Basty bet
халықтың саулығы үшін
Әлемде COVID-19 коронавирусын жұқтырғандар саны 200 мыңнан асып кетті. Дерт әсіресе, бес бірдей елде ушығып тұр. Ол Қытай (80,8 мыңнан астам адам), Италия (31,5 мыңнан астам адам), Иран (16,1 мыңнан асады), Испания (11,8 мың) және Германия (9,8 мың) елдері. Инфекция жұқтырғандардың басым бөлігі сонымен қатар Оңтүстік Кореяда (8,4 мыңнан асады), АҚШ-та (6,5 мыңнан асады) және Францияда (7,7 мыңнан асады).
Жалпы, коронавирус 167 шетелде және аймақта анықталған. Бұл дерттен қазіргі уақытта 83 мың адам сауығып кетсе, ал 8 009 адам қайтыс болды.
Ал, Қазақстанда коронавирус алғаш рет 13 наурызда анықталды. Сол күні төрт бірдей оқиға тіркелді. Қазірдің өзінде 14 наурызда – алты, 15-інде – тоғыз, 16-нда – 10, 17- нде – 33, 18-інде 37, 19-нда – 44 (жалпы саны) науқас тіркелді.
Пандемияға байланысты Мемлекет басшысы 2020 жылдың 16 наурызы мен 15 сәуір аралығында елде төтенше жағдай енгізу туралы Жарлыққа қол қойды. 19 наурыздан бастап Нұр-Сұлтан мен Алматыда карантин режимі енгізілді.
ҚР Президентінің «ҚР-да Төтенше жағдайды енгізу туралы» Жарлығын іске асыру мақсатында Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігері 2020 жылғы 16 наурызда №25 «Қазақстан Республикасы халқының қауіпсіздігін қамтамасыз ету туралы» қаулыға қол қойды.
– Қаулыға сәйкес COVID-19 инфекциялық вирусының халық арасында таралуының алдын алу үшін медициналық ұйымдарда, қарттар мен мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған медициналық-әлеуметтік объектілерде, сәбилер және балалар үйлерінде, әлеуметтік оңалту орталықтарында, мүгедек балаларға арналған интернат түріндегі оқу орындарында толық карантинді (баруға тыйым салу) және күшейтілген санитариялық-дезинфекциялық режим енгізілді.
Күдікті науқастарды қарайтын, тасымалдайтын, ошақтағы жұмыспен, емдеуге жатқызумен, емдеумен және оларға қызмет көрсетумен айналысатын медицина қызметкерлері мен персонал қорғаныш дәрежесі жоғары маскаларды немесе респираторларды пайдалануы тиіс. Барлық медициналық қызметкерлермен КВИ кезінде эпидемияға қарсы іс-шараларды жүргізу жөнінде толық нұсқамалық өткізілді.
Науқастар мен КВИ ауруына күдікті адамдар болған жағдайда, оларды оқшаулау үшін аурухананың жұқпалы аурулар бөлімшесінен бөлек төсектер бөлінді. Емделушілердің күнделікті ағымын КВИ ауруына күдікті емделушілермен жанасуын болдырмай, бөлу қолға алынды. Оқшаулау жағдайлары болған кезде коронавирустық инфекциямен ауыратын науқастармен немесе жұқтырған адамдармен жақын байланыста болған адамдарды үйде карантинде ұстау қарастырылып отыр. Олар үшін ауруханаға келмей, уақытша еңбекке жарамсыздық парағы ресімделеді. Байланыста болған қалған адамдар қашықтан медициналық бақылауда болады. Емхана дәрігерлерінің қабылдауы мен консультациялары қашықтан қызмет көрсету форматына ауыстырылады. Қажет болған жағдайда жоспарлы медициналық қызметтер – жоспарлы ауруханаға жатқызу, профилактикалық тексеру, скринингтер, оңалту көрсету тоқтатылады.
Медициналық қызметкерлерден басқа, осы объектілерге, ұйымдарға баруға тыйым салынады. Бұл мекемелерде орналасқан емделушілерді қорғауға бағытталған. Осы медициналық ұйымдарда санитарлық-карантиндік шаралар күшейтілуде. Сонымен бірге, денсаулық сақтау ұйымдарында қандай да бір аудио, фото және бейнетүсірілімге тыйым салынады.
Сонымен бірге карантинге байланысты стационарлық жағдайда ем алып жатқан науқастарға туыстары тарапынан тағам әкелу уақыты да шектелді.
Ауданда коронавирустык инфекцияны жұқтырған адам тіркелген жоқ. Осы ретте аудан тұрғындарын ауруханадағы шектеу шараларына түсіністікпен қарап, сабыр сақтауға шақырамын. Бұл шаралар түптеп келгенде, халықтың денсаулығы қамында жасалып отырған қадамдар. Сондықтан дүрлігуге еш негіз жоқ, – дейді аудандық орталық аурухананың бас дәрігері Батихан Алпысбай.
Абылайхан СӘРСЕН,
«Жаңа өмір»