Basty bet
Жағымды жаңалықты сүйіншілеу – басылымның басты міндеті!
Қадірлі Жуалы жұртшылығы және аудандық «Жаңа өмір-Новая жизнь» қоғамдық-саяси газетінің оқырмандары!
Табалдырықтан жаңа аттаған 2026 жыл – Жылқы жылының бастау алар тұсында қасиетті өңір халқын Жаңа жылдың келуімен құттықтап, ұзақ жылдан бері бізбен тұрақты байланыс орнатқан қалың оқырман мен ұлт руханиятына шынайы жанашыр жандарға газет редакциясының атынан алғыс білдіруді жөн санадық. Жылқы жылының жақсылығы көп, табысы мол жыл болуына шынайы тілекші екенімізді де қоса жеткізгім келеді. Ел аман, жұрт тыныш, қасиетті Отанның іргесі берік болғаны барлығынан маңызды. Халқымыз бейбітшілік заманда өмір кешіп, әрбір оттың басы аман, тұрғындардың әл-ауқаты артып, жас ұрпақ бақытты өмір сүрсе – қалың ел тілегінің орындалғаны деп білеміз!
Кеше ғана Жылан жылын тарихтың қойнауына қалдырып, табалдырық аттаған Жылқы жылын ел болып ақ пейіл, адал ниетпен қарсы алдық. Дана бабалардың тағылымымен айтқанда, өткен жылға өкпе жоқ, келер жылдан үміт көп. Шығыс халықтарының күнтізбесінде белгіленген Жылан жылы ел өмірінде өзіндік бояу-өрнегімен, өзіне тән мінезімен халық есінде ұзақ сақталары анық.
Бұл жылы Тәуелсіз Қазақстан Республикасының әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси және рухани-мәдени өмірінде елеулі өзгерістер орын алып, елді дамытып, халықтың әл-ауқаты мен тұрмыс-тіршілігін жақсартуға бағытталған маңызды бастамалар қолға алынып, ауызбіршілікпен қыруар жұмыс атқарылды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей басшылығымен әрі ұстанған сындарлы саясатының нәтижесінде ел экономикасында ілгерілеу анық байқалады.
Қазір шын мәнінде елдің даму бағдарлары жаңа заманға сай жаңаша бағыт алып, халық ел өміріндегі оң өзгерістерді анық сезініп отыр. Бұл бағытта қолға алынған жүйелі жұмыстар алда да өзінің заңды жалғасын табатынына сенім мол.
Ел өміріндегі оң өзгерістер мен жағымды жаңалықты жұртшылыққа кеңінен насихаттап, оны оқырманға сүйіншілеп жеткізу – отандық басылымдардың негізгі міндеті. Жылан жылы аудандық газет қалың оқырманмен тұрақты түрде қауышып, өңір тұрғындарына түрлі тақырыпта мақалалар ұсынылды.
«Газеттің өзі – бір күндік, сөзі – мың күндік» десек, оқырманға жол тартқан өткен жылғы басылымның әрбір нөмірін асықпай парақтаған көзі қарақты оқырман қауым көп дүниемен танысып, газеттен көп дүниені таба алады. Ізденіс түбі – игілік. Бұл бағытта газет тілшілерінің күшімен әлі де шығармашылық ізденіс қарқын алып, оқырманның көңілінен шығатын қызықты мақалалар жазыла береді.
Еңбек адамы – елдің тірегі
«Ескі жыл – есірке, Жаңа жыл – жарылқа» деген адал ниетті халықтың өкіліміз. Осы тұста ескі жыл несімен есте қалды деген заңды сұрақ туындайтыны анық. Жылан жылы елдің өмірінде елеулі оқиғалар болды. Әрбір жылдың өзіне тән ерекшелігі мен ортақ тақырыбы болатыны сияқты, Жылан жылы қоғамда еңбек құндылығына ерекше назар аударылды. Еске сала кетсек, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей бастамасымен «2025 жыл – Жұмысшы мамандықтар жылы» болып жарияланды.
Жұмысшы мамандықтар жылына орай өңір басылымында қоғамда еңбек құндылығын кеңінен насихаттау бағытында тақырыптық мақалалар жарық көріп, қарапайым еңбек адамдары туралы көптеп жазылды. Бұл – елдің дамуы мен қоғамның ілгерілеуіне, ең бастысы – жас ұрпақтың болашағына ауадай қажет дүниелер екені даусыз.
Бұл туралы Президент Қ.Тоқаев былтыр Жамбыл облысына жасаған жұмыс сапарында аймақ жұртшылығымен болған кездесу жиынында сөйлеген сөзінде: «Өздеріңіз білесіздер, биыл бір ел болып «Жұмысшы мамандықтары жылын» атап өттік. Жыл бойы еңбек адамдарына айрықша құрмет көрсеттік. Осы жақсы дәстүр алдағы уақытта да жалғасын табады.
