Basty bet

ғылыми Зерттеу негізі мектеп қабырғасында қаланады

Ғылым – бұл табиғат, қоғам және ойлау туралы жаңа білімдерді алуға бағытталған зерттеу ортасы. Ғылыми зерттеу – ғылыми әдіс-тәсілдерді қолдана отырып, белгілі бір объект жөнінде жаңа білім қалыптастырумен аяқталатын жүйелі және арнайы мақсатқа көзделген объектілермен танысу. Оның негізінде адам әрекетінің ең қиын түрі – ғалымның таным қызметі.

Танымдық әрекет оқушы үшін еске түсіру мен өзгерту бағытында болуы мүмкін. Оқушының өзгерту таным әрекеті зерттеу деп аталатын тәсіл арқылы жүзеге асырылады. Интеллектуалдық және шығармашылық қабілеті жоғары балалардың өз бетімен білім алу мүмкіндігі болуы тиіс. Яғни мұндай оқытуды бала өзі анықтайды, өзі басқарады, өзі жүзеге асырады. Оқушылар қоршаған ортамен таныса отырып, өзіндік зерттеу әрекетінің көмегімен жаңа білімді дайын күйінде емес өзі ашады.
Жалпы мектептің дамуы ғылыми әдістемелік жұмысқа тікелей байланысты, мектептің жүрегі десе де болады, егер әдістемелік жұмыс жақсы ұйымдастырылып жүргізілсе, онда ол мектеп әр қашанда алдыңғы қатарлардың бірінде жүреді. Осы ретте, №1 мектеп-гимназия директорының ғылыми-әдістемелік жұмыс жөніндегі орынбасары Самал Қыдырованың қызметтік міндетіне мектептің оқу-тәрбие жоспарын жасап, дарынды балалармен жұмыс жасау, мұғалімдердің кәсіби дамуын дамыту және тағы басқалар кіреді.
Оның айтуынша, жалпы аталған мектепте 1 423 оқушы бар, оның ішінде ғылыми жобамен 90 процентке жуығы айналысады. Ол сабақ үстіндегі іс-әрекеттен бастап, сабақтан тыс кезіндегі мұғалімдердің оқушылармен айналысатын зерттеу жұмыстары. Мұнда 2-11 сынып аралығында оқушыларды зерттеуге баулу мақсатында ең алдымен әртүрлі тақырыпта іс-шаралар, кездесулер, зерттеулер өткізіледі. Ал, осы оқушылардың ішінен әр сыныптан зерттеуге қызығып, қызығушылық танытқан оқушылармен әрі қарай тақырып таңдалып, жұмыс жүргізіледі. Әрине, барлық оқушымен тақырып таңдап зерттеу жұмысымен айналысуға болады. Бірақ ол бір мұғалімге ауыр, оның үстіне оқушылардың барлығына зерттеумен айналысу қызық емес, баланың болмысына қарай олардың да әр салаға қызығушылықтары бар. Дегенмен де мектепте балалардың дарындылығы психологтардың көмегімен анықталып, осы оқушылармен өзінің икеміне қарай дамыту жұмыстары жүргізіліп отырады.
Ғылыми жобалар негізі тіл білімі, космос және жер, тарихи мәдени ескерткіштерді дамыту, математика, экология, құқық аясында таңдалынады. Мектепте аталған бағыттарда жұмыс жүргізуде. Білім беру ошағында «Тұлға» оқушылардың ғылыми қоғамы жұмыс атқарады, осы қоғамда оқушылардың барлық бағытта ғылыми жобаларды жазуға жағдай жасалуда.
– Ғылыми жобаларда оқушылардың қызығушылығы ескеріліп, қазіргі кездегі өзекті, проблемалық тақырыптар жетекшілердің көмегімен қарапайым зерттеу жүргізуге болатындай таңдалады. Жыл сайын тақырып бөлінбейді, бірақ толықтырылып отырады. Жетекшілер мен оқушылардың ұсыныстары бойынша, негізі ғылыми жобалармен айналысу үш жыл көлемінде жүргізіледі, сондықтан да бір оқушы 2-3 жыл көлемінде бір тақырып аясында жұмыс жасайды.
Оқушыларға кез келген тақырып қызықты, маңыздысы жетекшінің қолдауы, көмектесуі қажет. Әрине оқушылардың өздері жасап көріп, сұрап, бара көріп жасаған оларға қызықты, сондықтан кез келген тақырыпта бағыт-бағдар беріп отырса, оқушылар зерттеу жұмысымен айналысып кетеді.
