Basty bet

Кәсіподақ мүшелерінің мүддесі – басты назарда

№1 Ш.Мұртаза атындағы мектеп-гимназияда Жамбыл облысы оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағының Жуалы аудандық комитеті филиалының ІV Пленумы өтті. Пленумға Жамбыл облыстық кәсіподақ ұйымының төрағасы Ерұлан Мағзымбеков, аудандық білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Азамат Байтишев, мектеп директорлары мен балабақша меңгерушілері, бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағалары мен мүшелері және БАҚ өкілдері қатысты.

Пленумды кәсіподақ комитетінің аудандық филиалының төрағасы Мәжит Айжанов ашты.
Жиында Ұжымдық шарттағы көрсетілген міндеттердің орындалуы, қоғамдағы рөлі жайлы аудандық білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Азамат Байтишев баяндама жасап, әлеуметтік әріптестік аясында жүзеге асырылған жұмыс барысына тоқталды. Оның айтуынша, өткен жылы білім беру жүйесін қаржыландыруға 17 миллиард 512 миллион 886 мың теңге бөлініп, игерілген. Ал, педагог қызметкерлерді міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға педагогтер мен техникалық және шағын орталық қызметкерлеріне 177 миллион 856,3 мың теңге қаралған.
Сонымен қатар, ол, әлеуметтік әріптестік аясында Ұжымдық шартта көзделген нормалар аудандық білім бөлімі тарапынан орындалып отырғанын жеткізді. Мәселен, білім беру ұйымдарының қызметкерлері іс жүргізушілер мен есепшілердің жұмыс ауқымының артуына байланысты лауазымдық жалақысы 50 пайызынан кем емес көлемде, барлығы 13 миллион 4134,6 мың теңге төленген. Сондай-ақ, кітапханашылардың лауазымдық жалақысына 30 пайыз, іс жүргізушілер мен хатшылардың еңбекақысына 50 пайыз қосымша ақы төлеу жүзеге асырылған. Сонымен қатар, білім беру ұйымындағы мұрағаттық құжаттарды сақтауға жауапты мұрағатшыларға 30 пайыздық үстемеақы белгіленген. Бұдан бөлек, әжетхана тазалаушылар жұмысының зияндығын ескере отырып, 35-тен 50 пайызға дейінгі аралықта үстемақысы көтерілген. Есепшілердің айлық жалақыларына 50, іс-жүргізушіге 2021 жылдан бастап 50 пайыз үстемақы қосылған. Баяндамашы мұның барлығы облыстық кәсіподақтың араласуымен болған жұмыстар екенін баса айтты.
Ал, аудандық комитеттің өткен жылы атқарылған жұмысының барысы туралы филиал төрағасы Мәжит Айжанов баяндады.
Филиал төрағасы аудандық комитеттің құрамында 75 бастауыш кәсіподақ ұйымы жұмыс істейтінін тілге тиек етті.
Оның мүшелік саны – 3767. Комитет құрамы білім беру ұйымдарының өкілдерінен, кәсіподақтың бастауыш ұйымдарының жетекшілері мен белсенділерінен, кәсіподақ мүшелерінен жасақталған 77 адамды құрайды.
Пленумда атқарылған жұмыс есептік баяндамада жан-жақты қамтылып, жарыссөзге шыққан кәсіподақ мүшелері тарапынан оң бағаланды. Жарыссөзде №19 Д.Қонаев атындағы мектеп-гимназияның директоры Жанболат Орынбек пен №4 балалар өнер мектебінің бастауыш кәсіподақ ұйымының жетекшісі Ринат Аубакиров өз мекемесінде атқарылған жұмыс барысына тоқталды. Ал, №1 бөбекжай-балабақшасының меңгерушісі Гүлмира Даниярова мекеме жұмысы туралы баяндай келіп, баланың жан басына шаққандағы қаржыландыру және балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қоршау орнату мәселесін көтеріп, ғимараттың бүгінгі жағдайына тоқталды.
–Аудандағы тарихы ғасырға жуық №1 бөбекжай-балабақшасының ғимараты 1954-1959 жылдар аралығында салынған жеке-жеке орналасқан ғимараттардан тұрады. Ескі ғимараттың қазіргі жағдайы сын көтерерлік жағдайда емес. Шынын айтқанда, бізге бүгінгі күні заман талабына сәйкес келетін ғимарат қажеттігі артуда. Бұған дейін қанша рет жаңа ғимарат салу мәселесі көтерілсе де, өкінішке орай ілгерілеу болмай тұр. Мүмкіндікті пайдалана отырып, осы мәселенің білім басқармасы тарапынан шешім табуына Жергілікті кәсіподақ өз тарапынан қозғау салса, – деген ол өз ұсынысын жеткізді.
Ал, жиын барысында көтерілген сұрақтарға және филиалдың жұмысына байланысты Ұжымдық шартта көзделген нормаларға арнайы тоқталған Ерұлан Мағзымбеков бүгінге дейін жергілікті кәсіподақтың осы құжат негізінде жеткен жетістіктерін ашып түсіндіріп берді.
– Өткен жылы қол жеткізген жетістігіміз, шешілген түйткілді мәселелер аз болған жоқ. Жыл сайын өткенді бағамдап, алға нақты жоспар қою мақсатында кәсіподақ ұйымының ашық диологы өтеді. Яғни, бүгінгі пленум жыл сайын дәстүрлі түрде өткізілетін жиын. Дегенмен әр жылдың өзіндік ерекшелігі бар. Соның ішінде, кәсіподақ мүшелерінің заңды құқығы мен мүдделерін қорғау басты жұмыстардың бірі. Яғни, кәсіподақ мүшелерінің мүдессі әрдайым басты назарда. Бұл жұмыста ұжымдық шарттың алар орны ерекше. Ұжымдық шартта жазылған нормалар өздігінен орындала салмайды.
Ұжымдық шартта белгіленген нормалардың дұрыс орындалуы үшін оның рәсімделуіне мұқият болған абзал. Мұнда біздің өңірлердегі әлеуметтік әріптестеріміздің Ұжымдық шартта көзделген нормалардың жүзеге асуына тигізіп отырған үлесі мол. Қалай дегенмен кейде бұйрықтар дұрыс рәсімделмей педагогтер арасында түсініспеушіліктер туындап жататыны да бар. Бұл мәселе үйде оқытылатын пән мұғалімдеріне қатысты болды.
Осы жағдайды тексергенімізде анықталғаны бұйрықтардың дұрыс шығарылмауынан оқытушылардың жалақылары ұсталды. Яғни, бала ауруханаға жатқан кезде бұйрық дұрыс рәсімделсе, пән мұғалімінің жалақысының 75 пайызы сақталады. Осы ретте ескерткім келетіні – бұйрықты дұрыс рәсімдеу қажет. Қорыта айтқанда, біздің жұмысты заңгерсіз елестету мүмкін емес. Олардың мұғалімдерге деген көмегі біздің жұмысымыздың нәтижесін арттырып отыр, – деді Ерұлан Сәбенұлы.
Пленум барысында қаулылар қабылданып, 2026 жылдың қаржылық сметасы бекітіліп, кездесу соңы марапаттауға ұласты.

Айгүл ҚАЛЫМХАНҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close