Basty bet

Қираған ескі қойма ауылдың келбетіне нұқсан келтіреді

Аудан аумағында қираған әрі қараусыз қалған ғимараттар тұрғындар арасында алаңдаушылық туғызып отыр. Уақытында жөндеу жүргізілмеген немесе қараусыз қалған нысандар ауданның сәулеттік келбетіне нұқсан келтіріп қана қоймай, қоғамдық қауіпсіздікке де әсер етуде. Қараусыз қалған ғимараттардың айналасы көбінесе қоқысқа толып, санитарлық жағдайдың нашарлауына себеп болуда. Әсіресе, балалар мен жасөспірімдер үшін бұл аймақтар ойын алаңына және оларға қауіпті аймаққа айналып отыр.

Осындай қараусыз қалған нысанның бірі – Б.Момышұлы ауылының Е.Сауранбекұлы көшесіндегі ескі қойма. Қойманың шатыры алғашқы жауған қарлы жаңбыр мен қатты желден опырылып құлап, сол қираған күйде жатқанына біраз уақыт болды. Қойманың қабырғасы ағаштан тұрғызылған. Қазіргі таңда ғимараттың әбден тозығы жетіп, толық қирау алдында тұр. Тек бір бұрышы ғана сүріліп, тазаланған. Қираған қойма ауданның келбетіне нұқсан келтіруімен қатар, балалардың өміріне де қауіп төндіруде. Себебі, осы қойманың шатыры құламай тұрып оның үстінде балалардың талай ойнап жүргенін байқаған болатынбыз. Баланың аты – бала. Ертең күні бала қираған ғимараттың бір жерінде майып болып жатса, оған кім жауап бермек?
Бұл ескі қойманың тарихын зерттеу үшін алдымен ҚР ДСМ СЭБК “Ұлттық сараптама орталығы” ШЖҚ РМК-ның Жамбыл облысы бойынша аудандағы филиалына барып, ондағы қызметкерлермен тілдескен болатынбыз. Ондағы мамандардың сөзіне қарағанда, бұл ғимарат сонау өткен ғасырдың 40-шы жылдары соғылғанын және Кеңес үкіметі кезінде бұл мекеменің ғимараты орталық аурухана болып, аурухананың меншігіндегі жедел жәрдем көліктері осы қоймаға қойылғаны белгілі болды. Мамандар қойманың бос тұрғанына 20 жылдай уақыт болғанын айтады. Мекеменің қызметкерлері де ескі қойманың айналасында балалардың ойнап жүретінін ескертіп, оны сүріп алып тастау мәселесін көтерген екен. Тек осыдан екі жыл бұрын ғана ескі қойма сатылымға қойылып, оны жеке кәсіпкер мемлекеттік сатып алу жүйесі арқылы сатып алған.
Осыдан бірнеше жыл бұрын Б.Момышұлы ауылының тұрғыны Зейнеп Дәуренова өзінің Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында ескі қойма пайдаланылмаса, оны жеке кәсіпкерлерге беру туралы жазба қалдырып, көпшіліктің назарын нысанға аудартқан еді.
Ал, аудандық мәслихаттың депутаты Нүрилә Мәлібекова өткен жылдың ІІІ тоқсанында азаматтарды жеке қабылдау кестесіне сәйкес, Е.Сауранбекұлы көшесінің тұрғындарын жеке сұрақтарымен қабылдау өткізген. Қабылдауға келген ауыл тұрғындары К.Шарипова және А.Алшынбаева көше бойында орналасқан тозығы жеткен қойманың иесін тауып, оны қалпына келтіруін немесе мүлдем бұзып алып тастауын сұранған. Себебі, көше бойында ойын алаңшасының жоқтығынан балалар осы бос тұрған ғимаратты қызық көріп, оның ішіне кіріп және шатырының үстіне шығып ойнайды екен.
Тұрғындар балалардың ойнап жүріп бірнеше рет жарақат алып, аяқтарын қайырып алған жағдайлардың орын алғанын айтып, осы мәселені түбегейлі шешіп беруге ықпал жасауды сұраған. Мәслихат депутаты Н.Мәлібекова тұрғындардың көтерген бұл мәселесін шешу мақсатында қойманы сатып алған жеке кәсіпкерді анықтап, оған тұрғындардың өтінішін жеткізген. Халық қалаулысына кәсіпкер оның ішінде ескіріп жарамсыз күйде қалған жүк көлігі де қойманы толық сүріп алып тастауға кедергі болып отырғанын жеткізген. Толық алып тастауға мүмкіндік болмаса да ескі ғимараттың ішіне кірмеу үшін есіктеріне шеге қағып, сол қалпында қалдырған.
Ал, өткен аптада “Аmanat” партиясы Жуалы аудандық филиалының төрағасы Марат Нарымбеков және Партиялық бақылау комиссиясының төрағасы, аудандық мәслихаттың депутаты Мұхамеджан Әсемов аталған нысанға зерделеу жұмыстарын жүргізді. Зерделеу барысында Б.Момышұлы ауылының әкімі Рәтбек Көсембаевқа “Аmanat” партиясының “Бақытты отбасы” партиялық жобасы аясында балаларға қауіпсіз орта қалыптастырудың маңыздылығы түсіндірілді. Бұл қираған нысанның иесімен түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, мәселені оңынан шешуге ықпал жасап, көшенің тазалығына баса мән беру қажеттігі ескертілді.
Бүгінгі таңда көтеріліп отырған Е.Сауранбекұлы көшесіндегі ескі қойманың мәселесі жан-жақты бақылауға алынды. “Аmanat” партиясы Жуалы аудандық филиалы, аудандық мәслихаттың депутаттары, ауыл әкімі және көше тұрғындары қираған ескі қойманың қауіптілігі жайынан хабардар. Ендігі кезекте ғимаратты сатып алған жеке кәсіпкер бұл іске жауапкершілік танытып, тұрғындардың қауіпсіздігі мен ауылдың сәулеттік келбетіне нұқсан келтірмес үшін бұл нысанды дер кезінде сүріп алып тастауға күш салуы керек. Ауыл әкімі де көтерілген мәселенің маңыздылығын ескеріп, жеке кәсіпкермен тығыз байланыста бірлескен әрекет жасаса, онда талай жыл бойы тұрғындардың көкейінде жүрген бұл мәселе өз шешімін табары сөзсіз…

Айгүл ҚАЛЫМХАНҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close