Basty bet

Кең болсаң, кем болмайсың

Қайырымдылық – адамның асыл қасиеттерінің бірі. Кісінің айналасындағы адамдарға деген ықыласы мен көмегін адамгершілік қарым-қатынастарын білдіреді. Қайырымдылық аясы кең ұғым. Соның бір-екеуін айтатын болсақ, адамның рухани жағы (басқаның басына түскен ауыртпалықты қабылдау), іс-тәжірибелік жағы (іс жүзінде нақты көмек беруге ұмтылу).
Қайырымдылық деген сөздің мағынасына келетін болсақ, көмекті қажет етушілерге (адам және барлық жандыларға) білдірілетін сүйіспеншілік пен нақты көмек. Қайырымдылық ізгіліктің анық көрінісі болып табылады.
Әрбір қоғамда, елде, ауыл-аймақ болсын, тіршілік еткен жан қиындықта ел арасында басына іс түсіп, қиыншылықпен күнелтіп жүрген жандар болуы мүмкін. Кейде біз біле бермейтін жағдайларға кезігіп жатамыз. Осы күндері көршімізден де хабар алмай жатқан жайымыз бар екендігі белгілі.
Пайғамбарымыз да (Оған Алланың рақметі мен сәлемі болсын) өзінің бір хадисінде: «Өзі тоқ жатып, көршісі аш жатқан адам бізден емес» деген. Сондай-ақ, Құран Кәрімнің бірқатар аяттары да жұртқа садақа беруге, көмектесуге, қол ұшын созуға, тамақтандыруға шақырады».
«…Қайыр-садақа ретінде не берсеңдер де, өздерің үшін (жақсы болады). Не берсеңдер де, тек Алланың разылығы үшін берулерің керек. Ізгілік жолында не жұмсасаңдар да, соның бәрі өздеріңе толық қайтарылады және сендер әділетсіздікке ұшырамайсыңдар (яғни, сауаптарыңды толық аласыңдар)» дейді қасиетті Құран Кәрімде.
Әрбір иманды жанның осы аяттан алатын ғибратты да, ізгілікке жол көрсететін өнегесі де баян етілген. Қоғамда да күнделікті жиі қолданылып отыратын дана сөздерінің бірі: «Кең болсаң, кем болмайсың» деудің мәніне үңілсеңіз адам бойындағы жомарттық, қайырымдылық қасиеттерді меңзеп отыр. Яғни, төрт құбыласы тең болады.
Дана халқымызда қайырымдылыққа және қайырымды болуға айтылған мақал-мәтелдер жетерлік. Соның бірінде жақсылықты жасауға шақырып:
«Жамандық пайда етпейді,
Жақсылық зая кетпейді» деп жақсылық жасаған адамның ізгі амалы еш зая кетпейтіндігі мақалдап халық өз арасында осындай мақалдармен үндеп отырған. Кез келген адам баласы біле бермейтін алдағы қиыншылықтарға төзіммен қарап, жүрген адамға барынша қолындағы барын аямай көмек етіп қайырымдылық жасап, қол ұшын беріп жүрген адамды қайырымды адам, жомарт жан, жақсы жан деп айтып халық арасында мақалмен көмек қолын созатын адамды жақсы адам деп те айтады.
Тағы бір мақалда:
«Басыңа іс түссе,
Жақсы көмек етеді,
Жаман күліп кетеді» деп қиыншылыққа түскен жанға жақсы көмек етеді деп тұр. Демек, жақсылық жасаудың өзі де жақсының қолынан келетін іс екендігін көрсетіп тұр, ең бастысы халыққа пайдасын, шарапатын тигізетін адам саны артады.
Пайғамбарымыздан (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) жеткен хадисте де «Ең жақсы адам – қоғамға, елге пайдасы тиген пенде» деп айтылғаны барынша жақсылық жасауға шақырса, тағы бірінде «Кім бауырының қажетіне жараса, Алла оның қажетіне жарайды» дейді.
Демек әр уақытта мейлі аз болмашы нәрсе болсын, қолдан келетін жақсылықтан аянбауымыз керек.
