Basty bet

Ветеринариялық қауіпсіздік: маңызды мәселелер қаралды

Апта ішінде «AMANAT» партиясы аудандық филиалының ғимаратында филиал жанындағы партиялық бақылау комиссиясының кезекті отырысы өтіп, онда аудан аумағындағы жануарлардың жұқпалы ауруларының енуінен және таралуынан қорғау бойынша атқарылған жұмыстардың барысы туралы мәселе қаралды. Отырысқа аталған комиссияның мүшелері және БАҚ өкілдері шақырылды.
Комиссия отырысын Мұхамеджан Әсемов ашып, жүргізіп отырды.
Күн тәртібіндегі мәселеге байланысты «Жамбыл облысы әкімдігінің ветаринариялық станциясы» ШЖҚ КМК-ның Жуалы ауданының ветаринария бөлімі басшысының міндетін атқарушы Есжан Қасымбекұлы баяндама жасады. Бөлім басшысының м.а. Е.Қасымбекұлы ветеринария саласында аудан көлемінде негізгі атқарылған жұмыстармен қатар, түйінді проблемаларды да атап өтті.
Отырыста қаралған маңызды мәселеге байланысты комиссия төрағасы Мұхамеджан Әсемов аудандық ветеринария бөлімінің өкіліне, аталған бөлімге қарасты 11 ветеринариялық пунктке жөндеу жұмыстарын жүргізу керектігін, интернет желілерінің нашарлығы, сонымен қатар, ветеринариялық пункттер жағдайының сын көтермейтіні туралы сұрақ қойса, комиссия мүшелері Айбек Елекбаев бөлімге қаржының қайдан бөлінетіні және малды түрлі ауруға қарсы шомылдыру жұмыстарын қолға алу туралы сұрап білсе, Әбдікерім Уркумбаев өз сөзінде, аудан әкімінің тапсырмасымен өңірдің ветеринария бөлімінің жұмысына зерделеу жүргізілгенін, сонымен қатар, төрт түлікті бірдейлендіру бағытында сырғалау жұмыстарының өз деңгейінде жүргізілмей жатқанын, малды сатуға және сойылған малға берілетін тиісті анықтамалардың заңдылыққа сәйкес еместігін, аурудан өлген малды жою және ит аулау жұмыстарының барысындағы бірқатар кемшіліктерді ортаға салып, аталған проблемалық мәселелер бойынша жұмыс атқару қажеттігін ескертті.
Жиын барысында «AMANAT» партиясы аудандық филиалының төрағасы Марат Нарымбеков те сала жұмысын ширатуға байланысты бірнеше сұрақ қойып, оның кейбірін бірлесіп шешудің жолын қарастыруды ұсынды. Бұл үшін тиісті бөлімнің тарапынан нақты ұсыныстар қажеттігін де айтты. Отырыста басқа да ұсыныстар жан-жақты қаралды.
«AMANAT» партиясы аудандық филиалының жанындағы партиялық бақылау комиссиясының кезекті отырысының соңында тиісті қаулы қабылданып, оған енгізілетін өзгерістер мен толықтырулардың жайы талқыланды.

«Жаңа өмір»-ақпарат

Таңдаулы материалдар

Close