Basty bet
Көлбастау – ұлттар бірлігінің берекелі мекені
Қашанда халқымыз үшін ауыл – руханиятымыздың темірқазығы, ұлттық құндылықтардың алтын бесігі, береке мен байлығымыздың бастауы. Ауылдың таза ауасын жұтып, тұнық суын ішіп, көркем табиғатынан қуат алып өскен әрбір азамат өзі туған топырағын қадірлеп-қастерлеуге тиіс. Төрт түлігін түлетіп, егістігін жайқалтып, шаруасын өрге сүйреп отырған ауыл – бүтін бір елдің асыраушысы, қайнаған еңбектің және ұлттық руханияттың қайнар көзі.
Осындай татулық пен ынтымақтың жарқын үлгісін көрсетіп отырған елдімекендердің бірі – Мыңбұлақ ауылдық округіне қарасты Көлбастау ауылы. Бұл ауылда түрлі ұлт өкілдері бір шаңырақ астында өмір сүріп, өзара сыйластық пен достықты берік ұстанып келеді. Әсіресе, бір көшеде бірнеше ұлт өкілдерінің тату-тәтті тіршілік кешуі – ауыл өмірінің басты ерекшеліктерінің бірі.
Көлбастау ауылының тарихына үңілер болсақ, журналист Марат Құлибаевтың «Жұлдызы биік Жуалы» атты кітабында мынадай деректер келтірілген: «Көлбастау ауылы 1992 жылға дейін “Евгеньевка” деп аталып келген. Жалпы, бұл елді мекеннің негізі 1912 жылы қаланған. Ресейден жер ауып келген Евгеньев есімді кулак осы аймақтың шұрайлы жерлерін иеленіп, орыс поселкесін құрған. 1920 жылы ауылда алғашқы төрт жылдық бастауыш мектеп ашылған. Ел тәуелсіздігін алғаннан кейін, 1992 жылы ауыл атауы Көлбастау болып өзгертілді. 1930–1997 жылдар аралығында ауылдың атағы картоп өсірумен шықты. Бұл кезеңде картоп өсіретін ұжымшар Ленин атындағы совхоз болған. Тәуелсіздік алғаннан кейін ұжымшар таратылып, Көлбастауда және округ құрамындағы Талапты ауылында жүзге жуық ұсақ шаруа қожалықтары құрылған».
Тарихи кезеңдерді бастан өткерген ауыл бүгінде қарқынды дамып, көркейіп келеді. Мыңбұлақ ауылдық округінің әкімі аппараты мамандарының мәліметіне сүйенсек, ауылдағы 10 көшенің барлығы толықтай жарықтандырылып, жолдары асфальтталған. Қазіргі таңда ауылда 85 шаруа қожалық пен 120 жеке кәсіпкерлік тіркелген. Тұрғындар негізінен мал және егін шаруашылығымен айналысады.Сонымен қатар, мұнда шағын кәсіпкерлік те дамып келеді.
Ауылда №13 Ахмет Байтұрсынұлы атындағы орта мектеп, «Әсем достар» және «Балажан» бөбекжай-балабақшалары, ауылдық пошта торабы, кітапхана және мешіт жұмыс істейді. Сонымен қатар, бір газоблок шығаратын цех, бір диірмен және 10-ға жуық сауда дүкені тұрғындарға қызмет көрсетуде. Бүгінде Көлбастау ауылында 3 927 тұрғын тұрады. Оның ішінде, 154-і орыс, 109 әзірбайжан, 2 неміс және 3 кәріс ұлтының өкілі бар.
Ауыл тұрғындары кез келген істе бірлігі мен ұйымшылдығын танытып келеді. Олар ауылдың дамуы мен көркеюіне бағытталған бастамаларды үнемі көтеріп, ортақ іске белсене атсалысады. Соның жарқын мысалдарының бірі – былтыр ауыл тұрғындары мен кәсіпкерлерінің демеушілігімен «Құли баба» мешітінің жанынан асхана құрылысының жүргізілуі. Қазіргі таңда құрылыс қарқынды жүргізіліп, оны биыл аяқтау жоспарланып отыр.
Сонымен қатар, ауылішілік ауызсу құбырларын жаңарту жұмыстары қолға алынған. Бұл жоба тұрғындарды сапалы ауызсумен қамтамасыз ету мақсатында жүзеге асырылуда. Бұдан бөлек, ауыл тұрғындары спорт алаңшасын салу мәселесін жиі көтеріп келеді. Бұл ұсыныс алдағы уақытта жүзеге асырылатын жобалардың қатарына енгізілмек.
Ұзақ жылдар бойы көтеріліп келген маңызды мәселелердің бірі – ауылда мәдениет үйінің болмауы еді. Бүгінде бұл мәселе де оң шешімін тауып, ауылда жаңа мәдениет үйі ғимаратының құрылысы аяқталған. Бұл мәдени нысан ауыл тұрғындарының рухани өмірін дамытуға және көпшілік іс-шараларды өткізуге үлкен мүмкіндік береді.
Ауылдық округтің ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұхтар Тұрғымбековтың айтуынша, көлбастаулықтардың бірлігі мен татулығы әрдайым жоғары деңгейде.
– Ауылда өзге ұлттың өкілдері көп шоғырланған. Мұнда барлығы тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Олар үшін еліміздегі бейбітшілік пен тұрақтылық – ең басты құндылық. Қазақстанды өздерінің тарихи Отаны деп қабылдап, бір шаңырақ астында бейбіт ғұмыр кешіп жатқандарына дән риза. Ауылда үлкен-кіші бірлесіп, түрлі той-жиындарда, мерекелік дастарқандарда бас қосып, бір-бірінің қуанышын бөліседі. Бұл игі дәстүр үздіксіз жалғасып келеді. Аға буынның ізін жалғаған жастар да ауылдағы татулық пен ынтымақты сақтауға өз үлестерін қосуда,-дейді ол.
Көлбастау – тек берекелі шаруашылығымен ғана емес, ең алдымен, татулығымен танылған қасиетті мекен. Тарихтың талай белесінен өтіп, бүгінде заманауи келбетке ие болған бұл ауыл – «Бірлік бар жерде, тірлік бар» деген аталы сөздің дәлеліндей. Ұлттар достығы ұлықталып, еңбекқор халықтың ынтымағы жарасқан Көлбастау ауылы алдағы уақытта да еліміздің рухани және экономикалық дамуына үлкен үлес қоса беретініне сенім мол!
Айгүл Қалымханқызы,
“Жаңа өмір”