Жақсылық жасау түбінде өзіне келетінін мына бір оқиғадан аңғаруға болады. Бір келіншек күнде екі таба нан пісіріп, біреуін өзі талғажау етіп, біреуін терезесінің алдына қояды. Терезе алдына қойған таба нанды көшеде өтіп бара жатқан кез келген адам алып кете алады екен.
Нанды күнде терезе алдына қойғанда, басқа қалаға кетіп, содан бері еш xабар-ошарсыз жоқ боп кеткен баласының аман келуін тілейді екен.
Бірде нанды аяғын сілтіп басатын қаңғыбас шалдың алып бара жатқанын байқап қалады. Алайда шал алғыс айтудың орнына, “Жамандық қылсаң өзіңе, жақсылық қылсаң өзіңе!” деп кетеді. Байқаса, нанды күнде осы шал алады екен. Таң ата терезені бағып тұрады. Нанды көре сала дорбасына салып алып, манағы сөзді айтып кетеді.
Бұл әйелдің ашуына тие бастайды. Қаңғыбас шал “алғыстан” гөрі, “қарғыс” айтып кететіндей әсер қалдырып жүр. Және ол дәндеген шалдан оңайлықпен құтылмасын біліп, ашуланып, сол күнгі таба нанға у қосып қояды.
Бірақ жеме-жемге келгенде у қосылған нанды терезе алдына қоюға әйелдің қолы бармайды. Ол со бойда істегеніне өкініп, нанды жалма-жан отқа тастап жібереді. Сосын басқа нан пісіріп, терезенің алдына қояды. Бұрынғыша қаңғыбас шал келіп, күс-күс қолымен алып жатып, “Жамандық қылсаң өзіңе, жақсылық қылсаң өзіңе” дейді бетіне қарап.
Сол күні кеште біреу әйелдің есігін қағады. Ашса, жоғалып кеткен ұлы екен. Түрінен түр жоқ, киімі жыртылған, өзі жүдеп-жадап кеткен.
– Анашым, мен сені ешқашан көрмеймін деп ойлап едім. Жұмыс іздеп басқа қалаға барғаныммен, жолым болмады. Ақыры елге оралғанда, бір бұзық жігіттер жолығып, мені жолда аяусыз ұрып-соғып тонап кетті. Ес-түссіз жатқан жерімде аяғын сілтіп басатын қаңғыбас шал тауып алып, мен ес жиғанша күнде тамақтандырып жүрді. Күніне бір таба нан тауып әкелетін, күнделікті азығын екіге бөліп, нанның жартысын маған, жартысын өзі жейтін. Адамның жүрегінің таза болуы сырт бейнесімен өлшенбейді екен, мен осыны түсіндім, – дейді ұлы анасын құшақтап тұрып.
Мұны естігенде әйелдің көзі қарауытып, басы айналып кетеді. Бүгін ғана шайтанның арбауына еріп, шалға уланған нан бергісі келді емес пе, онда қаңғыбас шалмен бірге ұлы да көз жұмар еді ғой…
Сонда ғана әйел қайыршының сөзінің мағынасын түсініпті.
Кейде адам жақсылықты айналадағы адамдар көрсін деп қана жасап жатады. Дегенмен мұндай ойдан аулақ болғанымыз дұрыс. Жақсылық жасаймын, қайырымын қайтарады деген оймен жасау да дұрыс емес екендігін ойдан шығармауымыз керек. Әуелгі қайырымдылық және жақсылық жасаушының ниеті маңызды екендігін үнемі ойда ұстау керек. Ниеті Алла разылығы үшін дегенге тұру, кейде қол ұшын беріп, көмек қолын созып, жақсылық жасасақ, оның көлемін, мөлшерін айтып мақтан етіп жатамыз, яғни, «қомақты қайырымдылық жасадым» деп жатады. Алла қабыл етсін, бірақ мұқтаж болған адамға мұқтаждығы бар деп қарағанымыз жөн шығар.
Қандай жақсылық, көмек, қайырымдылық жәрдем болсын, қиындықа түскендердің жанынан табылып жүрген жандарға шарасыз сәтке түскенде Алланың жәрдемі келетіндігі сөзсіз. Ал жақсылық жасаудың үлкен-кішісі болмайды, тіпті жолдағы көлденең зиян тигізетін заттың өзін алып тастап жол жүрушілерге тимесін деп алып тастаудың өзі жақсылық. Болмашы амал болғанымен соның өзі Алланың жарылқауына жеткізеді.
Нұрлан ӘМІРБАЕВ,
ауданның бас имамы

Таңдаулы материалдар

Close