Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында «Латыншаға көшудің терең логикасы бар. Бұл қазіргі заманғы технологиялық ортаның, коммуникацияның, сондай-ақ ХХІ ғасырдағы ғылыми және білім беру процесінің ерекшеліктеріне байланысты»,- деп латын әліпбиі қоғамымыздың жаңа кезеңдегі ең қажетті таңдауы екенін айтты. Латын әліпбиіне көшудің халқымыз үшін қаншалықты маңызды екендігі туралы бас басылым «Егемен Қазақстан», «Қазақ әдебиеті» тағы да басқа газеттерде ұлт қайраткерлері мен тіл жанашырлары өз пікірлерімен бөлісіп жатыр.
Жалпы, қай әліпбиде болсын тарихи мақсатымен бірге оның заманауи міндеттері болады. Қазақ тілін латын әліпбиіне көшірудің ең үлкен мақсаты – тіліміздің тазалығын қалпына келтіру.
Тіл – мәдениеттің негізі, жазу сол мәдениеттің жоғарғы сатысы. Біздің бабаларымыз мәдениеттің осындай жоғарғы сатысында болған.
Латын әліпбиі қоғамның барлық саласына уақытымен және сапалы түрде енуі үшін барлық қазақ өзінің ана тілінде сөйлеуі, жазуы, оқуы керек.
Жаһандану кезінде еліміз латын әліпбиі арқылы тек әлеуметтік-экономикалық мәселелерді ғана емес, сонымен бірге халқымыз үшін аса зор рухани мәселені де шешеді. Сондықтан да Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласындағы ең бастапқы, бірінші міндет қазақ тілінің латын әліпбиіне көшуі қазақ халқының сана деңгейіндегі отарсыздануға, жаңаша жаңғыруға, бүгінгі қоғамдық үдерістерге ілесуге бастайды.
Латын әліпбиіне көшу арқылы санамызға, білімімізге, мәдениетімізге серпін беретін талай жаңалық енбек. Әрине оған жету үшін мемлекетпен бірге халықтың өзі ықылас қойып, ынтамен кірісуі қажет. Әркім өзін ұлтының азаматымын деп ұғынып, қазақтың ұрпағы екенін сезініп атсалысса, ортақ ісіміз жемісін бермек. Сондықтан ауданымыздағы әртүрлі санаттағы азаматтармен сұхбаттасып, латын әліпбиіне көшу мәселесі туралы ой-пікірі, өзінің тарапынан қандай үлес қосуда осы мәселер туралы әңгімелескен едік.
Естемес Аманбеков, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы:
Латын әліпбиіне көшу мәселесі орынды қолға алынып отыр. Оған өз басым қосыламын.
1953 жылы 4 сынып оқып жүргенімде «Алпамыс батыр» жырын латын қарпінде оқығанмын. Ал, қазір газеттердегі латын қарпіндегі жазуларды жақсы оқи алмаймын. Себебі, кей әріптер бір-біріне ұқсас шатасып кетеміз. Латын қарпін жастар жағы тез иегеріп кетеді. Олар үшін қиындық тудырмайды деп ойлаймын.
Жалпы, жастар үшін, еліміздің келешегі үшін латын қарпіне көшкеніміз әрине дұрыс. Ол үшін бірден емес, кезең-кезеңмен көшеміз. Сондықтан әркім үйренуге қазірден кірісуі керек.
Мәжит Айжанов, аудан әкімдігінің білім бөлімінің басшысы:
-Латын әліпбиіне көшу – еліміз үшін, өнеріміз бен мәдениетіміз үшін үлкен рухани құбылыс.
Білім саласында 2020 жылы мектептердің маңдайшаларын латын қарпінде жаза бастаймыз.
Жалпы, 2017 жылдан бастап бөлім тарапынан қазақ тілі әліпбиін латын графикасына кезең-кезеңімен көшіру бойынша іс-шаралар жоспары жасалып, барлық білім бөліміне қарасты білім мекемелеріне таратылып, жұмыстар жүйелі жүргізілуде. Мәселен, 2017 жылы 3 қазанда «Мемлекеттік тіл және латын әліпбиіне көшудің болашағы» тақырыбында 9-10 сынып оқушылары арасында өткен облыстық турнирде Б.Майлин атындағы орта мектептің оқушысы Аружан Кенжебек пен Сәния Әбдіқадір Алғысхатпен марапатталды.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласының аясында латын әліпбиіне көшудің желілік кестесіне сәйкес «Латын қарпіне көшу: заманауи зерттеу әдістері» тақырыбында үздік ғылыми жоба байқауына ауданнан іріктеліп, үш жұмыс ұсынылды.
Тараз қаласы Ә.Бекейханов атындағы №1 гимназияның базасында «Латын әліпбиіне көшу – қазақ тілінің жаңа белесі» тақырыбында өткен облыстық семинарға ауданнан алты мұғалімнің қатысуына ықпал жасалды.
«Латын әліпбиіне көшу – тіл реформасының бір сатысы» тақырыбында тіл мамандарымен Көктөбе орта мектебі базасында ақпараттық сессия өтті. Оған 23 маман қатысты.
«Жаңа емле: құрылымы мен мазмұны» тақырыбында өткен республикалық семинарға қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдері қатыстырылып, сертификаттар алды.
Мамыр айында қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру, практикалық тұрғыдан меңгеруін нақтылау мақсатында «Жаңа қазақ әліпбиі – рухани жаңғырудың бастауы» тақырыбында өткен жалпыұлттық диктант жазу акциясына барлық білім саласына қатысты қызметкерлер қатысты.
