Basty bet
Кәсіп ашу – жаңа заманның талабы
Бүгінде ауданда кәсіпкерлік саланы дамыту негізі қалыптасып, жұмыссыздық деңгейін төмендету бағытында тиісті шаралар атқарылып келеді. Оған бизнес жобаларды мақсатты түрде игеріп, өз алдына дербес кәсіп ашуды қолға алған азаматтар қатарының күн санап артуы дәлел.
Соның бірі ретінде Бауыржан Момышұлы ауылынан балаларға арналған «Millenniuм» оқу орталығын айтуға болады. Балаларға арналған оқу орталығы ауданның кәсіпкерлік саласына жаңа леп әкелді десек те болады. Жоғары сапалы жабдықтармен жасақталған білім беру орталығы балалардың бос уақытын тиімді өткізуіне мүмкіндік береді. Ата-ана үшін баланың қуанышты жүзін көру – үлкен бақыт. Бұл орталықта балалар ағылшын, орыс тілі, көркем жазу, жылдам оқу, математика сабақтарымен қатар ұзартылған күн тобымен де балалар сабақ оқиды. Білім беру орталығында 7 жастан 60 жасқа дейінгі адамдар білім алуына барлық жағдай жасалған. «Millenniuм» оқыту орталығын 2018 жылы Альфия Югданқызы ашты.
Альфия Югданқызы Қайрат ауылында туып-өскен. №19 Д.Қонаев атындағы мектеп-гимназияның түлегі. Тараз қаласындағы М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетін екі шет тілі мамандығы бойынша бітіреді. Әрі қарай жас кәсіпкер ол біліммен шектелмей, магистратураға оқуға тапсырып «Психология» мамандығын алып шығады.
Тараз қаласындағы «Достық» орталығында мұғалім болып, әрі қарай аудандағы «Indigo» білім орталығында ағылшын пәнінің мұғалімі болып жұмыс істеп, біршама тәжірибе жинақтайды. Тараз қаласында Америкадан келген мұғалімдерден арнайы дәріс алып, білімін шыңдайды. Ол өзінің алған білімін туған жеріндегі жас ұрпаққа үйрету мақсатында келіп осы оқу орталығын ашқан жайы бар.
-Бұл орталықты аудан жастарына сапалы терең білім беру мақсатында аштым. Өйткені Тəуелсіз елдің негізгі тірегі – білімді ұрпақ. Қазіргі таңда білімдінің алға түсіп, бəйгеден озып келетін заманы және қазіргі заман талабына сай үш тілді білу әрбір жасқа керек. Бұл орталық тек қана сабақ оқытумен шектелмейді. Біз балалармен сабақты ойын түрінде де өткіземіз. Ең бірінші баланың қызығушылығын оятуымыз қажет. Бірақ, ол тек ойын ойнату емес. Сабақтың 5-10 минуты ұсақ моторикамен жұмыс, миды дамытуға арналған ойындар, баланың фокусын ояту мақсатындағы жаттығулар жасауға арналады. Балаға ешқашан ұрысып сөйлемеу, жекімеу керек, баламен сыпайы, үлкен адамдар сияқты сөйлескенде ғана мұғалімге 100% ашылады. Мұғалім бала үшін “авторитет”, “қорған” болу керек деп ойлаймын.
Бұл орталықта тек қана мектеп оқушылары ғана емес, мектеп мұғалімдері мен қарапайым тіл білемін деген аудан тұрғындары да келіп білім алуға мүмкіндік бар. Сабақ мектеп оқушылары үшін аптасына бес күн. Ал, үлкен кісілер үшін аптасына үш рет өтіледі. Қазіргі таңда орталықта 70 білім алушы бар, – дейді Альфия Мейрамбай.