Өз ісіне жауапкершілікпен қарап, қызметін мінсіз атқарған адам қашанда қадірлі болады. Мен мұны үнемі айтып жүрмін. Бұл тұрғыдан алғанда, Жамбыл жұртының ел дамуына қосқан үлесі мол, еңбегі ерен екені белгілі. Әулиеата – нағыз еңбекқор адамдардың мекені. Қазір ортамызда жұмысын адал атқарып, халқымызға аянбай қызмет етіп жүрген азаматтар отыр. Баршаңызға шынайы ризашылығымды білдіремін», деді.
Бұл – әлбетте, әлемнің әміршісі саналатын еңбекке және елдің дамуы жолында аянбай қызмет атқарып келе жатқан қарапайым еңбек адамдарына деген мемлекеттік биік құрметтің белгісі. Елге жанашыр, мамандығына адал, өз ісіне шынайы берілген мұндай еңбек адамдары әрбір ұжымда бар. Сайып келгенде, еңбекке көрсетілген құрметті – елге деген құрмет деп түсінген абзал.
Ерлікке тағзым – елдіктің белгісі
Ұлы Отан соғысындағы батыр бабалардың ерен ерлігі – жас ұрпаққа үлгі-өнеге. Ұлы Отан соғысының жалынына шарпылып, соғыс қайғысымен қоса, тылдағы ауыр еңбектің қиындығын көрген біздің ел, бейбітшіл халқымыз үшін Ұлы Жеңіс күні мерекесінің мәні өте зор. Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай ел өңірлерінде жас ұрпақтың патриоттық рухын көтеріп, елдің айбынын асыратын бірқатар маңызды бастамалар қолға алынып, республика деңгейінде елдік іс-шаралар жоғары деңгейде ұйымдастырылды.
Ұлы Жеңістің 80 жылдығымен қатар, 2025 жылы даңқты қолбасшы, қазақ халқының қаһарман перзенті, Кеңес Одағының Батыры Бауыржан Момышұлының туғанына 115 жыл толуына орай Батырдың кіндік қаны тамған қасиетті Жуалы ауданында және облыстың ккөлемінде жас ұрпаққа тәлім мен өнеге боларлық патриоттық іс-шаралар көптеп ұйымдастырылды. Хас батырдың ел қорғау жолындағы ерлік істерін ұлықтау, сол арқылы халқымыздың сан ғасырлар бойы қалыптасқан ерлік дәрежесін асқақтатып, оның елге сіңірген, ұлт руханиятына қосқан еңбегін жоғары бағалау – қазақ халқының қасиетті парызы мен қастерлі қарызы болып қала бермек…
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Ұлы Отан соғысындағы көрсеткен ерлігі мен батылдығы үшін даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлына Ең жоғары дәрежелі ерекшелік белгісі – «Халық Қаһарманы» атағының берілуін халық – ерлікке жасалған жоғары құрметтің белгісіндей қабылдағаны анық. Халық жүрегінен өшпестей орын алған хас батыр Бауыржан Момышұлының асқақ рухына құрмет, сонымен бірге, батыр бабалардың санғасырлық ерлігіне тағзым ретінде Жуалы ауданының тұсынан өтетін «Батыс Қытай-Батыс Еуропа» халықаралық автожолының бойынан эскизі жасалып, абаттандыру жұмыстары жүргізіліп жатқан жаңа саябақтың бой көтеруін атап айтуға болады. Онда Бауыржан Момышұлының 115 жылдық мерейтойына орай Батырдың еңселі ескерткіші орнатылмақ. Қазір мұнда жұмыстар қарқынды жүргізілу үстінде. Сәтін салса, жаңа ескерткіштің ашылу рәсімі 2026 жылдың 9 мамыр – Ұлы Жеңіс күні мерекесіне орай ұйымдастырылады деп күтілуде.
Сонымен бірге, 2025 жылы ұлт ардақтысы, жазушы-аудармашы, белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Құрманбек Сағындықовтың туғанына 115 жыл толуына орай ардақты тұлғаның мерейтойы кеңінен атап өтілді.
Даңқты қолбасшы, қазақ әскери әдебиетінің негізін қалаушы Бауыржан Момышұлымен сонау бала кезінен Аса, Әулиеата мектеп-интернаттарында бірге оқып, бала кезеңде ақ адал көңілмен серт байласып, айырылмас дос болып, өмірінің соңына дейін достықтың туын жықпаған қасиетті Жуалы өлкесінің қос тұлғасы Бауыржан мен Құрманбектің өмірінен алар үлгі-өнеге өте мол. Екі тұлғаның Ұлы Отан соғысында да Панфилов атындағы даңқты гвардиялық дивизияда бірге болуы – өз алдына бөлек тақырып.
Иә, есімі ел жадында сақталып, халықтың жүрегінен орын алған жерлес тұлғалар мерейтойының өз деңгейінде атап өтілуі – өңір халқының рухын көтеріп, жас ұрпақты Отаншылдыққа жетелегені анық.
