Basty bet

Үздіктер ұлықталған күн

ҚР Тұңғыш Президенті күні қарсаңында аудандық «Достық» мәдениет үйінде Ауыл шаруашылығы қызметкерлері күніне арналған салтанатты жиын өтті. Оған ауыл шаруашылығы мен кәсіпкерлік саласын қатысты мекеме басшылары, ауыл әкімдері мен аудандағы бірқатар шаруа қожалық жетекшілері және кәсіпкерлер қауымы қатысты.

Ауыл еңбеккерлерінің төл мерекесіне арналған салтанатты жиынның ашылу сөзі аудан басшысы Нарбай Ергебековке берілді.
– Ауыл еңбеккерлерінің маңдай тер, ерен еңбектерінің арқасында міне, жылды жақсы көрсеткіштермен қорытындылап отырмыз.
2018 жылы ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 24,8 млрд теңгені құраса, үстіміздегі жылы 25 млрд 833 млн теңгені құрап, былтырғы жылмен салыстырғанда жалпы өнім 1 млрд теңгеге артып отыр,- деді Нарбай Әбілқасымұлы.
– Ауданымыздағы 4 шағын несие ұйымдары тарапынан да шағын бизнесті дамытуға барлығы 3646 кәсіпкерге 2 млрд. 589 млн. теңге таратылып, ауданның әлеуметтік- экономикасының дамуына оң ықпалын тигізуде.
Жалпы алғанда ауданға 2,5 млрд теңгеге жуық инвестиция тартылып, аудан экономикасының өсуіне оң әсерін тигізді.