Жас кәсіпкер білім орталығында дәріс беруден бөлек, «Аяла» қайырымдылық еріктілер жобасымен де айналысады. Қазіргі таңда бұл еріктілер жобасында 60 адам бар. Олар ауданның қоғамдық өміріне белсене араласып отырады. Олар көбінесе әлеуметтік аз қамтылған топтардағы жанұяларға көмек береді. Басында бұл қайырымдылық жоба аз адаммен құрылған болатын. Кейінірек жобаға көп ішінен жарқырап, талпынып шыққан жастар, студенттер және жеке кәсіпкерлер қабылданды. Олар осы уақыттың ішінде жастардың көмегімен көпбалалы, тұрмыс жағдайы төмен отбасыларға, жалғызбасты қарттарға және мүмкіндігі шектеулі жандарға, ардагерлерге көмек көрсетті. Жоба құрылған уақыттан бастап жыл сайын қорытынды есептік концерт өткізіп отырады екен. Биыл да бұл үрдіс жалғасын тауып, аудандық мәдениет үйінде қорытынды концерт өтеді деп жоспарлануда. Бұл қайырымдылық жобаның ең көп жинаған қаражаты өткен жылдың ақпан айында Түркия елінде орын алған жойқын жер сілкінісіне біздің Жамбыл облысындағы әр ауданнан азық-түлік, киім-кешектер көмек ретінде жіберілген болатын. Осындай қайырымдылықтан біздің ауданда құр қалған жоқ. Аудандағы еріктілер аудан тұрғындарының көмегімен 8 млн қаражат жинап, жиналған қаражатқа азық-түлік, киім-кешек алып бауырлас Түрік еліне көмек ретінде жіберілген болатын.
Альфия Югданқызы қазіргі таңда білім беру орталығында төрт адамды жұмыспен қамтыған. Ол сонымен бірге Тараз қаласынан «АЮ» азық-түлік дүкенін ашып, ол жерде екі адамды жұмыс пен қамтып отыр.
-«Millennium» оқыту орталығында көпбалалы және аз қамтылған отбасыларынан шыққан 20 баланы біз 9 ай бойы тегін оқытамыз. Ол да болса, сол отбасылардың балаларына үлкен көмек. Өйткені балалар жан-жақты терең білім алып шығады. Мен кішкентайымнан біреуге көмек бергенді жақсы көретінмін. Жағдайы төмен отбасыларын көргенімде не үшін осыларға үкімет немесе жағдайы бар отбасылар көмектеспейді деп ойлайтынмын. Сол уақытта өзіме ой түйіп, өскенде әлеуметтік осал топтағы отбасыларға көмек беремін, қолымда барды аямаймын дейтінмін. Аллаға шүкір, қазір мүмкіндігім бар кезде көмек беріп жатырмын. Әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларына қаржылай, не болмаса азық-түлік ретінде апарып беріп отырамыз.
Оқыту орталығын кеңейтсем деген жоспарым бар. Оқыту орталығын алғаш ашқанда Диқан ауылынан да ашып едік. Бірақ індеттің өршуіне байланысты ол жақтағы орталықты жабуымызға тура келді. Қазіргі таңда Қайрат және Диқан ауылының ортасынан осы білім орталығын ашу жоспарымда бар. Оған қоса екі-үш жылдың көлемінде 100 балаға арналған жеке балабақша ашсам деген ойым бар. Оның барлығы әрине уақыттың еншісінде,- деді жас кәсіпкер Альфия.
Альфия өзінің білімін жыл сайын түрлі курстарға қатысып жетілдіріп отырады. Жас кәсіпкер онлайн дүкеніменде айналысады екен. Онлайн дүкені арқылы қазіргі жастарға қажет кітаптарды ұсынып отырады. Үйінде өзінің жеке кітапханасы бар. Кітапханада әзірше 100-ден аса кітап қоры жинақталған. Ол өзінің кішкентайынан кітап оқығанды ұнататынын да әңгіме арасында айтып қалды.
Негізінде, кәсіпкерлікті дамыту – нарықтық дамытудың кепілі. Аудандағы кәсіпкерліктің дамуы бүгінде сан қырынан көрініс тауып келе жатқандығы қуантарлық жағдай. Әрі қарай да жаңа жобалар жалғасын тауып, жаңа жұмыс орындары ашылып, жұмыссыз жандар жұмыспен қамтылатын болса, кәсіпкерлік саланың дамуы арқылы елдің жағдайы да жақсара түспек.
Баян Тұрсынқұлқызы,
«Жаңа өмір»