Basty bet

Ерекше балалардың жанашыры

Қазіргі қоғамда әлеуметтік қызметкерлердің атқаратын рөлі ерекше. Әсіресе, мүмкіндігі шектеулі балаларға қамқорлық жасап, олардың өмір сапасын жақсартуға үлес қосатын мамандардың еңбегі өлшеусіз. Олар тек қызмет көрсетіп қана қоймай, әр баланың жүрегіне жылу сыйлап, өмірге деген сенімін нығайтады. Осындай мейірімді жандардың бірі – Зағипа Елгенбаева.
Зағипа Әкімбекқызы – өз ісіне адал, жауапкершілігі мол әлеуметтік қызметкер. Ол 2005 жылдан бері аудан әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің «Үйде күтім көрсету жағдайында арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығында» табанды еңбек етіп келеді. Осы жылдар ішінде ол талай баланың өміріне шапағатын тигізіп, олардың қоғамға бейімделуіне өз үлесін қосып жүр.
Әлеуметтік қызметкер ретінде ол қамкөңіл балаларға сегіз түрлі көмек көрсетеді. Олардың қатарында экономикалық, құқықтық, мәдени, медициналық, психологиялық, педагогикалық және еңбекке баулу қызметтері бар. Қажет болған жағдайда медициналық көмек ұйымдастырып, дәрігерді үйге шақырады немесе баланың емханада қаралуына жәрдемдеседі. Сонымен қатар, түрлі мәдени шаралар ұйымдастырып, балалардың қоғамның тең құқылы мүшесі болып қалыптасуына ықпал етеді.
«Мүмкіндігі шектеулі балалардың өмірден түңілмей, өздеріне сенімін арттыру үшін ата-аналарымен бірлесе отырып олардың қабілеттерін дамытуға тырысамыз. Балалары мүмкіндігі шектеулі болса да, оларды оқытып, дамытқысы келетін ата-аналар көп», дейді әлеуметтік қызметкер.
Зағипа Елгенбаева әр баламен жеке жұмыс жүргізіп, олардың физикалық және психологиялық дамуына ерекше көңіл бөледі. Ол балалармен серуендеп, түрлі оқу-жаттығу жұмыстарын өткізеді. Сандарды санау, ертегі оқу, түстерді ажырату сияқты танымдық тапсырмалар арқылы олардың ой-өрісін дамытуға ықпал етеді.
Қазіргі таңда ол бес мүмкіндігі шектеулі балаға қызмет көрсетеді. Әр баланың мінезі мен қажеттілігі әртүрлі болғандықтан, әрқайсысына жеке тәсіл қолданады. Сонымен қатар, балалардың ата-аналарымен және туыстарымен тығыз байланыста жұмыс істеп, өзара сенімге негізделген қарым-қатынас орнатқан.
Зағипа Елгенбаева өз мамандығы туралы ерекше ықыласпен әңгімелейді:
«Әр істің өз қиындығы мен қызығы бар. Еңбек етіп жүрген соң оның бәріне төзе білуің керек. Біздің салада еңбек ететін адамның адамгершілігі мол болуы қажет. Себебі, біз қызмет көрсететін балалар – ерекше жандар. Олармен қарым-қатынас өте нәзік, аса ұқыптылықты талап етеді. Бұл балалар өте сезімтал келеді. Олар бізді көргенде қуанып, күлімдеп қарсы алады. Әр баланың кішкентай жетістігі біз үшін үлкен қуаныш. Әсіресе, олардың «Апа, келдіңіз бе?» деген жып-жылы сөзін естігенде көңілім марқайып қалады. Шынымды айтсам, балаларды қимаймын. Олардың жүрегіндегі кіршіксіз тазалықты, маған деген сенімі мен «апалап» еркелегенін сағынатын боламын» дейді ол.
Зағипа Әкімбекқызының айтуынша, орталықтағы балалар әлеуметтік қызметкерлерді өз отбасының мүшесіндей көріп, бауыр басып кеткен. Мамандар бүлдіршіндердің әрбір мерекесіне ортақтасып, олардың есею кезеңдерін ата-аналарымен бірге бастан өткереді. Кейде әлеуметтік қызметкерлерге баланың жағдайымен қатар, ата-ананың да психологиялық күйіне назар аударуға тура келеді. Себебі, күнұзақ ерекше баланы бағып-қағу аналардың жүйкесіне салмақ түсіретіні жасырын емес.
Әр баланы өз баласындай баурап, олардың тағдырына бей-жай қарамайтын қызметкердің еңбегі өлшеусіз. Ол ерекше балалардың өмірден өз орнын табуына жол сілтеп келеді. Осындай жүрегі жылы мамандардың арқасында бүлдіршіндердің ертеңге деген үміті сөнбей, болашаққа деген сенімі арта түседі.
Зағипа Әкімбекқызы отбасында бір ұл, бір қыз тәрбиелеп, төрт немеренің сүйікті әжесіне айналып отырған ұлағатты жан.

Айгүл Қалымханқызы,
“Жаңа өмір”

Таңдаулы материалдар

Close