Basty bet
Кәсіподақ комитетінің көшпелі семинары
Білім қызметкерлері кәсіподағының Жуалы аудандық комитетінің ұйымдастыруымен №1 Шерхан Мұртаза атындағы мектеп-гимназияның мәжіліс залында “Кәсіподақтың Жуалы аудандық филиалының келісу комиссиясының жұмыс тәжірибесі” атты облыстық көшпелі семинар өтті.
Семинарға жергілікті кәсіподақтың сайланбалы және босатылған негізгі қызметкерлері, серіктестік басшылары, филиал төрағалары, құқықтық инспекторлар, келісу комиссия мүшелері, бірқатар мекеме басшылары және атқару комитетінің мүшелері қатысты.
Семинарды білім қызметкерлері кәсіподағының Жуалы аудандық комитетінің төрағасы Мәжит Айжанов ашып, жүргізді.
-Бүгінде білім жүйесін реформалау аясында қоғамда қызу талқыға түсіп жатқан мәселелер аз емес. Бұл ретте кез келген жаңалықты жалаулатып көзсіз қолдауға да, байыбына жетпей, зерттеп-зерделемей жөнсіз сынауға да болады. Біз кәсіподақ өкілдері үшін сала қызметкерлерінің әлеуметтік ахуалы, оңтайлы әрі қауіпсіз еңбек жағдайы, тұрақты табысы, моральдық тұрғыда қалыпты көңіл күйі ерекше маңызды.
“Тарихқа – тағзым”, “Бүгінге – өзгеріс”, “Болашаққа – сенім” деген тарихты таразылай келе, бүгінгі уақытта өзгеріс енгізе отырып, болашақтың зор мүмкіндіктеріне қол жеткізу деген сөз.
Жуалы ауданының білім саласында шоғырланған 3700-ден аса еңбек адамын біріктіретін біздің кәсіподақ мекеме басшылары мен бастауыш кәсіподақ ұйымдар арасындағы конструктивті әрі іскерлік қарым-қатынас, шынайы әрі пәрменді әлеуметтік әріптестік жүйесі арқылы өңірде көптеген түйткілдердің түйінін тарқатқан.
Жыл сайын орта есеппен жазбаша, ауызша нысанда, жеке қабылдауда 1000-нан аса арыз-шағым мен өтініштердің еңбек дауына ұласпай заң аясында оңтайлы шешілуі жеке еңбек дауларының келісу комиссиялары арқылы сотқа дейін реттелуі – соның дәлелі.
Сонда да жеке еңбек дауларының келісу комиссияларында шешімін таппай, сотқа жүгінулері де орын алуда. Мәселен, 2023 жылы келісу комиссиясының 11 отырысы өтсе, 2024 жылы төрт отырысы, 2025 жылы осы уақытқа дейін 11 отырысы өтіп, жетеуінің шешімі сотқа дейін реттеліп, келісу комиссиясының шешімімен шешілген.
Әр отырыстың өзіндік ерекшелігі болады, бірақ түптеп келгенде келісу комиссиясы заң шеңберінде шешім шығарып отырды, – деді Мәжит Мамытұлы.
Семинарда Жуалы ауданы бойынша құқықтық инспектор Гүлжан Орымбаева келісу комиссиясының жұмыс процесіндегі мәселелері, оларды шешу және құжаттарды рәсімдеу туралы баяндады.
Одан кейін семинарда қатысушылармен №1 Ш.Мұртаза атындағы мектеп-гимназияның педагог-психологы Мира Өскенбаева психологиялық тренинг арқылы сергіту сәтін өткізді.
Ал, Жуалы ауданының білім бөлімінің келісу комиссия мүшелері келісу комиссияларында орын алған мәселелер туралы баяндады.
Семинар бірнеше кейстен тұрды. Бірінші кейс аудиториямен жұмыс деп аталып, онда қатысушылар жеке еңбек дауларына байланысты заңнамалық актілер бойынша сұрақтарға QR-код арқылы арнайы әзірленген бағдарламаға тіркеліп, онлайн жауап берді. Бірінші кейсте жеңімпаз атанған қатысушылар екінші кейстегі, яғни, “Миға шабуыл” кезеңінде жеке еңбек дауларына байланысты заңнамалық актілер бойынша қойылған сұрақтарға жауап берді. Бір минут ішінде жылдамдық танытып, қойылған он сұраққа дұрыс жауап беруге тырысты. Бұл кезеңде қатысушылардың сұрағының дұрыс-бұрыстығын анықтайтын эксперт сайланды. Нәтижесінде, семинарға қатысушылардан Әділ Ахметов, Елнұр Сайлаубек және Бекен Досмахамбетов жылдамдық танытып, жеңімпаз атанды. Белсенділік танытқан қатысушыларға сыйлық табыс етілді. Семинардың үшінші кейсі топтық жұмыс деп аталып, бірнеше топқа бөлінген қатысушылар келісу комиссияның шешімін тапты. Әр топқа әртүрлі жағдайдағы тапсырмалар беріліп, олар өздерінің шешімдерін қорғады.
Семинар әрі қарай сұрақ-жауапқа ұласып, қатысушылар көкейіндегі сұрақтарын қойды.
Шараны білім қызметкерлері кәсіподағының Жуалы аудандық комитетінің төрағасы Мәжит Айжанов қорытындылады.
Білім қызметкерлерінің кәсіподағы аудандық филиалы ұйымдастырған облыстық семинарда қатысушылар құнды ақпарат алды.
Айгүл Қалымханқызы,
“Жаңа өмір”