Basty bet

Бәйтерек ауылында жәрмеңке қыза түсті

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерекесіне орай «Тәуелсіздік – ән-жырым» атты ауыл күні Ақтөбе ауылдық округінде де өткізілді. Мерекеде Бәйтерек ауылдық мәдениет үйінің алдына ауыл шаруашылығы өнімдерінен жәрмеңке ұйымдастырылды. Мұнда жеміс-жидектер, түрлі көкөністер, дәнді дақылдар және сүт өнімдері арзандатылған бағада сатылымға қойылды.
Мерекелік шараны Ақтөбе ауылдық округінің әкімі Көбейсін Хайралапов ашып, жүргізді. Ол алдымен ауыл тұрғындарына жеке кәсіпкерлердің асыл тұқымды “Дон” жылқысы және “амрокс” және “адлер” етті бағытта сәнді “брама” тауықтарын және мүйізді ірі қара Голштейн бұқаларын таныстырды. Бұдан соң, ауыл ақсақалдарына ақ кимешек киген әжелер ағаш ыдыстарға құйылған қымыздан дәм татқызып, тәттілерден шашу шашты. Әрі қарай қаз қатар тізілген ауыл шаруашылығы техникаларын «Атамекен-Бастау» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің төрағасы, аудандық мәслихаттың депутаты Зайырбек Сұлтанмұратов жеке-жеке таныстырып өтті.
Таныстырылымнан соң ауыл ақсақалдары мәдениет үйінің сол қапталында құрылған 12 қанатты киіз үйдің ішіне еніп, қазақтың ұлттық тағамдарынан ауыз тиді. Содан кейін Бәйтерек ауылының мәдениет үйіне кіріп онда «Сәулем-ай» әнін орындап, күбі пісіп, қол диірменнен талқан тартып, ұршық иіріп, жүн түтіп, құрақ көрпе тігіп отырған ауыл әжелеріне назар аударды. Сонымен қатар, сол жақта кітап көрмесі қойылып, осы ауылдан шыққан танымал тұлғалардың суреттері ілініпті. Сондай-ақ, мәдениет үйінің ішінде ауыл музейі де ашылғанын көріп таң қалдық. Мұнда қазақтың тарихынан өнер мектебінің шәкірттерінің қолөнер бұйымдары, ауыл тұрғындарының ескі киім тігетін машинасы, телефон секілді заттары және киіз үй, қазақтың ұлттық киімдері қойылған.
Одан әрі барлығымыз екінші қабаттағы концерт залына көтеріліп, мәдениет үйі қызметкерлерінің концерттік бағдарламасын тамашаладық. Коцерттік бағдарламада алдымен сөз алған ауыл әкімі Көбейсін Хайралапов және аудандық мәслихат депутаты Зайырбек Сұлтанмұратов жиналған қауымды Тәуелсіздік мерекесімен құттықтап, ізгі тілектерін жаудырды. Сондай-ақ, ауыл тұрғындарын ауызбіршілікте, ынтымақтастықта өмір сүруге шақырды.
Сонымен қатар бұл кеште ауылдың дамуы жолында аянбай еңбек етіп жүрген бірқатар белсенді азаматтардың еңбегі еленіп, оларға Алғысхаттар мен төсбелгілер табысталды. Одан бөлек, тазалық сақтауда, үйінің ауласын таза ұстауда алдына жан салмайтын бірнеше азаматты «Таза аула» номинациясымен марапаттап, ауыл кәсіпкерлерінің атынан еденге төселетін кілемдерді сыйға тартты.
Мерекелік кеште «Таныс өлке, таныс маң», «Тәуелсіздік» әндері шырқалды. Сондай-ақ “Жаңаталап” бөбекжай- балабақшасының бүлдіршіндерінің «Қамажай», «Шашбау» билері көпшіліктің назарын аудартты.
Тәуелсіздік турасында театрландырылған сахналық көрініс те көрсетілді.
Айта кету керек, ізгілікті шараға аудан әкімі Олжас Қаржауов және аудан әкімінің орынбасары Анар Ахметова арнайы қатысып, ұйымдастырылып отырған шараға оң бағасын берді.
Кешті қорытындылай келе ауыл мейрамханасына үлкен дастарқан жайылып, ауыл тұрғындары дастарқанның басынан табылды.

 

Таңдаулы материалдар

Close