Basty bet

Алқапқа арпа дақылы егілу үстінде

“Көктемнің әр күні жылға азық” деген дана халқымыз. Яғни, диқаншылықпен айналысқан шаруалар әр күнді тиімді пайдаланғаны абзал.
Өткен аптада ауданымызда көктемгі дала жұмыстары басталып кетті.

Аудан бойынша ауыл шаруашылығы жерлері 216 306 гектар болса, оның ішінде 95 449 гектары егістік, 2046 гектары шабындық, 109 439 гектары жайылым жер. Көпжылдық екпелер егілген жер көлемі – 265.
2024 жылдың өнімі үшін 51 872 гектар алқапқа дақылдар егу жоспарланған. Оның ішінде, 27 521 гектарға жаздық арпа, 17 100 гектарға майлы дақылдар, 1500 гектарға картоп, 445 гектарға көкөніс, 100 гектарға дәндік жүгері, 10 гектарға бақша дақылдарын, 496 гектарға сүрлемдік жүгері, 4 700 гектарға көпжылдық шөп егу жоспарланған.
Аудан әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің берген мәліметіне сәйкес, бүгінгі таңда Ақтөбе, Қызыларық, Нұрлыкент, Мыңбұлақ, Ақсай, Қарасаз және Жетітөбе, Шақпақ ауылдық округтерінде көктемгі дала жұмыстары басталды.
Көктемгі жала жұмыстарына 986 техника қатысады. Сонымен бірге көктемгі дала жұмыстарына жоспар бойынша 2323,6 тонна кепілдендірілген дизель отыны жоспарланып, шаруаларға берілуде.
Ал, “КТ Жуалы” несие серіктестігі “Кең дала” бағдарламасы арқылы көктемгі дала жұмыстарына 10 шаруашылық 98,4 млн теңге несие алды. 7 шаруа қожалық 44,8 млн теңге несие алуға құжаттарын дайындауда.
Көктемгі дала жұмыстарына алғашқы болып кіріскен шаруашылықтардың бірі – Шақпақата ауылындағы “Надыр” шаруа қожалығы. Шаруа қожалықтың құрылғанына биыл 10 жылдай уақыт болды.
Қожалықтың иесі Хирулла Алеакпаров иелігіндегі 26 гектар жердің 5 гектарына күздік бидай, 5 гектарына жоңышқа ексе, өткен аптада қалған жеріне арпа тұқымын сеуіпті.
-Иелігімізде бір “ГАЗ-53” жүк көлігі бар. Тракторымыз болмағандықтан, кісінің техникасын жалдап ектік. Техника жалдап жұмыс істеу әрине қиындау. Сондықтан алдағы уақытта жаңа техника алуды жоспарлап отырмыз.
Арпа егуді жоспарлаған жерімізді күзде аударып тастаған болатынбыз. Себебі, топырағы бос жатқан жер ылғалды жақсы сіңіреді. Жерден ылғал кетпей тұрып егілген дақыл тез өсіп шығады және жақсы өнім береді. Сондықтан жылда ерте егуге тырысамыз.
Егін шаруашылығынан басқа мал шаруашылығымен де айналысамыз. Ұлым Сейфулла 2,5 пайызбен 4,5 млн теңге несие алып, оған 12 бас сиыр сатып алды. Ұлым қора-жайымызды кеңейтіп, мал басын көбейткісі келеді. Баламның бастамасын мен қуанышпен қолдаймын,- дейді Хирулла Алеакпаров.
-Шақпақ ауылдық округінде өткен жылы 2024 жылдың өнімі үшін 460 гектар алқапқа күздік бидай егілген. Ендігі кезекте шаруалар 1570 гектарға арпа, 850 гектарға мақсары, 16 гектарға көкөніс, 380 гектарға жоңышқа егуді жоспарлауда. Бүгінгі таңда шаруалар 20 гектарға жуық жерге арпа егіп үлгерді. Көктемгі дала жұмыстарына 10-нан аса техника жұмылдырылады,- дейді ауылдық округ әкімі аппаратының бас маманы Қанат Каипов.

Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close