Basty bet

Жас ұрпақ тағылым алар ағалар достығы

Ұлы Отан соғысының алғашқы күндерінен Ұлы Жеңіспен аяқталған соңғы сағаттарына дейін майдан даласында ерліктің өшпес өнегесін көрсеткен жерлесіміз Есіркеп Дауылбайұлы туралы газетімізде бұған дейін аз-кем жазылған. Өткен жылдың соңында, яғни 25 желтоқсан күні Тараз қаласында облыстық ардагерлер кеңесінің ұйымдастыруымен марқұм Дауылбай Есіркеповтың 100 жылдығына орай еске алу жиыны өтті. Жиында Есіркеп Дауылбайұлының еңбек жолы, өмір жолы, адамгершілік қасиеттері туралы естеліктер айтылды.

Есіркеп Дауылбайұлы 1919 жылы Алатау ауылында өмірге келген. Бес жасында әкесінен айырылып, жетімдіктің тауқыметін көп тартады. Шақпақ ауылындағы балалар үйінде тәрбиеленеді. Өжет, білімге құштар бала қандай қиындықтар болса да, төтеп беріп, білім алудан, кәсіп үйренуден шет қалмайды.
16 жасында фабрика-зауыт училищесіне оқуға түсіп, жұмысшы мамандығын игереді. Ал 1938 жылы педагогикалық училищеге түсіп, өзінің сүйіп таңдаған мамандығын меңгеріп шығады.
Өткен ғасырдың отызыншы жылдарының соңы халықаралық қатынастар шиеленісіп тұрған кезең болатын. Кеңес Одағының Финдермен соғысы бұрқ ете қалып, сол қақтығысқа Есіркеп Дауылбайұлы да қатысады.
Әскери міндетін абыроймен атқарып, елге қайтуға дайындалып жүрген кездерде Ұлы Отан соғысы басталып кетеді. Есіркеп Дауылбайұлы майданнан майданға аттанады. Содан 1941 жылдың маусымынан 1943 жылдың тамызына дейін Ұлы Отан соғысында Воронеж майданында кескілескен ұрыстарда ерлік көрсетті. Майданда ауыр жарақат алып, әскери госпитальда ем қабылдады. Сауығып шыққан жауынгер Прибалтика майданында қайта ұрысқа кіріседі.
Майдан даласындағы ерлігі үшін Есіркеп Дауылбайұлы Қызыл Жұлдыз орденімен, үшінші дәрежелі Даңқ орденімен, бірнеше медальдармен марапатталады.
Аға лейтенант шенін алып, кеудесін орден-медальдарға толтырып елге келген Есіркеп Дауылбайұлы туған жерге келіп, туған өлкенің дамуына зор үлесін қосады.
Есіркеп Дауылбайұлы жерлесіміз Батыр Баукеңмен ағалық-інілік, достық сыйластықта болған жан. Ол туралы өткен жылы «Егемен Қазақстан» газетінің №244 санында жарияланған журналист Хамит Есаманның «Туған жердің төріндегі тарихи сәттер» атты мақаласында жазылды.
Даңқты қолбасшы ауылына әр келген сайын Есіркеп Дауылбайұлының үйіне түсіп, қонақ болады екен. Батыр ол кісіні іні тұтып, дос ретінде де жанына жақын тартыпты. Осы ретте мақаладан үзінді келтіре кетейік.
«Есіркеп Дауылбайұлы 1919 жылы дүниеге келген. Фин және Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан. 1963-1974 жылдары аудандық компартия комитетінің екінші хатшысы болып қызмет атқарған. Сарғайған суреттерді алға тарта отырып, сол бір тарихи сәттерді Есіркеп Дауылбайұлының ұлы Ермек Дауылбаев сағынышпен еске алады. «Негізі Бауыржан ағамыз бен әкеміздің тағдыры бір-біріне ұқсас. Екеуі де жастайынан жетім өскен. Шақпақтың бет қаратпас боранына, соғыстың қиындығына төзген азаматтар еді. Талай қиындықтарға тап болса да, өздерінің адамдық қасиетін жоғалтқан жоқ. Сондай-ақ, Баукеңнің туған күні 24 желтоқсан болса, әкеміз 25 желтоқсанда дүниеген келген екен», дейді Ермек Есіркепұлы.
Сарғайған суреттер сыр шертеді. 1971 жылы Жуалы жерінде Бауыржан Момышұлының 60 жылдық мерейтойы өтеді. Содан бері жарты ғасырға жуық уақыт өтсе де, бұл естелік суреттер архивте және ұрпақтарының қолында көздің қарашығындай сақтаулы. Батыр тұлғаның мерейтойына өзінің майдандас досы, жазушы Дмитрий Снегин де арнайы келеді. Туған жерінде дүркіреп өткен тойға Жамбыл облыстық партия комитетінің екінші хатшысы К.Лихарев келіп, Баукеңе Еңбек Қызыл Ту орденін салтанатты түрде табыс еткен екен.
«Бауыржан аға келгенде үйімізге аудан басшылары жиналып, өзара сұхбат құрушы еді. Ол кісіге лайықты құрмет көрсететін. Ауданның бірінші хатшысы Д.Жигалкин, екінші хатшысы М.Әбдірахманов, аудандық атқару комитеті төрағасының бірінші орынбасары Н.Свитич және аудандық «Жаңа өмір» газетінің редакторы Ә.Айтақов сияқты лауазымды кісілер жиналатын. Менің есімде анық қалғаны, Бауыржан ағамыздың «Москва үшін шайқас» атты кітабын оқыған соң, әскери стратег ретінде ол кісіні Фидель Кастроның Кубаға шақырғаны туралы әңгімесі.
Біздің үйге келгенде Баукең Куба мемлекетіне барғалы жүр екен. Сонда жиналған кісілерге Бауыржан ағамыз «Менің Кубаға бүкіл қазақ елінің атынан қалай бара жатқанымды көрсетейін», деп ұлттық нақыштағы қылышты, шапан мен бөрікті көрсетті. Содан кейін Мәскеуге аттанды. Мен ол кезде он үш жастағы бала едім», дейді Ермек Дауылбаев. Бұл алпысыншы жылдардың орта шенінде болған тарихи сәт.
Сонымен қатар Бауыржан Момышұлы ауылына әр келген сайын оқырмандармен кездесіп тұруды дәстүрге айналдырған екен. Әр сапарында досы Есіркеп Дауылбайұлы екеуі бірге жүретін болған.
Майдандас достардың арасындағы беріктік өмірлерінің соңына дейін сақталғанын айтады.
Бауыржан Момышұлы дүниеден өткен соң, екі жылдан кейін Есіркеп Дауылбайұлы да дүние салады. Бүгінде талай жылдардан бері сақталып келе жатқан сарғайған суреттер тұлғаның туған жер төріндегі тарихи сәттерінен көрініс береді».
Бауыржан Момышұлының есімі ел есінде аңыз болып сақталады. Батырдың майдан даласындағы ерлігі мен өнегелі өмірі, қайсар мінезі мен болмысына біткен тектілігі бір бөлек. Сонымен қатар ол жазушы ретінде де қазақ ұлтының әдебиетін өзінің шыншыл шығармаларымен байытты.
Биыл даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлының туғанына 110 жыл. Өмір жолы мен еңбек жолынан тағылым алар ағалардың есімі жас ұрпақтың жадында мәңгі сақтала береді.

СУРЕТТЕ: Бауыржан Момышұлы Жуалы оқырмандарының арасында. Артында тұрған Есіркеп Дауылбайұлы

Перизат Шымыртайқызы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close