Basty bet

«Еңбек етпесең, елге өкпелеме»

Аудан әкімі Нарбай Ергебеков Билікөл ауылдық округінің жұртшылығымен кездесуде осылай деді

Жамбыл облысы әкімінің 2019 жылдың 13 наурызындағы өкімімен бекітілген жергілікті мемлекеттік атқару органдарының жұмыс алгоритмі аясында аудан әкімі Нарбай Ергебеков осы аптада Билікөл ауылдық округіне жұмыс сапарымен барды. Сапар барысында аймақ басшысы өңірдің әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандарының жұмысымен танысып, жұртшылық өкілдерімен кездесті.
Аудан әкімі Нарбай Әбілқасымұлы сапарын Берікқара шатқалындағы су тоспасынан бастады. Жергілікті кәсіпкер Ерғали Миразов иелік ететін гидротехникалық үймерет бөгетінің шығыс жағалауын бірнеше жыл бұрын су шайып, соның салдарынан төмендегі Әбдіқадір ауылының бау-бақшасына арық суы жетпей қалған. Содан бері ауыл тұрғындары осы мәселені жиын сайын көтеріп келеді. Гидротехникалық үймереттің прорабы Мақсат Айтбаевтың айтуынша, өткен жылы тоспаның бөгеті қайта жаңғыртылып, шығыс жағалауы нығайтылған.
Тоспаның гидротехникалық жағдайымен жан-жақты танысқан Нарбай Әбілқасымұлы оның сыйымдылығы мен су өткізгіштігі туралы да сұрап білді. Ендігі мақсат, тоспадан Әбдіқадір ауылына дейін бұрынғы суландыру жүйесін қалпына келтіру қажет. Осы ретте ауылдық округ әкімі Талғат Әмірәлиевке ескі арық жүйесінің ізі мен су жүретін жерлерді анықтап, қажетті құжаттарды заңдастыруды тапсырды.
Жеке кәсіпкер Гүлмира Ділдаханова бірнеше жылдан бері облыстық мәндегі «Күйік-Қаратау» автомобиль жолының Әбдіқадір ауылының тұсынан сауда және тамақтандыру орнын ашып, балық сатумен шұғылданып келеді. Кәсіпкерлік нысанның қызметімен, тыныс-тіршілігімен танысу үшін тоқтаған аудан басшысына жеке кәсіпкер Г.Ділдаханова өзінің жолай өткен жолаушылар мен Берікқара шатқалындағы демалыс орындарына демалуға келген туристерге қызмет көрсететінін айта келе, алдағы жоспарларымен бөлісті.
Облыстық мәндегі «Қаратау-Аса» автомобиль жолының Қарабастау ауылының солтүстік-шығыс бөлігінің тұсындағы 1,5 шақырым аралықта мал жайылатын сазды алқапта жабайы жиде ағаштарының жолды бойлай қаулап өсуінен мұнда көліктердің малдарды қағып кету оқиғалары жиі орын алып отыр. Аудан әкімі қауіпті аумаққа арнайы тоқтап, жердің жағдайымен танысты. Ауылдық округ әкімі Талғат Әмірәлиев мұндай оқыс оқиғалардың алдын алу үшін аумақты жабайы жиде ағаштардан тазалау қажеттігін алға тартты. Алайда, оған облыстық экология департаментінің рұқсаты керек. Сондықтан Нарбай Әбілқасымұлы бұл мәселені автомобиль жолдарының жай-күйіне жауапты облыстық жол басқармасына жеткізіп, жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етуді талап ету арқылы шешуге болатынын еске салды.
Жылыбұлақ ауылындағы бастауыш мектеп 2000 жылы ыңғайластырылған ғимаратта ашылған. Мектеп меңгерушісі Күлбала Омарова мұнда бүгінде даярлық тобы мен 1-4 сыныптарда 23 бала оқитынын, оларға жеті мұғалімнің білім беретінін, бес техникалық жұмыскердің қызмет көрсететінін айтты. Нарбай Әбілқасымұлы сыныптарды аралап, олардың жабдықталуына мән берді. Аудан әкімдігі білім бөлімі басшысының м.а. Гүлсім Сыпатаева аудан басшысының назарын ғимаратқа ағымды жөндеу және шатырын айырбастау қажеттігіне аударды.
