Basty bet

Ел ағасы, ардагер журналиске – құрмет

Сәрсенбінің сәтті күні аудандық мәдениет үйінде Талапты ауылының тумасы, қазақ журналистикасының қайраткері Ақылжан Мамыттың 65 жас мерейтойына арналған «Ел ағасы» атты шығармашылық кеш өтті.
Кеш қонақтарына мәдениет үйінің фойесінде жабдықталған қаламгердің еңбек жолы мен шығармашылығына арналған фотокөрме таныстырылды.

Әдеби-сазды кеш шымылдығын «Мыңбұлақ», «Жуалы” халықтық театрларының әртістері саханалаған шағын театрландырылған көрініспен басталды.
Ақын Нұржан Әліш мерейтой иесін сахна төріне құрметпен шақырып, еркін форматта сыр-сұхбат жүргізді.
-“Ақыны патшасын іздеген ел сорлы, патшасы ақынын іздеген ел бақытты” деген. Ақын-жазушысын, қаламгерін жақсы мен жайсаңын түгендеп, оларға лайықты құрмет көрсете білген аудан әкімі Жалғас Әлижанұлы бастаған аудан басшылығына, іс-шараны ұйымдастырған мәдениет бөліміне алғысым шексіз. Бұл аудан басшылығының білімін, іскерлігін, көрегендігін білдіреді. Себебі, мұндай тағылымды шараның жас ұрпаққа берер өнегесі көп.
Әрине, бұған дейін талай кездесуде болдым. Бірақ бүгінгі туған жерімде өтіп жатқан кештің орны мен үшін бөлек.
Журналист болуыма мектеп қабырғасында Шерағамен өткен кездесу әсер етті. Оған дейін электрик болсам, бірде әртіс болсам деп армандайтынмын.
Бірде білімді, іскер басшы, ұлағатты ұстаз Әбілқасым Ергебеков ағамыз мектепте Шерағаңмен кездесу ұйымдастырды. Сонда Шерағаңның аузынан «Адам екі мәселеде қателеспеу керек. Оның бірі – мамандық таңдау болса, екіншісі – жар таңдау. Сондықтан қазірден бастап мамандықты өздеріңнің қабілеттеріңе қарап таңдап, дайындалыңдар» деген сөзді естідім. Шерағаң өзінің мамандығы туралы да әңгімеледі.
Содан кездесу, одан алған әсерім туралы мақала жазып, аудандық газетке жібердім. Редакциядағы ағалар менің шимай-шатпақ мақаламды өңдеп, жариялап берді. Мақаламның аудандық газетке шығуы мен үшін үлкен қуаныш болды, қиялыма қанат бітірді. Сонымен әрі қарай «Қазақстан пионері» деген жасөспірімдерге арналған республикалық басылымға мақала жаза бастадым.
Журналист – адам жанының инженері, дей келіп Ақылжан аға мамандығының қыр-сырын, еңбек жолын әңгімеледі.
Ақылжан аға аудандық «Жаңа өмір», облыстық «Ақ жол» газетінде жауапты қызметтерді абыроймен атқарды.
Мерейтой қарсаңында қаламгердің кісілігі, қарапайымдылығы, кәсіби шеберлігі, адами қасиеті, еңбекқорлығы, жауапкершілігі туралы аудандық, облыстық басылымдарда әріптестерінің мақалалары жарияланды.
Әдеби кеште де шәкірттері, облыстық «Ақ жол» газетінің белді журналистері Марат Құлибаев пен Есет Досалы да естеліктерімен бөлісіп, алғысын білдіріп, сый-сияпаттарын тапсырды.
Ақын Есет Досалы арнау өлеңін оқып берді.
Аудан әкімінің орынбасары Анар Ахметова: “Ел ағасы деген бірауыз сөз үлкен ұғымды білдіреді. Азаматты қадір-қасиеті, елге сіңірген еңбегі ғана сондай биікке көтереді. Кеш иесі ардагер журналист Ақылжан Қорғанбайұлы «Ел ағасы» деген қасиетті ұғымға әбден лайық жан”,- дей келіп, қаламгерге жуалылықтардың атынан игі тілегін, ықылас-ниетін білдіріп, аудан әкімінің атынан Құттықтау хатын тапсырып, қазақы дәстүрмен басына бөрік кигізіп, иығына шапан жапты.
Кеште Ақылжан Мамыттың анасы Камилә апай мен бауырлары да сөз сөйлеп, сый-сияпаттарын тапсырып, кешті ұйымдастырушыларға алғысын білдірді. Ағаларының ағалық үлгі-өнегесін, қамқорлығын әңгімеледі.
Сыр-сұхбат жалғасын тауып, Ақылжан Қорғанбайұлы кітап оқудың пайдасы, құнды кітаптардың адам баласына берер тәрбиелік мәні туралы айтып, өзі оқыған кітаптардың құндылығымен бөлісті.
«Қызғалдақ» ән-би ансамблінің әншілері «Ағаларым», «Әке, ана», «Біздің елдің жігіттері», тағы да басқа әсем әндерін тарту етті.
Тағылымды, әсерлі әдеби-сазды кеш соңынан көрермендер қаламгермен естелік суретке түсіп, әдемі әсермен тарқасты.

Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Check Also

Close
Close