Basty bet

кәсіпкерлік саладағы проблемалар талданды

Жамбыл облысы әкімінің 2019 жылдың 13 наурызындағы № 70 өкімімен бекітілген жергілікті атқарушы органдар басшыларының жұмыс алгоритміне сәйкес бекітілген жұмыс кестесі аясында аудан әкімінің орынбасары Асхат Жабағы Бауыржан Момышұлы ауылы әкімі аппаратының мәжіліс залында аудандағы кәсіпкерлік субъектілер өкілдерімен кездесті. Басқосуға кәсіпкерлермен қатар аудан әкімдігінің кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің, Жамбыл облысы кәсіпкерлер палатасы аудандық филиалының, инвесторларға сервистік қызмет көрсету орталығының басшылары мен жұртшылық өкілдері шақырылды.

Шараны аудан әкімінің орынбасары Асхат Жабағы ашып, жүргізіп отырды.
– Жұмыс алгоритміне сай аудан әкімі, ауыл әкімі, жергілікті мемлекеттік орган басшылары әр ауылдық округте, әр елді мекенде болып, халықпен кездесулер өткізу жоспарланған. Осыған орай бүгін сіздермен жүздесіп отырмыз. Жиында қаралатын негізгі мәселе – кәсіпкерлік салада атқарылып жатқан жұмыстар мен проблемаларды сіздермен бірлесіп талқылау, алдағы жоспарлармен бөлісу, – дей келе ол сөзді аудан әкімдігі кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімі басшысының м.а. Шыңғыс Боранбаевқа берді.
Баяндамаға қарағанда ауданда жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілердің саны 4 150-ді құрайды. Облыс әкімі және аудандар әкімі арасындағы келісімдер мен белгіленген индикаторлардың орындалуына аудандағы кәсіпкерлер барынша жұмыс атқаруда. Мәселен, ағымдағы жылдың жеті айында ауданда өнеркәсіп өндірісінің көлемі 5329,157 мың теңгені құрап, былтырғы жылдың есепті мерзімімен салыстырғанда 103,1 пайызды құраған.
Кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімі облыс әкімі және аудан әкімі арасындағы төрт индикатор, облыс басқармалары мен аудан әкімі арасындағы 15 индикатор, жалпы 19 индикаторлық көрсеткішпен жұмыс атқаруда. Жыл басынан бері 17 индикатор орындалған.
Шағын кәсіпкерлік субъектілерді несиелендіру бағытында ауданда бүгінде бес шағын микрокредиттік ұйым кәсіпкерлік субъектілеріне несие берумен шұғылданады. Ағымдағы жылдың сегіз айында барлығы 3 198 адамға 1 810,082 млн. теңгенің несиесі берілген.
«Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасын іске асыру мақсатында бөлім мамандары барлық ауылдық округте халықпен кездесулер ұйымдастырып, бағдарламаның ережелері, мақсаттары туралы кәсіпкерлерге, шаруа қожалықтары басшыларына түсіндірме жұмыстары жүргізілген. Нәтижесінде пайыздық мөлшерлемесі субсидияланатын несие алу және инфрақұрылымды дамыту мақсатында ауданның ауылдық округтерінен келіп түскен ұсыныстар қаралып, нақты алты жобамен жұмыстар жүргізілген. Олар «Даму» қорының қолдауына ие болып, 80,4 млн. теңге несиеге қол жеткізген.
«Бизнестің жол картасы» бағдарламасы аясында кепілдік беру бағыты бойынша бес жоба өтіп, «Даму» қорынан 112,0 млн. теңге несиеге қол жеткізген. Сонымен қатар, Көкбастау ауылдық округінен «С.Тоқтаев» ШҚ-ның мал шаруашылығы фермасына қажетті өндірістік инфрақұрылымдар жүргізу құжаттары аудандық үйлестіру кеңесінің қарауына жолданып, кеңестің оң шешімін алған. Жоба құны 24,3 млн. теңгені құрайды.
«Қарапайым заттар экономикасы» мемлекеттік бағдарламасы аясында Ақтөбе ауылдық округі қанатқақты өңір болып белгіленіп, өз жұмысын бастаған. Аталған елді мекенге халықтың тұрмыс жағдайын көтеру мақсатында мемлекеттен 780,0 млн. теңге қаражат бөлінуде.
Ауданда өнеркәсіп өндірісін дамыту және жаңа жұмыс орындарын ашу бағытында да жұмыстар атқарылуда. Мәселен, «ҚазГидрооперейтинг» ЖШС Көксай каналының бойынан қуаттылығы 18 Мвт құрайтын кіші су электр станциясының құрылысын жүргізуде. Жоба құны 5,2 млрд. теңгені құрайды. Бүгінгі күні серіктестік ГЭС-нің төрт каскадын тұрғызу үшін іргетасын бекітіп, бетондау жұмыстарын жүргізуде. Электр станциясының құрылғылары толығымен жеткізіліп, құрастыру жұмыстары жүргізілуде. Жақында станцияның бірінші каскадын іске қосу межеленуде, толықтай келесі жылы іске қосылмақ.
