Basty bet

Баршаның баласын бауырға басқанбыз

немесе ұлттар арасындағы сыйластық пен бірлік елді тату тірлікке бастайды

1996 жылдан бастап 1-ші мамыр Қазақстан халқының бірлігі күні болып белгіленген. Елімізде 130-дан астам елдігі мен бірлігі жарасқан ұлттың өкілдері өмір сүреді. Қазақ еліне қоныстанған өзге ұлттар «тілі басқа болғанмен, тілегі бір, жүзі басқа болғанымен жүрегі бір» болып бірлесе өмір сүріп, бірге еңбек ету арқылы ел ырысын еселеп келеді.
Бүгінгі күні олар егемен еліміздің іргесін бірге бекітуге және керегесін бірге кеңейте түсуге атсалысып, қатарымызда келе жатқаны біз күнделікті куә болып отырған тарих пен тағылым.
Атап көрсеткендей, біздің өлкеміз сан ұлттың өкілі бас қосқан және бақыт тапқан мекен саналады. Бүгінгі күні Жуалы өңірінде өзбек, әзірбайжан, шешен, неміс және орыс ұлттарының және т.б. өзге этнос өкілдері бар. Олардың әрқайсысы өз салт-дәстүрлерін сақтай отырып өңірдің дамуына өз үлесін қосып келеді. Бұл жай ғана айтыла салған сөздің бірі емес. Өзара бірлесіп өткізген өмір – шынайы ортақ тарих.
Халқымыздың өзге ұлттардың өмір сүруіне және осында сіңісіп кетуіне жасаған жақсылықтары мен ізгі істеріне олар да ерекше құрметпен қарайды. Біздің елдегі халықтардың арасында бұлжымас достық пен жылылық орнаған. Қиын кезеңдерді бірге бастан өткізіп, бір-бірлеріне сүйеу бола білген халықтар арасында алғысқа толы сезім қалыптасқан.
Қуған-сүргінге ұшыраған халықтардың атынан Қазақстан Республикасының бірнеше өңірінде қазақ халқына алғыс монументтері орнатылғандығы да соның айғағы. Бұл белгілер кейінгі ұрпақтың тату-тәтті әрі бейбіт өмір кешуімен бірге ата-бабаларының көрген қиыншылықтарын мәңгі ұмытпау мақсатында да қойылған деуге болады.
Қуғын-сүргінге, жер аударылуға ұшырап, одан кейінгі тағдыр-талайын қасиетті Қазақ елімен және қазақ жерімен байланыстырған халық дәстүрлері мен жаратылыстарын қазақ халқының өмірімен үндестіріп, ұқсастырып бауыр баса білді. Біте қайнасып достықтары туыстыққа ұласып, ұлтына қарамай отбасын құрған тату-тәтті жанұялардың өмірі де осынау береке-бірліктің және сыйластықтың арқасы.
Олар өмір сүріп, білім алу арқылы үлкен жетістіктерге жетіп, өз тарихын және салт-санасын, дінін және тілін сақтауға жан-жақты әрі мол мүмкіндік жасағаны үшін, демек қиын-қыстау кезеңде қолдау көрсетіп, қол ұшын берген қазақ халқына дән риза.
Осындай аға ұрпақтың қалыптастырған сара жолы кейінгілердің санасында қағида болып қалыптасса игі. Осынау игілікті іс ел ішінде кеңінен насихатталып, өз жалғасын тапқанда ғана қасиетті Отанымыздың бейбіт өмірі мен ел іргесінің берік болуына қосылған зор үлес болары айдан анық.

Мұратқали РАХМЕТОВ,
аудандық билер кеңесінің төрағасы.
Ауданның Құрметті ардагері

Таңдаулы материалдар

Close