Basty bet

Азаматтардың өтініш-тілегі назардан тыс қалмайды

Азаматтарды жеке қабылдау кестесіне сәйкес, сәрсенбі күні аудан әкімі Жалғас Мұртаза аудан әкімі аппаратының кіші мәжіліс залында азаматтарды жеке сұрақтарымен қабылдау өткізді.

Аудан басшысының қабылдауына келген тұрғындардың көтерген сауалдары жан-жақты болды. Атап айтқанда, ақылы қоғамдық жұмысқа орналасу, біржолғы коммуналдық әлеуметтік төлем мен көмірмен қамтамасыз ету мәселесі, сондай-ақ «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасына қатысты сұрақтар қозғалды.
Қабылдауда болған Б.Момышұлы ауылы тұрғындарының бірі аудан әкімінен қоғамдық жұмысқа орналасуға көмек көрсетуді сұраса, енді бірі біржолғы коммуналдық әлеуметтік көмек пен жылыту маусымына қажетті көмір мәселесімен қайырылды. Одан бөлек, бір азамат онкологиялық аурумен ауыратын науқасқа ем алу үшін алыс жолға баруға жолақысына қаржылай көмек беруді өтінді. Келесі кезекте Қошқарата ауылдық округінің тұрғыны жас мамандардың «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасына қатысу шарттары туралы сұрап білді. Ал, Б.Момышұлы ауылының тұрғыны зағип жандарға арналған спорттық сауықтыру және білім беру бағытындағы нысандардың қолжетімділігін арттыру жайын аудан басшысының назарына салды.
Жеке қабылдауда аудан әкіміне сұрақпен қайырылған азаматтардың мәселесіне байланысты аудан басшысы Жалғас Мұртаза жан-жақты жауап беріп, аудандық әкімдіктің жауапты бөлім басшылары және ауылдық округтің әкімдері тарапынан өтініш иелеріне көмек көрсетуді тапсырды. Сондай-ақ, азаматтарға әрбір көтерілген мәселе бойынша заң талаптарына сай түсіндірме жасап, тиісті бөлімдерге нақты тапсырма жүктеді. Сонымен қатар, өтініш-тілектің назардан тыс қалмайтынын да атап өтті.
Аяжан Қазыбек,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close