Біз оқушылармен зерттеу жұмысын 2 сыныптан бастаймыз, ол тек белгілі бір тақырып аясында емес, ол мектепте болып жатқан процесте қамтылады. Әрине жас ерекшелігіне қарай тақырып таңдалу ескеріледі. Мысалы, 2 сынып оқушысын зерттеуге баулу болғандықтан ол тек жетекшісімен бірігіп іздену, танып білу, өз ойын қосу арқылы зерттеуге үйренеді. Мәселен, Қарлығаш Сатарованың жетекшілігімен “Менің сыныптастарым неге ауырады?” деген тақырып аясында зерттеу жүргізіп, мамандармен кездесіп, сыныпта оқушыларының неге ауыратынын және қандай аурулармен ауыратынын анықтаған болатын. Және өз тарапынан ұсыныстар айтылды, ол дегеніміз оқушының ізденуінің арқасында зерттеу жұмысына бейімделуі байқалды.
Ең бірінші оқушылардың қызығушылығы ескеріледі, оған тақырыбы қызықты болу қажет, тақырып ашылмай, ол жұмыс қорғауға жіберілмейді, сондықтан зерттеу жұмысы толығымен аяқталғанда ғана жұмыс қорғалады, – дейді №1 мектеп-гимназия директорының ғылыми-әдістемелік жұмыс жөніндегі орынбасары Самал Орынбасарқызы.
Мектепте 2019-2021 оқу жылдарының арасында 35 жұмыс байқауға ұсынылып, оның аудандық байқауына 20 жұмыс жіберіліп, аудандық іріктеу кезеңінен осы жұмыстар облысқа жіберілген. Ол жұмыстың 14 жұмысы жүлделі орынға ие болып, Алғысхатпен марапатталған. 2020 жылы осы облыстық кезеңнен екі жұмыс республикаға өтіп, жүлделі орынды иеленген. Ал, биыл облыстық кезеңнен екі жұмыс республикалық кезеңге өтіп, І орынды иеленген.
Өткен жылы республикалық ғылыми жобалар байқауынан Самал Қыдырова жетекшілік ететін 11 сынып оқушысы Аружан Өмірбекова «Жуалы ауданындағы тарихи орындар мен ескерткіштер» тақырыбында жобасын қорғап, ІІІ орын алса, Ольга Цепкованың шәкірті Әбдірахман Мажитов «Физика-химическиий анализ молочной продукции Жуалынского ройона» атты жобасымен Алғысхатқа ие болған.
Сонымен қатар, биыл мектептің екі оқушысы республикалық байқауда жеңіс тұғырынан көрінген. Олар «Ш.Уәлиханов қазақ және қырғыз халықтарының тарихын зерттеушісі» тақырыбында жоба қорғаған 9 сынып оқушысы Малика Беспай ІІ орынды қанжығасына байласа, Аяулым Алтынбек «Планеталардың магнит өрісін модельдеу» атты ғылыми жобасымен Алғысхатпен марапатталған. Жеңімпаз оқушыларға Самал Қыдырова және Айнұр Кенжебекова жетекшілік етеді. Бұл тек мектеп үшін ғана емес, аудан үшін үлкен жетістік.
– Әрине, негізі ауданымызда былтыр республикадан ғылыми жобалар байқауынан орын алуы Жуалы тарихында болған бірінші оқиға еді. Бірақ өкінішке орай, өткен жылы республикалық ғылыми жобалар байқауынан жүлделі орынды иеленген оқушы еш жерде ескерілмеді. Ал жетістіктерге тоқталатын болсақ, жылда білім бөлім тарапынан өткізілетін рейтинг бойынша біздің мектеп бірінші орынды иеленеді. Осының өзі біз үшін үлкен жетістік. Бұл көрсеткішке мұғалімдеріміздің еңбегінің арқасында жетіп отырмыз, №1 мектеп-гимназиясының мұғалімдері өздеріне артылған жауапкершілік жүгін сезініп, өз жұмысына деген адалдығының нәтижесі, – дейді ол өз сөзінде.
Балалардың жан-жақты дамуы мектептегі ұстаздардың қолында. Оның бейімдігі мен қызығушылығына қарай дұрыс жұмыс үйлестірілсе, нәтиже болары анық. Аудан орталығындағы іргелі білім ошағы саналатын мектепте балалардың дарынына қарай педагогтар оқу-тәрбие жұмысымен қатар, ғылыми жобаларға баулуы – еліміздегі ғылымның қалыптасуы мен дамуына қосқан үлестері. Өйткені, бүгінгі ұрпақ ертеңгі ғылымның негізін қалаушы тұлға.

Айгүл ҚАЛЫМХАНҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Check Also

Close
Close