Диқан қауымы биылғы жылы да 82 770 тонна астық, 61 032 тонна картоп, 16 170 тонна көкөніс және 7 444 тонна ет, 43 576 тонна сүт, 7 млн 945 мың дана жұмыртқа өндірді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда масақты дәнді дақылдар бойынша 103,1 пайызға, майлы дақылдар 102 пайызға, картоп өнімі 106 пайызға, ет 102 пайыз, сүт өнімі 103,7 пайызға артық орындалып отыр.
Жоғары өнім алуға сапалы тұқымның да берері көп. Осы мақсатта арпаның 40 тонна, мақсарының 4 тонна және күз айында күздік бидайдың 125 тонна элиталық тұқымдары сатып алынып, агротехникалық шаралары жүргізілген алқаптарға егілді.
Аудан шаруашылықтары 50 пайыздық жеңілдікпен беріліп жатқан минералды тыңайтқыштарды көптеп қолдануда. Үстіміздегі жылы барлығы 3050 тонна минералды тыңайтқыштар алынып, 19,0 мың гектар егістікке қолданылды.
Ауданда ауыл шаруашылығы техникаларын жаңарту жұмыстары біркелкі жолға қойылған. 2018 жылы 319 млн теңгеге 47 жаңа техника алынса, Үстіміздегі жылы 413 млн теңгеге барлығы 59 ауыл шаруашылығы техникалары алынып, науқанды жұмыстарға қатысты.
Озық үлгідегі су үнемдеу технологияларын басым бағыттағы дақылдарға ендіруді «Дархан» шаруашылығы қолға алып, 24 млн теңгеге жаңбырлатып суғару қондырғыларын орнатып, ауыл шаруашылығы дақылдарын суғарды.
Биылғы жылы да «Сыбаға» бағдарламасымен «Төлеген» шаруа қожалығының жетекшісі Мейірбек Төлегенов, Чех мемлекетінен 60,0 млн теңгеге 64 бас ет бағытындағы асыл тұқымды МІҚ малдарын сатып алды. Шаруашылық өз қаржысына 100 басқа арналған жаңа сүт тауарлы фермасын салып, мал басын көбейтуде. Сонымен қатар Ресей мемлекетінен 3 шаруашылық 344 бас асыл тұқымды МІҚ малдарын сатып әкелді.
Бүгінгі таңда аудан көлемінде жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субьектілер саны 4252, былтырғы жылмен салыстырғанда 109 пайызға артып отыр. Ал өндірілген өнім 8 млрд 423 млн теңгені құрап, өнеркәсіп 20,8 пайызға өсті.
Ауданымызда сүтті тереңдете өңдеу ісімен 3 кәсіпорын, яғни «Бурный сүт компаниясы», жеке кәсіпкер «Мешелова» және «СМТС» кәсіпкерлері және ет өңдеумен «Гамбург» ЖШС, өсімдік майымен «АгроАзықтүлікнанмен жабдықтау» кәсіпорны айналысады. 2018 жылы «Бурный сүт компаниясы» 9 100 тонна сүт қабылдаса, үстіміздегі жылы 11 айда бұл көрсеткіш 10 230 тоннаға жетіп, 112 пайызға артты. Нәтижесінде 143 тонна сары май, 712 тонна ірімшік шығарып, өңделген сүт өнімдерін толық өткеру үшін Ресей мемлекетімен келісімшарт жасап, сомасы 1,5 млрд теңгенің 800 тонна ірімшік өнімдерін экспорттады. Бұдан басқа Астана, Алматы, Қарағанды, Ақтау, Тараз т.б. қалаларына барлық өндірген өнімдерін сатып отыр.
Бүгінгі таңда ауыл шаруашылығы кооперативтері 2018 жылы 4000 тонна сүт, 350 тонна ет өнімдерін өндірсе, 2019 жылы 5000 тонна сүт және 380 тонна ет өндіріп, толықтай жұмыс істеп тұр.
Биылғы жылғы жаңалығымыздың бірі, аймақ басшысы Асқар Мырзахметовтың бастамасымен қолға алынған Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмыстық табысын жақсарту жобасы. 5 бағыттан тұратын осы жоба аясында ауданда Ақтөбе ауылдық округі пилоттық ауыл болып таңдалды.
Бірінші бағыттағы үй іргесіндегі жерді тиімді пайдалану бойынша округте 402 аула қатысып, бұл бағытқа және ауыл сыртындағы жер үлесін тиімді пайдалану бағытына, округте құрылған «Атамекен Бастау» кооперативі арқылы сапалы тұқымдар мен минералды тыңайтқыштар алуға және айналымға 55,0 млн. теңге қаржы бөлініп отыр.
Ал екінші және бесінші бағыттар бойынша 198 аула өтінім беріп, жалпы 720 млн. теңгеге 3200 бас төрт түлік мал алу үшін құжаттарын өткізді. Бұл жеңілдетілген несие халыққа 2,5 пайызбен берілмек.
Осы бағыттардағы барлық жұмыстарды қамтып, ұйымдастыру үшін «Атамекен Бастау» кооперативі құрылып, 128 млн теңгеге 3 «МТЗ-952» тракторы, 1 астық комбайны, 12 ауыл шаруашылығы тіркемелері және 2 консерві, ет өнімдерін өндейтін қондырғылар алуға өтінімдерін өткізді.
Міне, осы жоба сәтті жүзеге асырылып, күткендегідей нәтиже беріп жатса, келесі жылы да аталмыш жоба жалғасын тауып, қалған 13 ауылдық округке де қаржы бөлінбек. Ең бастысы, бұл жоба Мемлекет басшысы мен Үкімет тарапынан зор қолдауға ие болып отыр.
Құрметті ауыл еңбеккерлері!
Сіздерді осынау мерейлі мерекелеріңізбен тағы да құттықтай отырып, еліміздің гүлденіп, халқымыздың ырсын молайту жолындағы ерен еңбектеріңізге толағай табыс, өздеріңізге зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық тілеймін.
Еңбектеріңіз жемісті, әрбір еңбек күндеріңіз жеңісті болсын!
Игі тілегінен кейін аудан әкімі Нарбай Әбілқасымұлы Жуалы ауданы бойынша Қазақстан фермерлер одағының төрағасы Мырзайым Тойшыбековке облыс әкімінің Құрмет грамотасын, Ақтөбе ауылдық округіндегі «Абзал» шаруа қожалығының механизаторы Қуат Тойшыбековке облыс әкімінің Алғысхатын тапсырды. Сонымен бірге бір топ ауыл еңбеккерлеріне аудан әкімінің Алғысхатымен, «Nur Otan» партиясының Құрмет грамотасымен және жыл қорытындысы бойынша бағалы сыйлықтармен үздік кәсіпкерлерді марапаттады.
Кезек әсем әнге берілді. Аудандық «Қызғалдақ» ән-би ансамблінің әншілері туған ел, туған жер туралы әндерін тарту етті.
Құттықтау сөз кезегін алған аудандық мәслихаттың хатшысы Ерғали Тілеубеков ауданымыздың экономикасын дамытуда сүбелі үлес қосып отырған сала майталмандарын құттықтап, бір топ сала үздіктерін аудандық мәслихаттың Алғысхатымен және үздік кәсіпкерлерді бағалы сыйлықтармен марапаттады.
Әрі қарай аудандық соғыс және еңбек ардагерлері кеңесінің төрағасы, Жуалы ауданының Құрметті азаматы Естемес Аманбеков, саланың құрметті ардагері Кемел Дәуренұлы, аудандық Қоғамдық кеңестің төрағасы Сейітхан Жұмашев және аудан әкімінің орынбасары Әбдікерім Уркумбаев құттықтап, бағалы сыйлықтардың сертификаттарын тапсырды.
Сала үздіктеріне аудан әкімдігінің ауыл шаруашылығы бөлімінде сертификаттар бойынша шаңсорғыш, газ плитасы, фотоаппарат, кір жуғыш машина, «Оtau TV», теледидар, кілем, микротолқынды пеш, мұздатқыштар сыйға таратылды.

Перизат Шымыртайқызы.
Суреттерді түсірген Сәбит Күзембаев,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close