Баяндамашы әрі қарай аудандағы туризм саласының дамуы барысына тоқтала кетті. Бүгінде ауданның туризм саласында Билікөл ауылдық округіндегі Берікқара шатқалында «Отбасылық демалыс орталығы» жұмыс істеуде. Мұнда 300 орындық қонақ үй, бассейн және басқа да демалыс объектілері тұрғызылған. Туризм объектісі жыл бойына жұмыс істейді және демалушыларға барлық жағдай жасалған. Демалыс орталығын кеңейту, дамыту мақсатында қосымша 300,0 млн. теңге инвестиция тартылу көзделіп отыр.
Одан бөлек, ауданда қысқы спорт түрлеріне арналған «Қаралма» тау-шаңғы кешенінің құрылысы қарқынды жүргізілуде. Бүгінгі күні тау-шаңғы базасына қажетті инфрақұрылымдар – жол, ауыз су, газ құбыры және электр қуатын тарту жұмыстарының 90 пайызы орындалған және 20 коттедждің орны қазылып, іргетасы құйылып, кейбір коттедждердің қабырғасы қаланған. Мұнда бір мезгілде 3000 адамға дейін қызмет көрсететін демалыс орталықтары бой көтереді. Демалыс орталықтарында қыс айларында тау шаңғысымен айналысуға мүмкіндік берілсе, жаз мезгілінде велотуризм, жылқымен саяхаттауға жағдай жасалады. Жоба құны 3 355 млн. теңгені құрайды.
Келесі сөз кезегін алған Жамбыл облысы кәсіпкерлер палатасының Жуалы ауданындағы филиалының директоры Алмас Әуесхан филиалдың атқарған жұмыстары туралы баяндап берді.
Бүгінгі күні ауданда 4 466 кәсіпкерлік субъектісі тіркелген, соның ішінде 3 ірі, 160 шағын кәсіпорын (заңды тұлға), 1 979 жеке кәсіпкер, 2 324 шаруа қожалығы. Аталған шаруашылық субъектілерінде барлығы 8 908 адам жұмыс істейді, соның ішінде 128 адам орта кәсіпорындарда, 692 адам шағын кәсіпорындарда, 1 678 адам жеке кәсіпкерлікте, 6 410 адам шаруа қожалықтарында.
Шағын және орта бизнес субъектілерінің экономикалық қызмет түрлерінің құрылымында 55,5% – ауыл шаруашылығы, 26% – өнеркәсіп, 8% – сауда, 11% – басқа салалар алады.
Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау саласы бойынша филиалға алты өтініш келіп түскен, соның ішінде екі өтініш оң шешілсе, төртеуіне түсініктемелер берілген. Одан бөлек, сервистік қызмет көрсету аясында филиал рұқсат беру құжаттарын алған 30 жобаны сүйемелдеген, бұл жобалар негізінен жеке кәсіпкер ретінде қызметінің басталғаны туралы хабарламаны тіркеуге және құрылыс объектілерін заңдастыруға қатысты.
Ұйымдастырылған және өткізілген семинарлар мен кеңестердің жалпы саны 20, оның ішінде 6 семинар Бастау және Жас кәсіпкер қатысушылары үшін салық заңнамасын түсіндіру бағытында мемлекеттік кірістер басқармасы қызметкерлерін және ауыл шаруашылығы бөлімінің қызметкерлерін тарта отырып, субсидия талаптарын түсіндіру жергілікті атқару органдарымен, кәсіпкерлік бөлімімен бірлесіп аудан кәсіпкерлерімен, мемлекеттік бағдарламаларды түсіндіру жөнінде 14 жиын өткен.
Аудан кәсіпкерлерімен өткізілген кеңес нәтижесінде бір әкімшілік кедергі анықталған, ол бойынша проблемалық мәселелер тізіліміне енгізу үшін ұсыныс жасалып, кәсіпкерден өңірдегі кәсіпкерлер палатасына хат жолданған.
Талдау барысында аудандық «Жуалы газ» кәсіпорнының кәсіпкерлік субъектілерінен тұтыну көлеміне алдын ала өтінім беру және 15 күнтізбелік күн ішінде мәлімделген газ көлеміне алдын ала төлем жасау бөлігінде заңсыз іс-әрекеттеріне қатысты бір әкімшілік кедергі анықталды (кәсіпкерлер мәселесі ӨКП-ға жеткізілді). Бұл әрекетті ҰКП заңсыз деп, кәсіпкерлердің құқығын қорғап, бүгінгі таңда бұл мәселе оң шешімін тапты.
