Basty bet
Мен атаммен мақтанамын!
Адамзат өмірін ұлы қайғыдан, адам жанын қинайтын ең ауыр, ең ащы соғыс деген азаптан құтқарған жеңіс! Міне, биыл осы Ұлы Жеңіске – 75 жыл.
Жеңіс жолында от кешіп, ерлігімен танылған кісілерді әрқашанда есте сақтау – болашақ ұрпақ үшін үлкен парыз. Соғыстың озбырлығының арқасында, қаншама отбасы әкесіз, қаншама ана баласыз қалып, жақындарынан айырылды. Майданда қаншама адам туған жерінен жырақта жат жерде жерленді. Солардың ішінен санаулы ғана адам еліне жаралы күйде оралды.
Үсен Бекмұрзаев менің нағашы атам. Мен атамды мақтан тұтамын. Иә, мен атамды көрмедім. Бірақ ол туралы естеліктерді үлкендерден естіп, майдангерлердің ерліктерін ұмытпау керектігін біліп, өсіп келемін.
Атам атам 1927 жылы Шақпақата ауылында дүниеге келген. Әкесінен 12 жасында айырылып, соғысқа дейін колхоздың шаруашылық салаларында әртүрлі жұмыс істеген.
Анамның айтуынша, 1942 жылы атамды 21 жасында әскер қатарына шақырады. Соғысты Сталинград майданында қатардағы жауынгер болып бастап, 543-ші атқыштар полкінде станковый пулемётші болады.
Сталинград бағытында немістермен қиян-кескі ұрысқа қатысып, сол шайқастың бірінде қолынан ауыр жарақат алып, госпитальға түседі. Казань, Саратов қалаларында 6 ай емделіп, кейін соғыс мүгедегі ретінде елге оралады. «Отан соғысында ең ірі шайқас деп есептелетін Сталинград түбіндегі шайқаста жеңіске жеткендерді мақтанышпен айтып жүретін, Жеңіс күнінің қарсаңында үнемі мектеп оқушыларымен кездесіп, соғыста болған оқиғаларды көзіне жас ала отырып әңгімелеуші еді»,- дейді анам.
Соғыстағы ерлігі үшін бірнеше медальмен марапатталған. Соғыстан кейін өз ауылында, ауыл шаруашылығында бригадир, жылқышы болып жұмыс істеген.
Атам сияқты елі үшін, жері үшін, болашақ ұрпағы үшін жауға қарсы тұрған аталарымызды ұмытпауымыз керек. Ардагер жауынгерлерге біздің бейбіт өміріміз үшін алғысым шексіз. Тарих көші үнемі жаңаланып отыратынын білем, десек те, бұл соғыс ұмытылмайтын тарихы терең оқиға. Ерлік те, ерлер де ұмытылмауы тиіс.
Нұрәбіназ МЫРЗАБЕК,
№29 орта мектептің оқушысы