Келесі кезекте аудан басшысы «Дарбаза» су қоймасынан 5 шақырымда орналасқан Дарбаза өзенінің көпіріне аялдап, оның жағдайына қанықты. Көптен жөндеу көрмеген көпірге және өзеннің қос жағалауындағы дамбаға ағымды жөндеу қажеттігіне көз жеткізді. Көпірдің тұсынан екіге айырылатын су арнасы кезінде шаруашылықтың жайылым жерлерін суландыратын. Өңірдегі тіршілік нәрі болып табылатын су арнасының маңызы қазір де жоғары. Сондықтан су шайған сол жақ дамбаны жөндеп, жағалауын нығайту шараларын жүргізу қажет.
Аудан әкімі Дарбаза ауылындағы мал тоғытпасының да құрылысымен танысты. Аудан әкімдігі ветеринария бөлімінің басшысы Қалдыбек Сұлтанов мал тоғытпасының құрылысына 1,2 млн теңге бөлінгенін, онымен «Жігер» ЖК шұғылданып жатқанын айтып өтті. Бүгінде құрылыстың басым бөлігі аяқталған. Тоғытпаның қоршауын күшейту және ішкі аумағын құрылыс қалдықтарынан тазалау қажет. Нарбай Әбілқасымұлы нысанның құрылысын тездетіп бітіріп, пайдалануға беру керектігін ескертті.
Округ орталығы Қарабастау ауылының оңтүстік-батыс бөлігінде орналасқан Қарабастау бастау-көлі ауылды суландырып жатқан жалғыз тіршілік көзі болуымен қатар жаз мезгілінде алыс-жақын жерлерден келетін адамдардың демалыс орнына да айналған. Алайда, бірнеше жылдан бері табаны аршылмаған бастаудың түбін балдыр басып, ұйыққа айналуынан су деңгейі жасанды түрде көтеріліп тұрған жайы бар. Ауыл әкімі Талғат Әмірәлиев бастау түбін балдырдан аршу үшін бюджеттен қажетті қаражаттың бөлінгенін жеткізді. Ауылдық округ ардагерлер кеңесінің төрағасы Еңсебек Әбсалямов суғару кезеңі таянып қалуына байланысты тазалау жұмыстарын күзге қалдыруды ұсынды.
Аудан әкімі Нарбай Ергебековтің Билікөл ауылдық округіне жұмыс сапары Қарабастау ауылдық мәдениет үйінде тұрғындармен кездесуде қорытындыланды. Басқосуға аудан әкімдігінің бөлімдері басшылары мен ауыл жұртшылығы қатысты.
Ауылдық округ әкімі Талғат Әмірәлиев жыл басынан бері жергілікті мемлекеттік атқару органдарының жұмыс алгоритмі аясында атқарылған жұмыстарды баяндады. Ауыл әкімі тұрғындармен 33 кездесу өткізіп, олардың барысында айтылған 32 мәселенің 25-і шешімін тапқан. Нақты жетеуінің орындалуы бақылауға алынған.
Жиында тұрғындар өңірде Интернет жылдамдығының баяулығын немесе тіптен жоқтығын, электр бағандарының тозығы жеткенін, жел тұрса жарық өшетінін, электр сымдарының салбырап түсіп жататынын, көшелерде жарықтандыру шамдары жанбайтынын айтып шағымданды. Жиынға қатысқан аудандық электр желілерін тарату мекемесінің басшысы Әбдубахас Құрбанов тұрғындарды биыл бірінші кезекте елді мекендердегі шіріген электр бағандары мен электр сымдарының айырбасталатынына сендірді.
Аудан әкімі Нарбай Ергебеков жиналғандарды ауыл-аймақтарды көріктендіру, газдандыру және ауыз су құбырларын тарту, «Қарапайым заттар экономикасы» пилоттық жобасының аудан аумағында іске асырылу барысынан хабардар етті. Сөзінің соңында ол тұрғындарды ел дамуы үшін бірлесе еңбек етуге, жергілікті мемлекеттік атқарушы органдардың жұмысына әркез түсіністікпен қарап, қолдау көрсетуге шақырды.

Абылайхан Сәрсен,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close