Basty bet
Жолдауды қызығушылықпен түсіндірді
Ауданға Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру барысын түсіндіру бойынша облыстық ақпараттық-түсіндіру тобы келіп, аудан тұрғындарымен кездесіп, қызықты және тартымды әңгіме жүргізді.
Осы ақпараттық-түсіндіру тобының жетекшісі, облыстық кәсіподақтар кеңесінің төрағасы Мейрамбек Төлепберген Бауыржан Момышұлы ауылы әкімдігінің мәжіліс залында аудан орталығында орналасқан мектептер, балабақшалар, ауыл әкімдігінің қызметкерлерінің және қоғамдық жұмысшылардың қатысуымен өткен жиналыста Президент Жолдауын тиянақты түсіндіріп өтті.
Жиналысты ауыл әкімінің орынбасары Затыбек Пашенов ашып, сөзді Мейрамбек Төлепбергенге берді.
– Үстіміздегі жылдың 2 қыркүйегінде халыққа жарияланған Президент Жолдауы – мемлекеттің келесі жылға жасалған бағдарламасы. Сондықтан осы Жолдауда белгіленген тапсырмалар кезең-кезеңімен орындалады,- дей келе, спикер қарапайым, түсінікті тілмен жиналғандарға жылдың маңызды құжатын таныстырып, оның әр бөліміне тоқталды.
Баяндамашы, сондай-ақ, Жолдаудың төртінші «Әлеуметтік жаңғырудың жаңа кезеңі» бөлімі бойынша алдағы жылдарда мәдениет, білім және денсаулық сақтау салалары қызметкерлерін күтіп тұрған жаңалықтары мен қатар аз қамтылған, көпбалалы отбасылар үшін Үкіметтің көрсететін қолдауы мен қамқорлығы жайлы да тілге тиек етті.
Кездесу соңында спикер Мейрамбек Мылтықбайұлы жиынға қатысушылардың көптеген сұрақтарына жауап берді.
Сондай-ақ, осы күні сондай кездесулер Әбдіқадыр, Диқан, Ақбастау, Түктібай, Жаңаталап, Қосбөлтек ауылдарында да өтті. Онда облыстық ақпараттық-түсіндіру тобының мүшелері М.Х.Дулати атындағы ТарМУ-дың «Психология және педагогика» кафедрасының доценті Дархан Байдалиев, облыстық мемлекеттік архивінің директоры Қалдыкүл Башенова, облыс әкімдігінің қаржы басқармасының басшысы Роза Исаева, ТарМУ «Қашықтықтан және сырттай білім беру» кафедрасының деканы Бақыт Мырзабеков, ТарМПУ иммидж және қоғаммен байланыс орталығының директоры Нұрлан Сансызбаев және М.Х.Дулати атындағы ТарМУ «Қазақстан тарихы» кафедрасының меңгерушісі Ермекбай Серікбаев қатысып, ауыл тұрғындарына Елбасының Жолдауын түсіндіріп, насихаттады және тыңдаушылардың көптеген сұрақтарына жауап берді.
Гүлмира ДЕМБАЕВА,
Суреттерді түсірген
Сәбит КҮЗЕМБАЕВ,
«Жаңа өмір»