Basty bet

Мәдениеттің төресі – оқу

сондықтан, құрметті оқырман, жазылым науқанына бей-жай қарамайық!

Өткен жұма күні “AULIEATA-MEDIA” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры Оралхан Дәуіт пен “Арай” облыстық жастар газетінің редакторы Тұрсынбек Сұлтанбеков аудан активімен кездесу өткізді.
Кездесуді аудан әкімінің міндетін атқарушы Асхат Жабағы жүргізді.
Жазылым науқаны негізінен маусым айының 25 жұлдызында аяқталады. Жазылым әрі қарай да жүре береді. Яғни, әр айдың 25-ші жұлдызына дейін жазылған оқырман, газетті келесі айдың бірінен бастап, ала алады.
Кездесуде аудан тұрғындарын жазылымға атсалысуға шақыру мақсатында келген ЖШС өкілдеріне сөз кезегі берілді.
Оралхан Дәуіт газет-журналдардың қоғамға, бұқараға берер пайдасын, халықтың руханиятын көтеруде, мемлекеттің саясатын жүргізуде, ұрпақтың бойына тәлім-тәрбие сіңіруде алатын орны мен қызметіне тоқталды. Сонымен бірге, жуалылықтарды “AULIEATA-MEDIA” жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне қатысты газеттер “Ақжол”, “Знамя труда”, “Арай” газеттеріне ғана емес, жалпы ұлт баспасөзіне жанашырлық танытуға шақырды.

“Арай” облыстық жастар газетінің редакторы Тұрсынбек Сұлтанбеков ұлт көшбасшысы Ахмет Байтұрсынов айтқандай, газет – халықтың көзі, құлағы, тілі ғана емес, оның ағартушылық қызметіне тоқталды. “Газеттің өзі бір күндік, сөзі мың күндік” демекші, оның сарғайған әрбір беті тарих екенін айта келіп, көпшілікті жазылым науқанын пайдаланып, өздеріне қажетті, сүйікті басылымдарына жазылып, рухани баюға шақырды.
Аудан әкімінің міндетін атқарушы Асхат Базарбайұлы кездесуге жиналған аудан әкімдігінің бөлім басшылары мен мекеме басшыларын газет-журналдарға жазылу науқанына үлкен жауапкершілікпен қарауға шақырды.
Шыны керек, соңғы жылдары барлық басылымдардың тараламы азайып келеді. Ол халықтың рухани мәселелерге өте аз көңіл бөлетіндігінің салдары, яғни, екі-үш мыңға газетке жазылып, алты ай газет алып оқығаннан гөрі, сол қаржыға кафеге барып шәй ішкенді, салонға кіріп сәнденгенді жөн көретіндердің қатарының көптігінен.
Мәдениеттің төресі – оқу. Жас ұрпақтың тәрбиесіне көңіл бөліп, жастардың арасындағы келеңсіздіктерді алдын аламыз, олардың сауатсыз жазуы мен сөйлеуін түзейміз десек, балаларымызды кітап, газет-журнал оқуға баулуымыз керек. Ұл-қызымыз оқу үшін бірінші өзіміз үлгі болуымыз қажет. Газет-журналдарға жазылып, балаларымызға өзінің жасына қарай басылымға жаздырып беріп, бірге оқысақ, бұл кемшіліктерді уақыт өте түзейтін боламыз.
Қазақ баспасөзіне деген көзқарас, сайып келгенде қазақ руханиятына деген көзқарас. Сондықтан жазылым науқанына бей-жай қарамайық, ағайын!

Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close