Basty bet

ЖАЯУ ЖҮРГІНШІЛЕР ЖОЛЫ САЛЫНДЫ

Тұрғындар санымен бірге көлік саны күн санап артып келе жатқан Шақпақ ауылдық округі үшін жаяу жүргіншілер жолын салу көптен бері жергілікті жұртты алаңдатқан басты мәселенің бірі еді. Қазақта «жақсы жол елге жора» деген сөз бар. Халық сұранысы аясында биыл жаяу жүргіншілер жолын салуға басымдық берілуде.
Бүгінгі күні округ орталығында ұзындығы 1 шақырым 900 метрді құрайтын орталық көшелерге жаяу жүргіншілер жолы салынды. Аудандық бюджет есебінен салынған жаяу жүргінші жолдарының құрылысын «Ел-Ынтымағы» ЖШС жүргізді.
Жолдың жөнделгені, жаяу жүргінші жолдарының салынуы балалардың білім ордасына, тұрғындардың жұмыс орны мен қажетті жеріне қатынауына қолайлы жағдай қалыптастырғаны анық. Салынған жаяу жүргіншілер жолы ең алдымен, оқушылардың мектепке қатынауы үшін ыңғайлы болмақ. Мәселен, Д.Пахомов, С.Сүгіров көшелерінің жаяу жүргіншілер жолы №4 Балалар өнер мектебі мен жаңа бокс залына және түстен кейін қосымша сабақтарға қатысатын балалар мен жасөспірімдерге жылдың қай мезгілінде болсын қатынауына өз септігін тигізіп отыр.
«Алда жаз маусымы. Бұл кезеңде жұртшылық кешкі уақытта жаяу жүргенді жөн көреді. Сондықтан жаяу жүргіншілер жолы аса қажет. Ал балалар мен тұрғындардың қауіпсіздігі үшін мектеп, аурухана сынды әлеуметтік нысандар орналасқан аумаққа бірінші салынғаны дұрыс. Немерелермен бір уақыт есік алдына шығасың, алайда көшеде жүйткіген көлік, қолды-аяққа тұрмайтын кішкентай балалар жолға жүгіріп кетеді. Амал жоқ үйдің ауласынан шығармаймыз. Жаяу жүргіншілер жолының салынып жатқанына қуаныштымыз. Бұл да бір ауыл тұрғындарына жасалған қамқорлық деп білемін» дейді ауыл тұрғыны Роза Зиябекқызы.
Алыстан қарағанда көз тартатын жүргінші жол ауыл келбетіне көрік қосуда. Жұмыстың нәтижесіне қарап оң баға беру әлі ерте. Дегенмен құрастырылып төселген қызыл жолдың бүгінгі кейпі біршама өзгергендей. Оның үстімен жүріп өткен тұрғындар жайлылықты сезініп, тіпті әрлі-берлі велосипед теуіп өткен балалардың өзі мәз. «Енді үлкен жолда көліктерден қорқа қашып жүрмейміз» дейді олар.

Ақжан АХМЕТОВ,
Шақпақ ауылдық округі

Таңдаулы материалдар

Check Also

Close
Close