Basty bet
Жетітөбеде шешімін күткен мәселелер бар
Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметовтың арнайы өкімімен бекітілген жұмыс алгоритміне сәйкес өткен аптаның соңында аудан әкімі Нарбай Ергебеков жұмыс сапарымен Жетітөбе ауылдық округіне барды. Әкімнің жұмыс сапары аталған ауылдық округке қарасты 35 аула, 170 тұрғыны бар Қосмұрат ауылынан басталды. Онда Н.Ергебеков ауылдық медпункттің жұмысымен танысқан соң ауыл тұрғындарының мұң-мұқтаждарына қанықты. Онда Алтынбек Рақышұлы көшесінің тұрғындары Тұранкүл Рақышева, сонымен бірге өзге де тұрғындар біраз жылдардан бері қордаланып қалған өзекті мәселелерді сөз етті. Тұранкүл апайдың айтуынша, мұндағы көше жолына бірде-бір рет асфальт төселмеген екен. Одан бөлек, бұл ауылда мектептің жоқтығына байланысты балалар Шыңбұлақ ауылындағы Т.Рысқұлов атындағы орта мектепке автобуспен тасымалданып, оқытылады. Ауылдың ішіне аялдама салу жөнінде де мәселе біраз жылдар бұрын көтерілгенімен әлі де өз шешімін таппай келеді. Тағы бір айта кетерлігі, төрт түлік өсіріп, сол арқылы жан бағып отырған ағайын жайылым мәселесінің де өзекті болып отырғанын қынжыла жеткізді.
Аудан әкімі Нарбай Ергебеков келесі кезекте Шыңбұлақ ауылында болып, бірқатар әлеуметтік нысандардың жұмысымен танысты. Онда аудан басшысына №24 Т.Рысқұлов атындағы орта мектептің, мектеппен жапсарлас орналасқан «Балдәурен» бөбекжай-балабақшасының, ауылдық клуб пен кітапхананың жұмысы таныстырылды. Ауылдық клуб пен кітапхана орналасқан ғимарат 1960-шы жылы салынған екен. Тиісінше, мұнда қандай да бір мәдени іс-шаралар өткізуге мүмкіндік жоқ. Себебі, ғимарат өте тар. Аудан әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Сауытбек Махамбетов, ауылдық клубтың маманы Айман Ортаева осындай мәселелердің бар екенін, алдағы уақытта типтік үлгіде мәдени ошақ салынса деген тілектерін жеткізді. Сонымен бірге аудан басшысы Майбұлақ ауылында жақында ғана құрылысы аяқталған медициналық пунктті көрді. Шағын ауылдағы медпункттің құжаттары рәсімделіп жатқан көрінеді.
Аудан басшысының Жетітөбе ауылдық округіне жасаған жұмыс сапары Тасбастау, Қоңыртөбе ауылдарында жалғасып, онда да әлеуметтік нысандардың күнделікті жұмысы мен мәселелері назарға алынды. Мұндағы мектеп, мешіт, балабақша, кітапхана, медициналық пункттің тыныс-тіршілігі әкімнің назарынан тыс қалған жоқ.
Жетітөбе ауылдық округінің жұртшылығы округтің орталығы Кәріқорған ауылындағы №7 Т.Әкімов атындағы орта мектептегі қорытынды жиында бас қосты. Жиынды аудан әкімі Нарбай Ергебеков сөз сөйлеп ашты.
– Құрметті округ тұрғындары. Облыс әкімінің арнайы өкімімен бекітілген жергілікті атқарушы орган басшыларының жұмыс алгоритміне сәйкес бүгін сіздермен кездесуге әрі осындағы мәселелермен тереңірек танысу мақсатында келіп отырмын. Маған айтар өтініш-тілектеріңіз болса, тыңдауға әзірмін,- деді Нарбай Әбілқасымұлы.