Жаңа оқу жылына жасалған жоспар бойынша жақында жоғары сынып оқушыларымен «Латын әліпбиіне көшуге өз көзқарасым» тақырыбында үздік эссе байқауы өтеді.
Оқу жылының екінші жартыжылдығында «Латын әліпбиі: жаңғыру жазудан басталады» тақырыбындап тіл мамандарының қатысуымен пікірсайыс өтеді. Сонымен бірге жыл бойына жоғары оқу орындарымен бірлесе отырып, аудан педагогтарына арналған ғылыми-тәжірибелік кеңестер, конференциялар, «дөңгелек үстелдер» өткізу жоспарланған.
Фариза Оразымбетова, аудан әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы:
Латын әліпбиі халқымыз үшін таңсық емес. Себебі, ата-бабамыз латын қарпінде жазған, оқыған. Біз латын әліпбиіне көшу арқылы ұмыт болып бара жатқан дүниелерімізді қайта жаңғыртамыз. Қазір қарияларымыз ансамбльді, әнсәмбіл, тағы да басқа сөздерді айтқанда тілі келмегендіктен айтады деп ойлаушы едік. Бүгінді шын мәнінде ол кісілердің таза қазақ тілінде сөйлейтінін енді біліп жатырмыз. Қайта біз криллицаға беріліп кеткен екенбіз.
Біздің саладағы атқарылып жатқан жұмыстарға келетін болсақ, биыл үш рет жалпыұлттық диктант жазылды. Оған әртүрлі сала мамандары, қарапайым халық, оқушылар барлығы қатыстырылды. Алғаш жазылған диктантқа мың адам қатысса, соңғысында он мыңдай адам қатыстырылды.
Бүгінде елімізде «Қазақ тілі әліпбиін латын графикасына 2025 жылға дейін кезең-кезеңмен көшіру жөніндегі іс-шаралар жоспарына» сай латын қарпін үйрену жұмыстары жүруде.
Қазақ тілін латын қарпіне көшіруге байланысты іс-шаралар жоспарына сәйкес ауданда биылғы жылы 48 іс-шара өтті.
Жақында ғана облыстық тілдерді дамыту басқармасы «Қазақ тілі әліпбиін латын графикасына 2025 жылға дейін кезең-кезеңмен көшіру жөніндегі іс-шаралар жоспарының» 22 тармағына сәйкес кириллицадан латын графикасына қайта кодтаушы «qazlatуn.kz» конвертер бағдарламасын әкімдіктер мен басқармалар ресми сайттарына орналастыруы тиіс деген тапсырма келді. Ондағы мақсат – латын қарпін үйренуге арналған сайттардың қолданыс аясын кеңейту және жалпы көпшілікке қолжетімділігін арттыру.
Алдағы уақытта да жоспар бойынша жұмыстар атқарыла беретін болады.
Базаркүл Ысқақова, Күреңбел ауылының тұрғыны:
Латын әіпбиін үйрену аса қиын емес, тек шын ықылас керек. Мен өзім күнделікті әліпбиді үйренуге уақыт бөлемін. Себебі, біз немерелерімізге үйретуіміз керек.
Латын әліпбиіне көшу арқылы біз ұлттық мәдени мұраларымызды тани аламыз.
Қазір «Егемен Қазақстан» газетінде латын қарпінде жазылған мақалаларды жылдам оқи аламын.
2025 жылға дейін әлі уақыт бар болғанымен арқаны кеңге салуға болмайды. Заман талабына сай сананы жаңғыртуымыз қажет. Жаңашылдыққа, халқымыз үшін маңызды жаңалықтарға өз үлесімізді қосуға асығайық.
P.S. Иә, латын қарпіндегі қазақ әліпбиіне көшу – бұл акция емес, тілдік реформа. Сондықтан, оның дұрыс жүзеге асуына барлығымыз үлес қосуымыз керек.
Базаркүл анамыз айтқандай, үйрену үшін шын ынта керек.
Латын қарпіндегі қазақ әліпбиін үйренуге арналған маңызды іс-шаралардың бірі – ол жалпыұлттық диктант. Бірақ, бұл шараның өз деңгейінде өтпеуі, турасын айтқанда, кейбір мекемелерде ұйымдастырушылар тарапынан «біз сіздерге мәтінін береміз, сіздер соны көшіріп бере салыңыздар» деген немқұрайдылықпен өтуі мені қынжылтты. Егер сол шара өз тәртібімен өтсе, оған адам дайындалады, бірінші жолы төмен баға алса, келесі жолы дайындалып, дұрыс баға алуға талпынар еді.Әрбір іс-шара өз деңгейінде дайындықпен өткенде ғана нәтиже болады. Тамшыдай болса да әсер етіп, одан нәтиже шықпаса, саны бар сапасы жоқ шараның кімге қажеті бар?
Бізде әлі күнге дейін тек қағаз жүзінде өтетін іс-шаралар көп. Оны былтыр мәдениет үйлеріндегі латын әліпбиіне қатысты іс-шаралар жоспарын зерделеу жұмыстарын жүргізгенде көз жеткізген болатынбыз.
Ұлттық саясатымыздың басты мақсаты – рухани тазару, рухани жаңғыру, кемелдену. Елбасы айтқандай, заман талабына сай бәсекеге қабілеттілік, прагматизм, ұлттық бірегейлік, білім салтанаты, эволюциялық даму және сана ашықтығы. Осы құндылықтардың діңгегі, іргетасы – тіл екені белгілі. Сондықтан, бар боламын десек, рухымызды көтерміз десек, немқұрайдылықтан арылып, ұлттық намысымызды қамшылайық.
Перизат Шымыртайқызы,
«Жаңа өмір»