Basty bet
Асарлатса ағайын, қалай үйсіз қалайын?!
Бала күнімізде үлкендерден: «асарлатып үй салдық, болмаса ағайын-туыстарына келіп «үйде бір іс бастап едік, асарға келіңіз, жұмысты асарлатып бірге бітірейік, ағамыздың үйін асарлатып соғып бердік» деген сөздерді жиі еститінбіз. Ата-анамыздың да талай асарлатып, өзгеге көмек беріп жүргенін де көрдік. Қиналғанға жұдырық болмай, жұмыла көтерген жүк жеңіл деген қағиданы берік ұстайтынын біліп өстік.
Бұл дәстүр ата-бабамыздан ұрпағына жеткен көпшіліктің ауызбіршілігі мен ынтымағын көрсететін, жанашырлық танытатын асарлату дәстүрі болатын. Жетімін жылатпаған, жесірін қаңғытпаған қазақ халқы мұндай игі істері арқылы көмекке мұқтаж жандарға қиын кезеңдерде демеу болып, көмек көрсеткен.
Ұрпақтар сабақтастығы жалғасу үшін де ата-баба дәстүрі қолға алынып, ел арасында ұмыт болмауы керек. Дәл осы үрдіс бүгінгі күні қайта жаңғыртылып, Тұңғыш Президент-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ауданда «Асарлатып үй салу» акциясы бастау алды. Акция аясында ауданның жомарт жандары аз қамтылған отбасыларға үй сыйлауда. Атап айтар болсақ, Жетітөбе ауылдық округіндегі «Темірбекова» шаруа қожалығының жетекшісі Нұрбол Темірбеков Майбұлақ ауылындағы аз қамтылған бір отбасына үй сыйласа, Боралдай ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы және «Бірлік» шаруа қожалығының жетекшісі Нағашыбек Сәрсенбаев Көлтоған ауылындағы аз қамтылған екі отбасына баспана тарту етті.
«Он адам жүрген жерде із қалады, жүз адам жүрген жер – соқпақ, мың адам жүрген жерде жол қалады» демекші, көпшілік біріксе, артынан жақсы сөз бен игі ісі қалады. Сонау көшпелі заманнан ата дәстүрін ұмытпай, бүгінгі таңға дейін жаңғыртып келген біздің елдің алар асуы биік екені баршамызға белгілі. Қазіргі таңда халқымыздың көзі ашық, көкірегі ояу, артынан ерген жас буынға дұрыс тәлім-тәрбие беріп, қиналғанға қол ұшын созу үлкен имандылықтың бірі емес бірегейі екендігін көрсетіп келеді. Бүгінде еліміздің түкпір-түкпірінде асарлату дәстүрі жаңғыртылып, қайырымдылық шаралары көптеп жасалып, ел разылығын алып жүрген жастар қаншама?! Мұндай жандардың қатарынан Көкбастау ауылдық округінің жастары табылып, олар ұйымшылдығын көпшілікке асарлатып үй салып беру арқылы көрсетті.
Көктөбе және Қосбөлтек ауылдарының жастары, сол елді мекен тұрғыны, көпбалалы ана, асыраушысынан айырылған Мәншүк Тойшыбаеваның отбасылық жағдайын ескеріп, бір жарым айдың ішінде жаңа баспана тұрғызып берді. Бүгінгі күні құрылыс жұмыстары бітіп, үй пайдалануға берілген. Қайырымдылыққа екі ауылдың 1991 жылғы туған азаматтарынан бастап 2002 жылғы туған жастары атсалысқан.
-Ауыл жастарының ұйымшылдығы мен бірлігі бұл уақытқа дейін әрдайым кез келген істе көрініс табады. Жастар ауыл үшін біраз игі іс-шараларды атқарып, тұрғындардың алғысы мен батасын алып келеді. Олар ауыл үшін көмектерін беруге дайын. Осы уақытқа дейін жастар дүниеден озған ата-бабаларының әруағына құран бағыштап, құрбандық шалып, үлкен деңгейде көкпар ойынын өткізді. Одан бөлек, екі ауылдың тұрмыс жағдайы төмен он отбасына қайырымдылық жасап, «Қосбөлтек» мешітінде ауызашар берді.