Басқосу барысында ауылдық округ әкімінің міндетін атқарушы Батыржан Таңатов тоғыз айдың қорытындысына арналған ауқымды баяндама жасады. – Жетітөбе ауылдық округі алты елді мекеннен құралған. Округте 3041 адам тұрады. Оның ішінде 171 адам зейнеткерлер санатында. Округ көлемінде үш орта, бір бастауыш мектеп, екі балабақша, үш медпункт, екі ауылдық клуб, үш кітапхана, үш мешіт, тоғыз дүкен бар.
Ауылдық округ әкімінің аппараты өз жұмыстарын Қазақстан Республикасының «Салықтар және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Салық Кодексінің 369 бабының 2 тармағына және 372-373 баптарына, сондай-ақ, «Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңына сәйкес өз деңгейінде тұрақты жүргізуде.
Қазақстан Республикасының 16.02.2012 жылғы «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» Заңына сәйкес, округ бойынша 18-27 жас аралығындағы биылға әскер қатарына шақырушылардың жалпы саны 32 азаматты құрап отыр. Қазіргі таңда төрт азамат әскер қатарында әскери борышын өтеуде.
Округтегі аз қамтылған отбасыларды қолдау барысындағы іс-шаралар бойынша қазіргі таңда 62 отбасы әлеуметтік көмек алып жатыр. Ауыл шаруашылығы саласына тоқталсам, округте 276 шаруа қожалық бар. Оның барлығы мал және егін шаруашылығымен айналысады. Округімізде бүгінгі күнге мал саны: мүйізді ірі қара – 5300 бас, қой мен ешкі – 23800, жылқы – 825, шошқа – 8, құс – 12340 бас тіркеліп, барлығы компьютерлік дерекқорға енгізілді. Малдардан қан алыну және ветеринариялық ауруларын алдын алу жұмыстары жоспарға сәйкес орындалды.
Ағымдағы жылдың тоғыз айында округте «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы шеңберінде бірқатар жұмыстар атқарылып отыр. Атап айтар болсам, Кәріқорған ауылындағы М.Қожаназаров көшесі 2 756,0 мың теңгеге жарықтандырылды. Бұл жұмыстарды «Жуалы-Өрлеу» ЖШС жеңіп алып, жұмыстар толығымен аяқталды. Кәріқорған ауылы М.Қожаназаров көшесінің жолына орта жөндеу жұмыстары 43 264,0 мың теңгеге жүргізілді. Одан бөлек, Шыңбұлақ ауылындағы ескі мектепті бұзу жұмыстарына 557,3 мың теңге бөлініп, бұл жұмысты «Ақниет» жеке кәсіпкерлігі ұтып алып, толығымен тазарту жұмыстары аяқталды. Сондай-ақ, Кәріқорған ауылындағы 12 шақырымдық бақша суы келетін канал кепілдік хат арқылы 5 000,0 мың теңгеге толығымен тазартылды,- деді Батыржан Таңатов.
Баяндамадан соң округ тұрғындары тарапынан бірқатар сұрақтар қойылды. Атап айтқанда, тазалық мәселесі, Шыңбұлақ және Қоңыртөбе ауылдарындағы көше жарығы, ауыз су, Қоңыртөбе ауылына жаңа мектеп салу, тоғандарды жөндеу, округтегі тұрмыстық қатты қалдықтар тастайтын полигонның жайы, т.б. мәселелер көтерілді. Одан бөлек, кейбір тұрғындар ауылдық округ әкімі аппаратының қызметкерлеріне де сын-ескертпелерін айтты.
Қойылған сұрақтар мен көтерілген мәселелер бойынша аудан әкімі Нарбай Ергебеков сөз сөйлеп, бірқатар мәселелердің талданып әрі зерделеніп болған соң шешілетінін жеткізді.
Нұржан МАНАСҰЛЫ.
Суреттерді түсірген
Сәбит КҮЗЕМБАЕВ,
«Жаңа өмір»