Есепті мерзімде филиал жалпы сомасы 606,5 млн. теңгеге 144 жобаны сүйемелдеген, соның ішінде 531,5 млн. теңгеге 121 жоба қаржыландырылған, 75,0 млн.теңгеге 23 жоба қаралуда.
Жеңілдікті кредит («қарапайым заттар экономикасы») беру тетігі аясында филиалдың сүйемелдеуінде төрт жоба бар, оның ішінде 3,0 млн. теңге сомасына бір жоба қаржыландырылған, қалған жобалар бойынша құжаттар жиналуда.
Мемлекеттік қолдау шараларын ұсыну шеңберінде 113 кәсіпкер сүйемелденген, соның ішінде жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған гранттар – 31 кәсіпкер жалпы сомасы 90,0 млн.теңгеге, 100/200 АЕК мөлшерінде мемлекеттік гранттарды ұсыну бойынша конкурсқа – 78 адам, АӨК аясында инвестициялық субсидиялау бойынша – 4 кәсіпкер жалпы сомасы 32,3 млн. теңге.
Тауарларды жылжыту мақсатында отандық тауар өндірушілер шығарылатын өнімді ішкі және сыртқы нарықтарда өткізетін әлеуетті кәсіпкерлердің тізілімі жасалған. Тізілімге ауданның 31 кәсіпкері енген, олардың ішінде түрлі саладағы экспорттаушылар бар.
«Бастау» және «Жас кәсіпкер» жобаларына тиісінше 135 және 100 тыңдаушы қатысқан. «Бастау» жобасының 135 тыңдаушысының 37-і 125,3 млн.теңгеге қаржыландырылған. 29 млн. теңге сомасына 11 жоба қаралуда, жобалардың көпшілігі ауыл шаруашылығына тиесілі (ұсақ мал, ірі қара және жылқы өсіру). «Жас кәсіпкер» тыңдаушыларының 45 жобасы құрылып, жұмыспен қамту орталығына 200 АЕК көлемінде мемлекеттік гранттарды ұсыну бойынша конкурсқа қатысушы ретінде жіберілген. Сонымен қатар, «Бастау» және «Жас кәсіпкер» тыңдаушыларына бизнестің рентабельді түріне, ең аз салымдарға кәсіби бағдар беру жүргізілуде.
– «Бастау» жобасының бес легін Билікөл ауылдық округінде (аудан орталығынан 60 шақырым) өткізуді жоспарлап отырмыз. Ауылдық округ әкімі оқытуға қажетті негізгі құралдарды ұсынып отыр (70 адамға арналған зал және бизнес жаттықтырушы мен үйлестірушінің жұмысы үшін компьютер).
Жыл басынан істерін жаңа бастап жүрген кәсіпкерлерге арналған «Бизнес-кеңесші» құралы бойынша 55 адам оқу курстарынан өткізіліп сертификаттар берілді. «Жобалық оқыту» құралы бойынша 10 кәсіпкерлік субъект, іскерлік байланыстар бойынша екі адам оқытылған,-деді Алмас Әуесхан.
«10 соттық» жобасы аясында жеміс және цитрусты дақылдарды өсіру бойынша шетелдік сарапшыларды тарта отырып, бір семинар ұйымдастырылған. Нәтижесінде алты кәсіпкер лимон өсіру жобасына қатысуға ниет білдіріп, Түркістан облысы, Сарыағаш ауданы «Сарыағаш жер сыйы» ЖШС және Өзбекстан Республикасы, Әндіжан облысы, Акаса ауданына кәсіпкерлерді практика жүзінде апарып көрсетілген. Бүгінгі күні аудан кәсіпкерлерін, «Бастау» және «Жас кәсіпкер» тыңдаушыларын осы жобаға тарту бойынша жұмыстар жүргізілуде, сондай-ақ сарапшы ретінде ауданның ауыл шаруашылығы саласындағы екі практик тәжірибесі тартылған.
Кездесу барысында жеке кәсіпкер Жаңыл Маемерова орталық базардың төңірегінде қалыптасқан жағдайды айтып, атқарушы органдардың назарына осы проблеманы тезірек шешу қажеттігін жеткізді. Бұл мәселе бойынша ауыл әкімі Көбейсін Хайралапов кең түсініктеме берді.
Жиында қозғалған басқа да мәселелерге аудан әкімінің орынбасары Асхат Жабағы, кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімі басшысының м.а. Шыңғыс Боранбаев, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы аудандық филиалының директоры Алмас Әуесхан жауап берді.

Абылайхан СӘРСЕН.
Суреттерді түсірген
Сәбит КҮЗЕМБАЕВ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close