көп. Олардың құрамында не бар екенін ешкім біле бермейді. Мәселен, Қазақстанда вейптің құрамын зерттейтін зертханалар жоқ. «Ешқандай залалы жоқ, тек түтін шығарады» деген шындыққа жанаспайды. Бірақ сол түтіннің ішінде көптеген консергендер бар. Ол ағзаға өте зиян. Әрине оның зияндылығы ең соңында ғана байқалады. Тіпті уақыт өте келе зияндылық әсері күшейе түседі. Ғылыми деректер бойынша 70-80 пайызы осы электронды темекіні қолданатын адамдар қатерлі ісікке, онкологиялық ауруларға шалдығады. Бұған қоса синтетикалық заттардың оқушылардың әуестенуіне әсер ететін бірден-бір фактор қоғамдық орындарда, көліктерде шылым шегетін жандарды көп көруі. Олардың психологиясында шылым шеккен адам сондай бір мықты болып көрінеді. Одан бөлек бейнежазбалар, кино, сериалдарда кейіпкерлердің түтін шығарғаны оларды еліктірмей қоймайды. Әрі тағы бір парадокс, оқушыларда «Жоқ, болмайды» деген дүниені олар қызығып істейді. Негізі заң бойынша оны сатуға тыйым салынған. Дегенмен де оны белгілі бір сауда-саттық орындарынан алады. Қоғамнан бөлек жасөспірімдердің әуестігіне үйдегі ата-аналардың балаларына уақытында көңіл бөлмеуі де сеп. Бүгінде аурулардың халықаралық жіктемесі бойынша F17 деген (Темекі шегуден туындаған психикалық және мінез-құлық бұзылыстары) диагноз бар. Ауру болғаннан кейін физикалық-псхикалық көріністері болады. Көбінесе қобалжу, ренжу, көңіл күйінің тұрақсыздығы, ашушаңдық, бас ауруы, тәбеттің жоғалуы, егер адам сол темекіні белгілі бір уақытқа тоқтатса, кәдімгі есірткі қолданатын адам сияқты тәуелділігін сезінеді.
«Темекі түтінінен азат Қазақстан» ұлттық коалициясының жетекшісі Жәмилә Садықова электронды темекілерді немесе вейптерді қолдануы салдарынан өкпенің зақымдалғанын білдіретін арнайы эвейли (evali) ауруы бар екенін айтады. Бұл диагноздан емделу де қымбат. Жасанды тыныс алу аппаратын қосу арқылы ауруханаға жатқызуды қажет етеді. Өйткені оның белгілері тұмауға немесе пневмонияға ұқсас болуы мүмкін. Бірақ бұл ретте антибиотиктер көмектеспейді. Өткен жылы АҚШ дәрігерлері осындай дертпен үш мыңға жуық 40 жасқа дейінгі азаматты тіркеген. Ал 68 адам ажал құшқан.
Сондықтан қазір электронды темекі айналымына тыйым салу мәселесі күн тәртібінде тұр. Бұл проблема негізінде «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне денсаулық сақтау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасының тұжырымдамасы әзірленген-ді. Бұл осыдан екі ай бұрын «Ашық НҚА» сайтында жарияланған еді. Айта кетейік, әлемде Дания, Норвегия, Уругвай, Аргентина, Панама, Бразилия, Мексика, Канада, Таиланд, Үндістан, Гонконг, Сингапур, Малайзия, Филиппин, Ливан, Қатар сияқты 32 ел вейпті сатуға тыйым салған.
Зейін ЕРҒАЛИ,
«Egemen Qazaqstan»