Basty bet
Азаматты талап жетелеп, арман өсіреді
аудан жастары жылды табысты қорытындылады
Жастар – қоғамның қозғаушы күші. Осы ретте Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен әрі тікелей қолдауымен 2019-шы жыл ресми түрде Жастар жылы болып жарияланғаны белгілі.
Тәуелсіз еліміздің тарихында тұңғыш рет аталып өткен Жастар жылы аясында елімізде қыруар шаруалар атқарылды. Оның ішінде заман талабына сай жастар кәсіпкерлігінің дамуына ерекше басымдық берілді. «Талпынған жетер мұратқа» демекші, жастардың жыл бойына атқарған сан-салалы қыруар жұмыстары өз нәтижесі мен жемісін берді.
Жақында аудандық «Достық» мәдениет үйінде Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік жастар саясаты туралы» Заңын жүзеге асыру аясында «Жастық жалын – жаңғыру жолы!» атты аудандық жастар форумы өтті. Аудандық «Жастар ресурстық орталығының» ұйытқы болуымен өткен жастар форумының басты мақсаты – әр салада жемісті жұмыс жасап жүрген жастардың өзін-өзі жетілдіру жолында аянып қалмау үшін жағдай жасауға, кәсіптерді зерделеуге, шығармашылық көзқарастарды жандандырып, қоғамдық маңызды кәсіби бағдар беру қызметіне тарту болып табылады.
Форумның алғашқы құттықтау сөзі аудан әкімінің орынбасары Асхат Жабағыға берілді.
– Құрметті аудан тұрғындары! Қадірменді жастар!
Жастар кез келген мемлекеттің ең белсенді мүшесі болып саналады. Бүгінгі жастар – егеменді елдің ертеңгі үміті, ата-бабамыз сан жылдар армандаған тәуелсіздігімізді көзінің қарашығындай сақтайтын ұрпақ жалғасы.
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жастарды қолдауға қатысты айтылған ойларының көрінісі биылғы жылдың Жастар жылы болып бекітілуіне негіз болды. Білімді, саналы ұрпақ қана ел болашағы бола алатындығын атап айтқаны жастарға зор міндет жүктеп отыр. Жастар жылы аясында биыл ауданымызда жастардың әлеуметтік жағдайын арттыру, білім сапасын көтеру, жас отбасыларды қолдау және жастар арасында кәсіпкерлікті дамыту мақсатында бірқатар шаралар жүзеге асырылды.
Жалпы ауданда статистика көрсеткіштері бойынша 2019 жылы тұрғындар саны 52 523 адамды құраса, оның ішінде жастар 13 409 адамды құрайды. Бұл жалпы халықтың 25,8 пайызы. Бүгінгі күнге басты мәселелердің бірі жастарды жұмыспен қамту болса, бүгінгі күні аудандық «Жұмыспен қамту орталығына» барлығы 1382 жас жұмыссыз ретінде тіркелген. Олардың 610-ы тұрақты жұмыспен, 117 жас қоғамдық жұмыспен, 329 жас «Жастар тәжірибесі» бағдарламасымен жұмыспен қамтылды. Биыл аудандық мемлекеттік кірістер басқармасына 441 жас өз кәсібін ашу мақсатында тіркелген. Бұл бағыттағы жұмыстарды біз әлі де жалғастыруымыз қажет.
Жастар жылына орай аудандық кәсіпкерлер палатасында «Жас кәсіпкер» атты екі кезеңдік кәсіпкерлікке баулу мақсатындағы оқыту курстарынан 100 жас, «Бастау» курсынан 150 жас өтіп, білім-біліктерін шыңдап, сертификаттарға ие болып отыр. Сондай-ақ, халықты жұмыспен қамтудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасын жүзеге асыру аясында жастардың қатысуымен бірқатар шаралар жүргізілуде. Аудан бойынша барлығы 43 жас жылқы және ірі қара мал бағытын дамыту мақсатында 124 миллион 500 мың теңге несие алып, өз жұмыстарын бастады.
Сонымен қатар, жаңадан кәсібін бастаушы жастар үш миллион теңгеге дейін жаңа идеяларды қолдауға арналған қайтарымсыз гранттарды ұтып алып, нәтижесінде, жалпы құны 32 млн 500 мың теңге болатын 15 жоба іске асырылды. Осындай мемлекеттік қолдаудың барлығы сіздердің бәсекеге қабілетті, кәсіпке бейім болып өсулеріңіз үшін жасалып отыр. Сондықтан осындай іскер замандастарыңыздан үлгі алып, өз бағыттарыңызды дұрыс жоспарлауға шақырамын.
Қай кезеңде де елдің ертеңі, мемлекеттің тірегі – жастар. Тәуелсіздіктің тұғырлы, мемлекет мәртебесінің биік болуы да болашаққа бет бұрған жалынды жастардың қолында. Сондықтан сіздерге еліміздің өркендеуіне елеулі үлес қосып, биік белестерді бағындырады деген сенімдемін. Іске сәт,- деді Асхат Базарбайұлы.
Айта кету керек, Жастар жылына орай аудан әкімі Нарбай Ергебековтың қолдауымен «Жуалы жайсаңдары» аудандық жастар сыйлығы тағайындалған болатын. Аталған байқауға 33 жас құжат өткізіп, арнайы құрылған комиссияның құрамы аудандық жастар сыйлығына 16 номинация бойынша «жүзден жүйріктерді» анықтап, оларға сыйлық тағайындады. Әр салада жемісті жұмыс жасап, қоғамдық жұмыстарға да белсене араласып аудан әкімінің сыйлығына лайық деп танылған жастарды аудан әкімінің орынбасары Асхат Жабағы, аудандық мәслихат аппаратының басшысы Шынаркүл Әбдікерімова, аудандық ардагерлер кеңесінің, аудандық қоғамдық кеңестің төрағалары Естемес Аманбеков, Сейітхан Жұмашев марапаттады. Марапат иелеріне аудан әкімінің Алғысхаттары беріліп, бағалы сыйлықтар табысталды.
Жастар форумында жас кәсіпкер Хафиза Тұрдалы аудан жастарының атынан сөз сөйлеп, ізгі тілегін білдірді. Жастар жылы аясында жастардың жеткен жетістіктерін қуаныш сезіммен жеткізді.
Нұржан МАНАСҰЛЫ.
Суретті түсірген Сәбит Күзембаев,
«Жаңа өмір»