Basty bet

“Тәуелсіздік дарыны”- республикалық байқауында жеңімпаз атанды

№19 Д.Қонаев атындағы мектеп-гимназияның 10 сынып оқушысы Ерсұлтан Ермұхан «Тәуелсіздік дарыны» республикалық дарынды оқушылар байқауының жеңімпазы атанды. Қазақстан Республикасы «BILIM ОRKENIETI» ұлттық инновациялық ғылыми-зерттеу орталығы ұйымдастырған байқаудың шешуі кезеңінде қазылар алқасының шешімімен Ерсұлтан жеңімпаздардың қатарынан табылды. Жеңімпаздарды марапаттау кезеңі елордасы Астана қаласында өтіп, жетекшісі Айнұр Жамалбекова екеуі І дәрежелі Дипломмен марапатталды. Сонымен қатар, Ерсұлтанға «Тәуелсіздік дарыны» төсбелгісі мен куәлік берілді.

Байқау Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты бағдарламалық мақаласын білім беру саласының мамандары мен білім алушылардың арасында кеңінен насихаттау мақсатында ұйымдастырылды.
«Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» демекші, Ерсұтанның бойындағы дарынын байқап, қабілетін шыңдауға Айнұр Жамалбекованың қосқан үлесі зор. Ол Ерсұлтанға 5 сыныптан бастап қазақ тілі және әдебиеті пәнінен сабақ береді. Шәкірттерінің ішінде Ерсұлтанның қазақ әдебиеті пәніне деген қызығушылығын, қоңыр даусының мәнерлеп оқу байқауларына келетінін байқап, оған ақын-жазушылардың өлеңдерін көбірек оқуға кеңес береді. Дарынды оқушы ақын Абай Құнанбаев пен жазушы Б.Момышұлының өлеңдеріне арналған аудандық мәнерлеп оқу байқауларына қатысып, ұстазының үмітін ақтап, І орынды иеленеді. Сонымен қатар, ұстазы Ерсұлтанның бойынан ақындық қабілетті де байқайды. Оның бойындағы дарынын жан-жақты шыңдаған ұстазы ақиық ақын Мұқағали Мақатаев оқуларына қатыстырып, ол ақынға жазған арнауымен байқаудың жүлделі ІІ орын жеңімпазы атанады.
-«Тәуелсіздік дарыны» байқауына Ерсұлтанды қатыстыруға шешім қабылдадым. Өйткені, оның қызығушылығы, қабілеті мен дарынын одан әрі шыңдау үшін мұндай байқаулардың маңызы зор. Сондай-ақ, оның жауапкершілігі мен ісіне тиянақтылығын бағалап, үнемі барған байқауларында қанжығасы майланып жүргенін ескердім. Республикалық «Тәуелсіздік дарыны» эссе байқауына тақырыпқа және талаптарға сай эссе жазып, өткізген болатынбыз. Байқаудың бірінші кезеңінде шығармамыз талапқа сай деп бағаланып, екінші кезеңге өткеніміз туралы хабарлама келді. Сонымен қатар, оқушымның жетістіктерін және өзге байқауларда алған марапаттарын өткізуімді сұрады. Осылайша, байқауда Ерсұлтан дарынды оқушылардың бірі ретінде танылып, Астана қаласында өтетін байқаудың салтанатты марапаттау рәсіміне шақырту алдық, – дейді ұстазы Айнұр Жамалбекова.
Ал, бұл жеңіс Ерсұлтанның өзі үшін күтпеген жаңалық болды. Әрі осы уақытқа дейін алған марапаттарының ішіндегі ерекше толқыныспен қабылдаған әрі жоғары марапаты ретінде бағалады. Елордасы Астана қаласында өткен салтанатты жиыннан жақсы әсермен оралды.
Ерсұлтанның арманы асқақ. Оның басты мақсаты – мектепті жақсы үлгеріммен бітіріп, өзі қалаған оқу орнына түсу. Ол болашағын журналистика саласымен немесе ветеринария саласымен байланыстырады. Бос уақытында кітап оқумен қоса, ат құлағында ойнап, бой сергіткенді ұнатады. Сондай-ақ, «жігітке жеті өнер де аз» демекші, ол волейбол ойнап, дене шынықтырумен айналысқанды да жөн санайды. Сүйікті пәні ретінде қазақ тілі және әдебиетін сүйіп оқиды. Көбінесе, жазушы, даңқты қолбасшы, Батыр Бауыржан Момышұлының шығармаларын және ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың өлеңдерін оқиды.
Үйдің үлкен ұлы Ерсұлтан оқудағы жақсы үлгеріміммен және үлгілі тәртібімен ізінен ерген інілеріне өнеге болуда. Педагогтар отбасында дүниеге келген оған ата-анасы да зор үміт артуда.
Отансүйгіштікке, туған жерге деген сүйіспеншілікке, балалардың шығармашылығын қолдауға арналған мұндай байқаулардың жас ұрпаққа да берері мол.

Айгүл ҚАЛЫМХАНҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close