Баспасөзге жазылу –
баршаның ісі
Сөз басында айтылғандай, оң өзгерістер мен жағымды жаңалықты жұртшылыққа насихаттап, оны оқырманға сүйіншілеп жеткізу – отандық басылымдардың негізгі міндеті. Елдің игілігі жолында ілкімді істер атқарылып, жағымды жаңалық көбейсе – ел игілігінің артқаны деп білеміз. Елдің игілігін еселеп, қасиетті Отанның дамуына үлес қосу – барлығымызға ортақ міндет. Бұл істе газеттің атқаратын рөлі зор. Осынау елдік істе аудандық басылымның шығармашылық ұжымы да аянып қалып жатқан жоқ.
Дәстүрлі баспасөз басылымдардың ішінде – газеттің алар орны ерекше. Газеттің тірегі – оқырман. Басылым оқырманымен көрікті. Осы тұста 2026 жылдың І жартыжылдығына отандық мерзімді басылымдарға жазылым науқаны кезінде ойға түйген кейбір дүниелерді де ортаға салғанды жөн көрдік. Баспасөзге жазылым науқанына белсенділікпен атсалысып, берілген жоспарды артығымен орындауға барынша күш салған жекелеген аудандық мекемелер мен еңбек ұжымдарына алғыс білдіреміз.
Жазылымның алдыңғы қатарындағы – аудан әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөліміне қарасты халық шығармашылығы және мәдени демалыс орталығы мекемесіне, аудандық орталықтандырылған кітапхананың ұжымына, Жуалы ауданының Төтенше жағдайлар бөліміне, «ҚазСуШар» РМК Жамбыл филиалының «Ақсай» өндірістік бөлімшесіне (су шаруашылығы мекемесі), аудандық ветеринария бөлімінің ұжымына, Жастар ресурстық орталығы мекемесіне, газ шаруашылығы және «Жуалы-Су» мекемелеріне, сонымен қатар, білім беретін мекемелерден – №5 М.Ломоносов, №12 М.Әуезов, №8 С.Бәйтіков, №16 С.Сейфуллин атындағы орта мектептердің, аудан орталығындағы Ә.Бөкейхан атындағы №15 тірек мектеп-лицейіне, №23 Алатау орта мектептерінің педагогикалық ұжымына, сондай-ақ, оқушыларға қосымша білім беретін №1 Балалар өнер мектебіне, «Аула клубы» мекемесіне, Педагогикалық-психологиялық түзету кабинетіне, №1, №5 «Балдырған» балабақшаларының ұжымына басылымға жазылып, руханиятқа көмек-қолдау көрсеткендері үшін редакцияның атынан алғыс білдіреміз. Ел болашағы жолында аянбай еңбек етіп, жас ұрпақтың жетіліп, дамуында елеулі үлестері бар мекеме ұжымдарына шығармашылық табыс тілейміз!
Ал, 100-150-ден аса қызметкер жұмыс атқаратын аудандық білім бөліміне қарасты жекелеген мектептің ұжымдары аудандық басылымға жазылуды мүлдем ұмытып кеткендей соңғы жылдары «ұйқылы-ояу» күйде екені көңілге қаяу салатыны рас. Жазылым кезінде облыстық білім басқармасынан берілген «нақты» тапсырманы ғана орындап, туған өңірдің төл басылымына бірде-бір дана жазылмаған мектептердің қатарында – аудан орталығында орналасқан Ш.Мұртаза атындағы №1 мектеп-гимназия, №19 Д.Қонаев атындағы мектеп-гимназиялары бар. Бұл тізімде – №3 Қ.Қошмамбетов, №7 Т.Әкімов, №21 Д.Пахомов, №11 Т.Тастандиев, №17 Ы.Алтынсарин, №36 Ш.Уәлиханов атындағы орта мектептермен қатар, №26 Жаңаталап орта мектебі және аудан орталығындағы «Аягүл» балабақшасы бар. Теріс-Ащыбұлақ, С.Мұқанов, Бақалы, Жылыбұлақ бастауыш мектептері және Шақпақата ауылындағы №4 Өнер мектебі де 2026 жылдың І жартыжылдығына аудандық басылымның бірде-бір данасына жазылмаған мекемелердің қатарын толықтырып отыр.
Өмір мұнымен тоқтап қалмайды. Айлар асығып, жылдар жылжи береді. Уақытқа тұсау салуға ешкімнің шамасы келмейді. Ал өткен күннің еншісіне жақсы жаңалықтар жазылса, келер күнді нұрлы үмітпен қарсы алсақ деген игі тілек көңіл түкпірінде бар.
Құрметті жерлестер! Жал-құйрығы сүзіліп уақыт табалдырығынан арындай аттаған Жылқы жылы әрбір шаңыраққа жақсылығын ала келсін. Бейбіт елдің өмірі жасампаз істерге толы болуына біз де тілек қостық. Тізгінді осы тұстан тартып, қалған сөзді әзірше жүйрік уақыттың еншісіне қалдырдық…
Ел аман, жұрт тыныш, Тәуелсіздігіміз тұғырлы болсын!
Нұржан МАНАСҰЛЫ,
Бас редактор