Basty bet

Ата Заң – қазақ мемлекеттілігінің іргетасы!

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақ елінің Ата Заңы турасында: «Конституция біздің Тәуелсіздігіміздің берік құқықтық негізін қалыптастырды. Мемлекеттің басты байлығы ретінде адам, оның өмірі, құқықтары мен бостандығы танылды. Бұл құжатта елдің аумақтық тұтастығының, қоғамдық келісімнің, саяси тұрақтылықтың, заң үстемдігі мен демократияның қағидалары бекітілді. Жаңа қазақ мемлекеттілігін қалыптастырудың құқықтық, саяси және әлеуметтік-экономикалық алғышарттары айқындалды», – деген болатын.
Иә, әрбір құқықтық мемлекеттің негізі – оның Ата Заңы. Ол тәуелсіз елдің басты нышаны, құқықтық өзегі. Қазақ тарихында «Қасым ханның қасқа жолынан» басталып, «Есім ханның ескі жолымен», «Тәуке ханның Жеті жарғысымен» жалғасқан заңдық жүйе елдігіміздің шаңырағын шайқалтпай, іргетасының беріктігін қамтамасыз етті. Конституция дегеніміз – елдің саяси құрылымын, басқару формасын, территориясы мен дінге көзқарасын анықтайтын құжат. Ең басты мақсаты – азаматтардың құқығын белгілеп, оны қорғау.
Қазақ елінің жаңа тарихында екі Конституцияның болғанын білеміз. Тәуелсіздік алғаннан кейін алғаш рет 1993 жылы Ата Заңымызды қабылдасақ, 1995 жылдың 30 тамызында жаңа Конституциямыз күшіне енді. Сол кезде мемлекет президенттік республика, парламент екі палаталы болды. Жаңа құжат еліміздің жан-жақты дамуына кең даңғыл жол ашты. Осыдан 28 жыл бұрын Қазақстан халқы тарихи таңдау жасап, бүкілхалықтық референдумда еліміздің Конституциясын қабылдады.
Қоғамның өркендеуіне қарқын қосып, Қазақстан халқының бірлігіне жол бастаған Ата Заңда бекітілген республиканың тұғырлы қағидаттары бүгінде өзінің өміршеңдігін дәлелдеп отыр. Конституцияда мемлекеттің ең басты құндылығы ретінде адам мен оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары танылады. Сонымен қатар, қазақстандықтардың ешбірі тілі мен діні, нәсілі тұрғысынан кемсітілмейтіні, заң алдында бәрі бірдей екендігі, сондай-ақ зайырлы сипаттағы ел екендігіміз тайға таңба басқандай жазылған.
Осы тұста айта кететін болсам, біздің Ата Заңымызда «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі – қазақ тілі» деп жазылған. Біз Конституция талаптарын мүлтіксіз орындауға міндеттіміз.
Кез келген мемлекеттің Ата Заңы уақыт өте келе жаңа талаптарға сай өзгертулер мен толықтыруларды қажет етеді. Мамандардың пікірінше, барлық конституциялар әрбір 10-17 жыл сайын өзгеріп отырады екен. Бұдан біздің Ата Заңымыз да тыс қалған жоқ. Соның ішінде, 2022 жылы бүкілхалықтық референдум арқылы енгізілген соңғы өзгертулердің маңызы айрықша болды. Бұл Жаңа Қазақстандағы алғашқы әрі кең көлемді өзгертулер болғаны анық. Қазақстан Республикасының Конституциясына реформа жасалатыны туралы Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев халыққа Жолдауында айтқан болатын.
Иә, расында бұл өзгерістердің бәрі – алға қойған үлкен мақсаттарға басар қадамның бастамасы ғана. Оған жету және сол үшін қолда бар мүмкіндіктің бәрін жасау – қазақстандықтардың ортақ мақсаты әрі мүддесі. Қазақтың киелі Ата Заңында көрсетілген бар мақсатқа жету үшін ең алдымен бірлік керек, одан соң бізге қажымас қажыр-қайрат қажет.
Бұл екеуі де халқымыздың бойында бар. «Ата Заң – айбыным» дейтін отаншыл ұрпақ өсіп-жетіліп келеді. Бүгінгі жасалып жатқан жұмыстар – сол ертеңгі елдің тұтқасын ұстар жастардың игілігі.

Айгүл ТӨРЕБАЕВА,
облыстық «Тілдерді оқыту орталығының»
аудандық бөлімшесінің меңгерушісі

Таңдаулы материалдар

Close