Basty bet

Әскери міндет – азаматтық борыш!

Қазір еліміз бойынша азаматтардың әскерге баруы немесе сол әскерге деген пейілі жұрт назарында тұрған ең өзекті мәселелердің біріне айналып отыр. Бірі жақтайды, енді бірі жата кеп даттайды. Айналып келгенде, Отан алдындағы борышын өтеу кез келген ер азаматтың міндеті екенін ескермей жатамыз. Расында Отанға қызмет ету азамат үшін сол міндетті әскери борышын өтеуден басталатынын бірі білсе, бірі білмес. Солай екенін біле тұра «бармай жүрген жалғыз мен бе?» деген ойдың жетегіндегілер қаншама?!
Байқайсыз ба, еліміз тәуелсіздік алғанға дейін кәмелет жасына толып, бүгінде жігіт ағасына айналған азаматтардың өмірбаянына үңілсеңіз, екі жыл қатарынан одақтас елдер құрамындағы елдерде Отан алдындағы әскери борышын өтеген. Бұл – сол заманның қисаңдауға жол бермейтін темірдей тәртібінің нәтижесі. Қол-аяғы бүтін болса болды басқасына қарамай, қару асындырған сол заманның қатал заңын көксейтін де солар. Ал қазіргі жастарда бұрынғыдай емес еркіндік көп. Білім алса жетілікті деген ой екінің бірінің санасына сіңіп қалғаны соншалық, көбі оқысам, ақша тапсам, бай-бақуатты болсам деп еліктеушілікпен күн өткізуде.
Сонда қастерлі Отанды кім қорғап, алпауыт елдер арасындағы ұлан-ғайыр мына атырапты кім күзетпек?! Еліне, жеріне деген титтей де болса сүйіспеншілігі бар бүгінгі жастар соны да бір сәт ойлап қоюы керек. Дәл қазіргідей сын сағатта еліміздің тәуелсіздігі мен тыныштығын сақтап қалуда Қазақстан Қарулы Күштерінің құрамы толық әрі сенімді деңгейде болуы өте маңызды болып отыр. Бұған дейін де азаматтардың Отан алдындағы борышын өтеу мәселесіне келгенде тосырқап қалатыны немесе жауапкершіліктен жалтарып жататыны жасырын емес.
– Көптеген жас азаматымыз Қарулы Күштер қатарында әскери борышын өтеуден қашады. Әскери билетке ие болу жастардың мақтанышын тудырмайды және Отанға қызмет етудің белгісі саналмайтын болды. Армия қатарында қызмет ету, құқық қорғау саласында жұмыс істеу – айрықша миссия. Бұл – Отан үшін жанын салуға бел буған азаматтардың саналы таңдауы. Жастарымызды әскери борышын өтеуге қалай ынталандыруға болатынын біз бүкіл қоғам болып ойластыруымыз керек, – деді Президент.
– Байқаймын, қазіргі көп жастар әскерге барудан жалтарады. Оны бір құр босқа уақыт өткізу немесе мүмкіндіктерден қағылу деп ойлайтын шығар. Алайда кез келген жігіттің қолына қару ұстап, елдік мүдде жолында сапта тұруы абырой, ерлік, қала берді міндет екенін ұмытпауымыз керек. Қазір жастарға ермек көп. Ертеңгі өмірім не болады деп те бас қатырмайды. Ақша тапқысы келсе, кез келген жерде мүмкіндік бар. Тіпті мына қалта телефонымен де жатып алып ақша тауып жатқан жастар баршылық. Міне, сондай буын өсіп келе жатыр. Оларда әскерге бару немесе Отанға қызмет ету деген сынды патриоттық сезім жоқ болуы да мүмкін. Міне, біз ендігі жерде осы мәселеге ден қоюымыз керек. Үйде жатқан жас бала қайтсек өз еркімен әскер қатарына барады деген сұраққа жауап іздеуіміз керек.
Қоғам болып осы теріс қағиданың жолын кесіп, өсіп келе жатқан жас буынға жаңа мүмкіндіктер тарту етуіміз керек. Мысалы, әскер қатарына алынған азаматқа әскери ерлігіне сай әскери шен беріп, оның қоғам алдындағы статусын жоғарылату керек шығар. Ол әскер қатарында жүріп иеленген әскери шені арқылы көптеген есіктерге еркін кіріп, жаңа мүмкіндіктерге қол жеткізсе. Өз таңдауына сай жұмысқа кедергісіз орналаса алатын жағдай жасаса. Әлеуметтік статусына сәйкес түрлі жеңілдіктерге ие болса. Мұның бәрі үлкен өмірге енді қадам басқан жастар үшін үлкен мүмкіндік деп ойлаймын. Сонымен қатар мектеп қабырғасындағы оқушыларды түрлі шаралар өткізіп, отансүйгіштікке баулуды қолға алу керек.
Иә, әскер – өмір мектебі. Оның қазанында қайнап, сынағына шыңдалып шығу кез келген азамат үшін өмірлік олжа болатыны сөзсіз. Себебі әскерде тапсырма орындалуы керек. «Жоқ» деген олар үшін жарамсыз және қисынсыз жауап. Сонымен қатар әскерде болған азамат өмірде де проблемалармен бетпе-бет келгенде оны шешудің жолын іздейді. Кез келген сынаққа сынбайды, керісінше қарсы тұрады. Бүгінгі азаматтарда осындай қасиет байқала бермейді. Сол үшін үлкен өмірдің алғашқы баспалдағынан әр азамат өтуі керек.

Лаура МҰСАБЕКОВА,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close