«Көп түкірсе – көл» демекші, ауыл жастары Мәншүк апамыздың отбасылық жағдайымен жақсы таныс. Оны жақсы таниды. Сондықтан барлығы жиналып, осындай ой тастап, іске бірден кірісіп кетті. Аз ғана уақыт ішінде үй соқты. Су жаңа үш бөлмелі үй тұрғызылды. Қазіргі таңда үйдің құрылысы толық аяқталды. Ішкі және сыртқы әрлеу-сырлау жұмыстары 90 пайызға аяқталып отыр. Ендігі кезекте тұрған мәселе – су кіргізу және жылыту жүйесін орнату. Бұл мәселе де оң шешімін табатын болады. Ауылдағы мұндай жақсы бастамаға жұртшылық дән риза. Жұдырықтай жұмылған ауыл жастарының ауызбіршілігі мен ынтымағы көпке үлгі-өнеге,- дейді Көкбастау ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы Дәулет Қыдырбаев.
Ал, осы асарлатып үй салып беру бастамасының басы-қасында жүрген азаматтың бірі Дулат Нұрғалиевпен игі істің қалай басталғандығы туралы білу мақсатында телефон арқылы сөйлесіп, тілдескен едік.
-Бұл бастама елімізде індетке байланысты жарияланған төтенше жағдай режимі кезінде басталды. Жан-жақта еңбек етіп, жұмыс бабымен жүрген азаматтар ауылға орала бастады. Бірге оқыған құрдастар жиналып қалып, Мәншүк апамызға көмек көрсетуді ортаға тастадық. Себебі, Мәншүк апаның баласы Нұрбек досымыз. Нұрбектің отбасылық жағдайымен де, денсаулығымен де таныспыз. Жастар іле-шала бастаманы қолдап, Инстаграм әлеуметтік желісінде «Баспана салуға көмек» атты парақша ашылды. Көмек көрсету үшін қаржы жинау туралы ұсыныс тасталды. Баспана салу үшін қаржы осы әлеуметтік желі арқылы және ауыл жастарының күшімен жиналды. Еліміздің түкпір-түкпірінен желі қолданушылары шотқа қаржы аударды. Көпшіліктен жиналған қаржы болғандықтан елге есеп беруіміз керек. Заттарымыздың барлығын чекпен алып, есебімізді беріп отырдық. Парақшада жұмыс барысындағы видеотүсірілімдер, фотосуреттері салынды. Үйдің сапасына мән бердік.
Бұл игі іске әркім өз шамасына қарай көмек берді. Мәселен, Ерлан Қырықбаев есімді азамат осы жұмыстардың басы-қасында ұйымдастырушы болды. Ал, Қалдан ағамыз бен Нұрсұлтан есімді азамат техникаларымен көмекке келді. Қарасаз ауылының тұрғыны Қуат ағамыз жүк таситын көлігімен көп көмек көрсетті. Ал, Мадияр, Диас есімді інілеріміз үйдің құм сылағын мойындарына алды. Үйдің қаланған әрбір кірпішінде ауыл жастарының қолтаңбасы бар. Барлығы бірдей үй біткенше күндіз-түні жұмыс істеді.
Әр істің қайыры бар. Үлкендердің ризашылығын алдық. Көп нәрсені ойымызға түйдік. Халқымыздың мейірімін, бірлігін сезіндік. Ата-бабамыздан қалған бойымыздағы асыл қасиеттеріміз көпшіліктің жүрегінде бар екеніне қуандық. Асарлату адамдарды бір-біріне жақындастырып, достық, татулықты өмірде ту ету керектігін, айналаңдағы жаңдарға қамқорлық жасай білу қажеттігін үйретті. Алдағы уақытта осындай ұйымшылдықпен бір жұдырықтың астында бірге жұмыстар атқарсақ, қазағымның көсегесі көгерері анық, – дейді ол өз сөзінде.
«Туған жердей жер болмас, туған елдей ел болмас» деп ата-бабамыз өсиет етіп қалдырғандай, әрбір адамның жүрегінде туған жерге деген сағыныш, қамқорлық, сүйіспеншілік сезімі жоғары болуы керек. Сонымен қатар, бірлікті жоғары бағалаған халықтың ұрпағы болғандықтан ұйымшылдықты ұмытпауы қажет. Сонда ғана түлеп ұшқан қасиетті мекеніне көмек қолын созып, жанашырлық таныта алады. Оның гүлденуі мен өркендеуі жолында өз үлестерін қоса алады. Ал, мұндай игі бастамаларға ата-бабамыздан жеткен асарлату дәстүрін жаңғырту арқылы қол жеткізе алатынымызға сенім мол.
Айгүл ҚАЛЫМХАНҚЫЗЫ,
«Jańa ómir»