Basty bet
Ауыл спортын дамыту – аса маңызды бағыт
Қарасаз ауылында спорт-сауықтыру кешенінің құрылысы аяқталып, тұрғындар игілігіне пайдалануға берілді
Елімізде спортты дамыту мен саламатты өмір салтын насихаттауға айрықша мән беріліп, оған мемлекет барынша көңіл бөліп, көп азаматты, әсіресе, жастарды, спортпен айналысуға жан-жақты қамқорлық жасап отырғаны белгілі. Президент тапсырмаларының аясында Қазақстанда спорттық инфрақұрылымды дамыту бағытында ауқымды жобаларды жүйелі жүзеге асыру жұмыстарының жалғасып келе жатқанын да жақсы білеміз.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты халыққа арнаған Жолдауында спортты дамыту, ел жастарын саламатты өмір салтын ұстану бағытындағы жұмыстардың атқарылып жатқаны баяндалғаны белгілі. Президент бұл туралы: «Баршаңызға мәлім, мен бұқаралық спортты дамытуға баса мән беремін. Аймақтарда спорт нысандары бой көтеріп жатыр. Үйірмелер балаларға қолжетімді бола бастады. Ерекше қажеттілігі бар азаматтарға және егде адамдарға арналған спорт клубтары ашылып жатыр. Сондай-ақ кәсіби спорт саласында оң өзгерістер болып жатыр. Мен бұған дейін шетелден келген спортшыларға бюджеттен қаржы бөлуді шектеу туралы тапсырма бердім. Депутаттар бұл бастаманы қолдап, арнайы заң қабылдады» деп атап өткені белгілі.
Осыған сәйкес, ел өңірлерінде тұрғындарға спорттық ғимараттардың қолжетімділігін арттыру мақсатында жұмыстар атқарылып, ауданға қарасты бірқатар ауылда спорт-сауықтыру кешенінің құрылысы жүргізілу үстінде. Өткен аптада Қарасаз ауылында құрылысы толық аяқталған спорт-сауықтыру кешенінің салтанатты ашылуы ұйымдастырылды. Осынау қуанышты оқиғаға ауыл-аймақтың ардагерлері мен тұрғындар көптеп жиналды. Жиында алғашқы құттықтау сөз аудан әкімі Жалғас Мұртазаға берілді.
– Құрметті жерлестер және спортсүйер қауым!
Қарасаз ауылынан ашылғалы отырған спорт-сауықтыру кешенінің маңызы өте зор. Олай болатыны, ендігі кезекте спортпен шұғылдану көрсеткіші артып, саламатты өмір салтын ұстанған тұрғындардың денсаулығы нығайып, олардың өмір сүру жасы ұлғаяды деп сенемін. Бұл – өңір өміріндегі өте қуанышты жағдай.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ауылдық жерлерде спортты дамыту мәселесіне тоқтала отырып: «Ауылдық жерлерде спортты дамыту – жастардың денсаулығы мен тәрбиесіне оң әсер ететін маңызды бағыт. Спорт кешендері мен алаңдарын салып, ауыл жастарын спортқа баулу арқылы біз саламатты ұрпақ тәрбиелейміз. Әрбір ауылда спортпен айналысуға барлық жағдай жасалуы тиіс. Ауыл спортын дамыту – болашақ чемпиондарды тәрбиелеудің кепілі» деп атап өткені белгілі. Ауданда спорт саласын дамытуға қажетті жағдайлар жасалуда. Ауылдан ашылып отырған мына жаңа нысан – соның жарқын көрінісі.
Былтыр аудан көлемінде жалпы алты спорт нысаны іске қосылса, биыл жеті спорт нысаны салынып, пайдалануға беріледі деп күтілуде. Қазіргі таңда өңірге қарасты Көлтоған, Нұрлыкент ауылдарында спорт кешендерінің құрылысы жүргізіліп жатса, алдағы екі-үш жылдың бедерінде Бәйтерек, Шақпақата, Күреңбел, Көлбастау және Қарабастау ауылдарынан заманауи спорт кешендерінің ғимараты салынатын болады. Осындай жүйелі жұмыстардың нәтижесінде дене шынықтыру және спортпен айналысатын тұрғындардың үлесі артатын болады. Ауданда барлығы – 172 спорт нысаны болса, олардың барлығы дерлік ауыл тұрғындарына спортпен айналысуына қолжетімді.
Құрметті қарасаздықтар! Баршаңызды жаңа спорт кешені ғимаратының ашылуымен құттықтаймын. Бұл спорт нысаны ауыл тұрғындарының игілігіне ұзақ жыл қызмет көрсетеді деп сенемін,- деді аудан басшысы Жалғас Әлижанұлы.
Жаңа нысанның ашылуына арналған жиында ауылдың қадірлі ақсақалдары да игі тілек білдіріп, көпшілікке ақ баталарын жаудырды. Ардагер ұстаз, ауылдың қадірлі қариясы Рысбек Қазақбаев ауылдан жаңа спорт кешенінің ашылуын жақсылыққа балап, ауыл тұрғындарының өтініш-тілегін ескерген облыс және аудан басшыларына алғыс білдіріп, көпшілікке ақ батасын берді. Сонымен бірге, ауыл қариясы Құнанбай Нартаев ауыл-аймақтан танымал спорт шеберлерінің көптеп шығуына тілектестік білдірді.
Спорт-сауықтыру кешенінің лентасын аудан әкімі Жалғас Мұртаза және аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейітхан Жұмашев салтанатты жағдайда қиды. Тәттіден шашу шашылды. Жиналған азаматтар спорт кешенінің жұмысымен танысты. Ендігі кезекте мұнда дзюдо күресінен және футболдан балалар мен жасөспірімдер еш кедергісіз еркін жаттығатын болады.
Айта кету керек, ауыл тұрғындары көптен күткен спорт-сауықтыру кешенінің құрылысын жүргізген мердігер мекеме «ТаразҚұрылысИнвест» ЖШС. Заманауи спорт кешенінде балалардың спортпен шұғылдануына қажетті жағдайлар жасалған. Ғимарат екі блоктан тұрады. Бірінші блокта киім ауыстыратын және жуынатын бөлмелер, әдістемелік, әкімшілік, дәрігер кабинеттер, жаттықтырушылар мен нұсқаушыларға арналған бөлмелер қарастырылса, екінші блокта үлкен әмбебап спорт зал орналасқан. Кешеннің ғимараты жаңа заманға сай жабдықталған. Жаңа нысанның жалпы ауданына келсек, ғимараттың ұзындығы – 48,5 метр, ал ені – 21 метрді құрайды.
Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»