Basty bet
9 мамыр жеңіс күні құтты болсын !.Асқақ рухқа тағзым ету – азаматтық парыз!
Құрметті ардагерлер және тыл еңбеккерлері!
Қадірлі жерлестер!
Сіздерді биыл Ұлы Жеңістің салтанат құрғанына 81 жыл толуымен құттықтаймын!
9 мамырдағы Жеңіс – майдангерлер мен тылда қажырлы еңбек еткен азаматтардың жанқияр ерлігі мен еңселі елдік рухының және қайсарлығының жемісі.
Биыл біз Ұлы Жеңіс мерекесін 81-ші рет қарсы алып отырмыз. Бұл Жеңіс халқымыздың қажымас қайратының, батыр бабалар мен асыл аналардың ерлігі мен ерен еңбегінің арқасында келгені анық. Қасиетті де қастерлі Отаны үшін жанын беріп, өмірін қиған азаматтарды жыл сайын еске алып, олардың рухына тағзым ету – біздің басты парызымыз. Сұрапыл соғыс жылдары майданға елімізден 1,5 млн-ға жуық адам шақыртылып, 600 000-нан астам қазақстандық қаза тапты. Қазақ жерінен 12 атқыштар дивизиясы, 4 кавалериялық дивизия, 7 атқыштар бригадасы және 50 жеке полк құрылды.
Батыр бабалардың ізін жалғаған жерлестеріміз ерліктің үлгісін әлемге танытты. 528 қазақстандық Кеңес Одағының батыры атанып, 110 000 адам «Даңқ» орденінің иегері атануы – осының айқын дәлелі. Олардың ішінде, Кеңес Одағының 2 дүркін батырлары ұшқыштар – Талғат Бигелдинов, Леонид Беда, Сергей Луганский және Иван Павловтар бар. Сондай-ақ, жауынгер-жазушылар, Кеңес Одағының батырлары Бауыржан Момышұлы, Мәлік Ғабдуллин, Батыр-аруларымыз Әлия Молдағұлова және Мәншүк Мәметованың ерлігі бір төбе.
Елдік пен ерлік сыналған сол бір сын сағаттарда Кеңес әскерлерінің сапында соғысқан жуалылық жауынгерлер де ерліктің ерен үлгісін көрсетті. 1 500 жуалылық жауынгер соғыста көрсеткен ерліктері мен батырлығы үшін КСРО Үкіметінің наградаларына ие болғаны белгілі. Солардың ішінде, гвардия полковнигі Бауыржан Момышұлы, генерал-лейтенант Дмитрий Ковешников, Дмитрий Пахомов, Владимир Вишневецкий, Федор Кердань Кеңес Одағының Батыры, ал Тайыр Тастандиев «Даңқ» орденінің толық иегері атанды. Бұл – жас ұрпақ үшін үлкен мақтаныш.
Ардақты жуалылықтар!
Баршаңызды Ұлы Жеңіс күні мерекесімен шын жүректен құттықтай отырып, Тәуелсіз елімізге бейбіт өмір, отбасына амандық, өңірдің дамуына сәттілік пен толайым табыстар тілеймін!
Ізгі тілекпен, Жалғас МҰРТАЗА,
аудан әкімі